Психо-медициналық — педагогика орталығы ашылды

Қарағанды облысы ерекше күтімді қажет ететін, мүмкіндігі шектеулі балалар саны жағынан ел бойынша алғашқы үштікке енеді. Өңірде бүгінгі күні мүгедектігі бар 14 мыңға жуық бала тіркелген. Оның ішінде психо- неврологиялық дертке шалдыққандар көш бастап тұр. Мамандар бүлдіршіндердің денсаулығын ерте бастан қаратып, қай жаққа бейімі жоғары, ал қай жақ бойынша денсаулығында кінәраты бар екенін анықтау аса маңызды екенін айтады. Осы бағытта Қарағанды облысында бесінші психологиялық- медициналық-педагогикалық кеңес орталығы ашылды. Оған қазірдің өзінде 100-ге жуық бала келіп қаралып жүр. Бұл, негізінен, Әлихан Бөкейхан ауданы тұрғындарына арналған. Жақын арада осындай орталық Шахтинск және Сәтбаев қалаларында да ашылады деп жоспарланып отыр. Орталық жылына бір мыңға жуық балаға интенсивті бақылау жүргізіп, диагноз қоюға мүмкіндік береді.

2022 жыл балалар жылы деп жарияланғаны белгілі. Ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларға білім беру мәселесі басты назарда. Облыста балалардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында арнайы және инклюзивті білім беру инфрақұрылымы дамуда. Бағыттардың бірі — психологиялық- медициналық-педагогикалық консультациялар желісін кеңейту. Бүгінгі таңда облыста 4 ПМПК жұмыс істейді. Алғыс айту күніне орай № 88 жалпы білім беретін мектеп базасында «№ 5 Қарағанды облыстық психологиялық- медициналық-педагогикалық кеңесі» КММ өз қызметін бастады. Орталықта 18 жасқа дейінгі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар тексеруден өтіп, кеңес ала алады.

Сондай-ақ ПМПК-да кедергісіз орта құрылған: табалдырықтар жоқ, пандустар, тактильді жолдар, тұтқалар, мамандар құрамы жасақталған. Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы кабинеттерде балаларды тексеру және оларға кеңес беру үшін қажетті жабдықтар мен диагностикалық әдістемелер бар. «Бүгінгі күні бізде мүгедектігі бар 14 мыңға жуық бала бар. Психологиялық- медициналық-педагогикалық консультация — балаларға тексеру мен кеңес беруді, ерекше білім беру қажеттіліктері мен білім алу үшін қажетті жағдайларды бағалауды жүзеге асыратын арнайы білім беру ұйымы. Мұнда баланы толық қарап, кейін оны әрмен қарай қай бағытқа, қандай оқу орындарына жіберу керек екенін анықтайды. Келер жылы осындай тағы бір орталық ашылып, ішкі сұраныс толық жойылатын болады», — деді Білім беру басқармасының арнайы және инклюзивті білім жөніндегі бас маманы Людмила Гавриленко.

 Өз тілшімізден