Қарағандылық спортшылар Азия ойындарында сегіз медаль жеңіп алды
Қарағанды облысының спортшылары Азия ойындарында сәтті өнер көрсетіп, Қазақстан құрамасының қоржынына сегіз қола медаль қосты. Жүлдегерлер қатарында ММА, семсерлесу, жеңіл атлетика, ескек есу, батутта секіру және көркем жүзу өкілдері бар.
Қарағанды облысы үшін аралас жекпе-жектен алғашқы медальдің алынуы ерекше нәтиже болды. Қола жүлдені қарағандылық спортшы Санжар Әділов жеңіп алды. ММА жазғы Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізілгендіктен, Санжар Әділов бұл спорт түрінен құрлықтық додада жүлдеге ие болған алғашқы қазақстандық спортшылардың бірі атанды.
Семсерлесуші Артем Саркисян Қазақстан құрамасына екі қола медаль сыйлады. Қарағандылық спортшы «сабля» сайысында жеке жарыста да, командалық есепте де жүлдегер атанды.
Жеңіл атлетикадан Алина Чистякова жетісайыс бойынша үшінші орынға ие болып, өңір қоржынына тағы бір қола медаль салды.
Теміртау қаласының спортшысы Дмитрий Холмогоров та Азия ойындарында жүлдеге қол жеткізді. Байдаркамен 500 метр қашықтыққа жүруден өткен финалдық жарыста ол мәреге үшінші болып келді.
Батутта секіруден Қарағанды облысының өкілі Ерлан Тасмағамбетов қола медаль жеңіп алды. Суперфиналда спортшы 54,69 ұпай жинап, үшінші орынға тұрақтады.
Көркем жүзуден Қазақстан құрамасы екі қола жүлде иеленді. Жұптық жарыста Наргиза Болатова мен Ясмин Туякова техникалық және еркін бағдарламалардың қорытындысы бойынша 565,7326 ұпай жинап, үшінші орынға ие болды. Ал аралас командалар арасындағы жарыста Қазақстан құрамасы 216,7961 ұпаймен қола жүлдені еншіледі.
Қазақстанның аралас құрамасында Наргиза Болатова, Виктор Друзин, Айгерим Құрманғалиева, Карина Магрупова, Ксения Макарова, Анна Павлецова, Валерия Столбунова, Ясмин Тұяқова, Даяна Жаманшалова және Жаклин Якимова өнер көрсетті.
Осылайша, Қарағанды облысының спортшылары Азия ойындарында әртүрлі спорт түрлерінен жүлдеге ілігіп, Қазақстан құрамасының медаль қоржынына сегіз қола жүлде қосты.
Жанайым ЖАЛҒАС,
«QH»

