Перинаталдық орталықтардағы талаптар күшейтілді

Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі перинаталдық орталықтар мен перзентхана бөлімшелерінің санитарлық және инфекциялық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексерді.

Жалпы 84 медициналық ұйымның 82-сі бақылау шараларымен қамтылып, оның ішінде 35 перинаталдық орталық пен 47 перзентхана бөлімшесі тексерілді. Нәтижесінде 81 санитарлық нұсқама берілді.

Тексеру барысында 29 медициналық ұйымда дезинфекциялық және стерилизациялық режимнің бұзылғаны анықталған. Сонымен қатар мамандар инфекциялық қауіпсіздік талаптарының сақталуына, желдету мен сумен қамтамасыз ету жүйелерінің жағдайына, сондай-ақ инфекциялық бақылау қызметтерінің жұмысына назар аударды.

Министрлік анықталған кемшіліктерді жоюды өңірлік деңгейде бақылауды тапсырды. Облыстық және қалалық денсаулық сақтау басқармалары медициналық ұйымдардағы заңбұзушылықтардың жойылуын ай сайын қадағалап, олардың санитарлық-техникалық жағдайын белгіленген талаптарға сәйкестендіруі тиіс.

Мұндай бақылау шаралары ең алдымен ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Әсіресе перзентханалар мен перинаталдық орталықтарда санитарлық тәртіптің сақталуы инфекциялық қауіптердің алдын алуда маңызды.

Тексерулер кезең-кезеңімен жалғасады. Келесі кезекте Денсаулық сақтау министрлігі балалар ауруханаларының жағдайын бағалайды. Одан кейін бақылау шаралары алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымдарды қамтиды.

Министрлік үшін медициналық ұйымдардың санитарлық-техникалық жағдайын жақсарту мен инфекциялық бақылауды күшейту – халыққа сапалы әрі қауіпсіз медициналық қызмет көрсетудің маңызды шарттарының бірі.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»