Құрмет міндетке айналмауы керек

Мұғалімдер күні қарсаңында Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға маңызды ескерту жасады. Педагогтерге гүл сыйлау міндетке немесе сыныптар арасындағы жарысқа айналмауы тиіс.

Ведомство гүл сыйлау – ұстазға деген құрметті білдіретін жақсы дәстүр екенін атап өтті. Алайда мұнда басты мәселе гүл шоғының бағасы емес, мұғалімге көрсетілген ықылас пен алғыс.

Министрлік білім беру ұйымдары ата-аналардан гүл немесе сыйлық алуға ақша жинауды ұйымдастырмауы керектігін ескертті. Сондай-ақ мектептер мен балабақшалар мұндай бастама көтеріп, сыйлықты ата-аналар үшін міндетті талапқа айналдырмауы тиіс.

Гүл сатып алу туралы шешім әр отбасының өз еркінде болуы керек. Мұғалімді құттықтау ата-аналарға қосымша қаржылық салмақ түсірмей, шынайы құрмет пен жылы лебізге негізделгені маңызды.

Айта кетейік, Қазақстанда Мұғалімдер күні жыл сайын 5 қазанда атап өтіледі. Бұл дата 2023 жылы Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендіру мақсатында ресми түрде бекітілген.