«Алтын күз» – мейірімділікке толы қайырымдылық жәрмеңкесі

Күздің әрбір жапырағы жылылықты сездірсе, қайырымдылықтың әрбір қадамы бір жүрекке үміт сыйлайды. Бір балаға көмек көрсету үшін бір жерге топтасқан кішкентай жүректердің үлкен ісі – мейірімділіктің жарқын көрінісі. 23 қыркүйек күні «Бақыт» бөбекжайы» КМҚК-да өткен «Алтын күз» қайырымдылық жәрмеңкесі ата-аналар мен балаларды ізгілік жолында біріктірді. Күз – молшылық пен берекенің мезгілі.

Табиғаттың алтын түске боялған осы бір әсем шағында балабақшада ерекше мәнге ие қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге балабақша тәрбиеленушілері, ата-аналар мен ұжым мүшелері белсенді қатысып, ортақ іске өз үлестерін қосты.Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – кішкентай Ибрахимге емделуіне қажетті көмек көрсету және оған қолдау білдіру болды. Сонымен қатар шара арқылы бүлдіршіндердің бойына мейірімділік, жанашырлық, қамқорлық және өзара көмек сияқты адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру көзделді.Жәрмеңкеге қатысушылар арнайы дайындықпен келген. Сөрелерде күздің берекесін білдіретін түрлі жемістер мен көкөністер, ата-аналар мен балалардың сүйіспеншілікпен дайындаған тәтті тағамдары орналастырылды. Түрлі бәліштер, тәттілер мен үй тағамдары жәрмеңкеге келгендердің назарын аударды. Әрбір тағамның артында ата-ананың еңбегі мен балаға деген қамқорлығы тұрды.Шараның тағы бір ерекше бөлігі – балалардың қолөнер бұйымдары. Бүлдіршіндер өз қолдарымен жасаған түрлі шығармашылық жұмыстарын көпшілікке ұсынды.

Түрлі түсті қағаздардан жасалған бұйымдар мен күз тақырыбындағы жұмыстар балалардың қиялы мен шығармашылық қабілетін көрсетті.Ата-аналардың жәрмеңкеге белсенді қатысуы да ерекше атап өтуге тұрарлық. Олар балаларына үлгі көрсетіп, қайырымдылықтың сөзбен емес, нақты іспен жасалатынын көрсетті. Бірі тағам дайындаса, енді бірі қолөнер бұйымдарын әзірлеуге көмектесті. Осылайша ата-ана мен бала бірлесіп еңбек етіп, ортақ игі іске атсалысты.Жәрмеңке барысында мерекелік көңіл күй де ерекше сезілді. Балалар үшін түрлі қызықты сәттер ұйымдастырылып, жылы әрі достық атмосфера қалыптасты.

Балабақша іші күлкіге толып, ата-аналар мен тәрбиешілердің бір-біріне қолдау көрсеткені байқалды.Ізгі шараның нәтижесінде жәрмеңкеден барлығы 360 000 теңге қаражат жиналды. Жиналған қаражаттың толық сомасы кішкентай Ибрахимнің ата-анасына табысталып, оның еміне жұмсауға берілді. Бұл – жәрмеңкеге қатысқан әрбір адамның ортақ іске қосқан үлесінің нәтижесі. Әрбір сатып алынған тағам, әрбір алынған қолөнер бұйымы Ибрахимге деген жанашырлық пен ақ тілектің белгісіне айналды.Жиналған қаражат Ибрахимнің еміне септігін тигізіп, денсаулығының жақсаруына себеп болсын.

Кішкентай Ибрахимге Алла шипасын беріп, еміне дауа, дертіне шипа берсін! Ата-анасына күш-қуат пен сабыр, ал балақайға ұзақ ғұмыр мен мықты денсаулық тілейміз.Осы игі іске атсалысып, жәрмеңкенің жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан «Бақыт» бөбекжай әкімшілігіне, бала тәрбиесіне өз үлесін косып әр баланың жүрегіне жол тауып, бағыт- бағдар беріп жүрген бөбекжай директоры Ныгыметова Зибагуль Тұрсынқызына, әдіскер Джумажанова Динара Омаргалыевнаға, және барлық әріптестер мен  ата-аналарға шын жүректен үлкен алғысымызды білдіреміз! Әрбір жасаған жақсылықтарыңыз бен көрсеткен қолдауларыңыз – бір отбасы үшін үлкен демеу, бір бала үшін үлкен үміт. Осындай мейірімділік пен ауызбіршілік әрдайым жалғасын тапсын!«Алтын күз» жәрмеңкесі бір күндік шара болғанымен, оның тәрбиелік мәні әлдеқайда терең. Ол адамдарды ортақ мақсатқа біріктіріп, жақсылық жасауға шақырды. Әр адамның қосқан үлесі көлеміне қарамастан, бір баланың өміріндегі маңызды қолдауға айналуы мүмкін екенін көрсетті.Қайырымдылық – міндет емес, жүректің қалауы. Жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды. Ең бастысы – оның шын жүректен жасалуы. «Алтын күз» жәрмеңкесі сол жүрек жылуының нақты көрінісі болып, бір балаға үміт, бір отбасыға қолдау сыйлады

Секей Жолжарык Кызметханқызы,

КМҚК «Бақыт»бөбекжайы  ортаңғы «Ұлан» тобының тәрбиешісі