Қолы ашықтың – жолы ашық
Қарағандыда қарттар үйін ашу үшін өз үйін сатқан қайсар жан бар. 70 жанды паналатқан Ләззат Мусинаның өзі пәтер жалдап тұрады. Кең жүрек иесінің өмір жолы ерекше.
Ләззат бүгінде 5 балаға ана, 70 адамға пана болып отыр. Негізгі мамандығы заңгер. «Киелі шаңырақ» қамқорлық орталығын ашу идеясы оған сол салада жүргенде келген. Алғашында ол тұрғындарға тегін заңгерлік көмек көрсеткен. Кейін құжаттары түгенделмегендерге үй жалдап берген. Жәрдем сұрап келушілер саны көбейген кезде үлкен мекеме ашуды шешкен.
– Ол кісі қазір бізде тұрып жатыр, фамилиясын айтпай-ақ қояйын. Өзінің көршісінен зорлық көрген. Сол кісіні өзі зорлыққа тап болған жерінен алып кету керек болды. Оны енді мен өз отбасыма алып келе алмаймын ғой, бөтен адам. Сондықтан бастапқыда бір үйді тауып жалдадық. Сол екі ортада қыс түсті. Оны естіп тағы бір адам келді. Баратын жері жоқ, пәтерін алаяқтықпен алып қойған. Сонымен адамдар келе бастады. Әр нәрсенің бір қайыры болады ғой, осындай жұмыс басталып кетті, – деп есіне алады «Киелі шаңырақ» қамқорлық орталығының құрылтайшысы Ләззат Мусина.
«Киелі шаңырақ» алғашқы 4 жылда көшпелі орталық болған. Осы уақыт аралығында Ләззат пен күйеуі Әсет бірнеше жалдамалы пәтер ауыстырып үлгерген. Қазіргі үйінен банк бір күнде қуып шықпақ болғанда оны сатып алуды шешкен. Дегенмен ол үшін Әсет Мусин шаруа қожалығын, ал отбасы өз үйін сатуына тура келген. Қалған жетпеген қаржының несиесін олар әлі төлеп отыр.
– Сөздің қысқасы, басында ойда жоқ кезде малымызды саттық, фермамызды саттық. Жетпеген ақшаны былай да былай іздеп көрдік болмады. Несие алайық десек оған шамамыз келмейді екен, ай сайын 3 миллион төлеу керек. Содан кейін Ләззат тұрып жатқан үйімізді сатайық, деді. Содан екі этажды пентхаусымыз бар соны сатайық, дедік. Басында мен қарсы болдым, себебі, бес баламен қайда барамыз? Оңай емес қой. Бірақ таразыға салғанда 5 адаммен қалай, 50 адаммен көшкен қалай, дедік те мен рұқсатымды бердім, – дейді «Киелі шаңырақ» қамқорлық орталығының директоры Әсет Мусин.
Сарқыт апа Қарағандының тумасы. Оншақты жыл бас қалада баласының қолында тұрған. Кейін көпқабатты үйден шаршап әрі туған жерін сағынып қалаға оралған. Дегенмен 70-тен асқан қарияның 7 жылдан бері көзі көрмейді. Қазір өз қатарластарымен «Киелі шаңырақ» қарттар үйінде тұрады.
– Ләззаттың адамгершілігі өте жоғары, бәріне қамқор болып жүреді. Кейбір орталық қарттарды алатын зейнетақысына қарап қабылдайды. Ал мында тіпті құжатсыз адамдар бар. Туған-туысқандары бас тартқандар бар. Олар жағдайымызды сұрап асты-үстімізге түсіп жүреді. Әсет кейбірінің астын жуып, памперсін ауыстырған кездері болған. Өз басым бұл жерден кеткім келмейді, қатарластарым бар, жағдайым жақсы, – дейді қомқорлық үйінің тұрғыны Сарқыт апа.
Қарттар үйіне келушілер саны артып келе жатқандықтан олар үлкен орталық ашуды армандайды. Бірнеше жылдан бері ғимарат салар жер сұрап әкімдіктің табалдырығын тоздыруда.
– Біз жер мәселесін сұрап Астанаға да бардық, «1001 түн» бағдарламасына да түстік. Осындай бір жер беріңдерші біз өз күшімізбен сол кісілерге ғимарат саламыз, деп. Ол ғимартты біздің атымызға бермей-ақ қойсын, мелекеттік атына берейік, дедік. Енді жер бұйырмады. Бір жерді Күнгей жақта Таудың ең басынан беріпті. Оны енді бізде қарттар болғаннан кейін не жедел жәрдем бармайды, не су, свет жоқ. Біз қалай ол жерге ғимаратты саламыз, – дейді Әсет Мусин.
Бүгінде Ләззат пен Әсет бес баламен бір бөлмелі жалдамалы пәтерде тұрады. Ішкі арпалыстарына қарамастан қайсар шешім қабылдаған Ләззат титтей де өкінбейтіндігін айтады.
– Бірінші рет жалдамалы үйде қонған күні таңертең тұрсам, менің кішкентай қызым домалап барып столдың астына кіріп кетіпті. Полда ұйықтап жатыр. Содан көңілім босап, жылап, мен өз мүддемді ойлап, бұл эгоизм болды ма қалай? Мен балаларымды неге ойламадым деп күйзеліске түсіп қалдым. Бірақ артымда тұрған 50 адамды ойлағанда бірден есімді жинап алдым. 50 адамның көшкені қалай, 5 адам көшкені қалай дедім, – дейді қамқорлық орталығының құрылтайшысы Ләззат Мусина.
Бұл Ләззат Мусина ашқан жалғыз орталық емес. Қарттар үйінен бөлек аналар мен балаларға арналған мекемесі бар. Онда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары мен құжатсыз көшеде қалған әйелдер тұрады.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»