Өнер жолына саяхат

Бүгінде жетіген аспабы көптен ұмыт болып кеткен аспаптардың бірі екені бізге тарихтан мәлім. Ерте кезде, біздің заманымызға дейінгі 3000 жылдарда, ежелгі шумер халықтары арасында пайда болғаны жөнінде деректер бар. Сирек қолданылатын осы аспапты қайта жандандырып, Қазақ еліне таныстырған – этнограф, зерттеуші, ғалым, музыкатанушы Болат Шамғалиұлы Сарыбаев.

Сол ұрпақтан-ұрпаққа жеткен көне аспаптың сиқырлы үнін халыққа жеткізу, басқа елдерге таныстыру жолында Қарағанды қаласындағы «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің бұл күндері есепсіз еңбек жасап келе жатқан жетігеншісі Тілеужан Қордабаеваның өнердегі шығармашылық жолына саяхат жасамақ ниеттеміз.

Киелі Қарқаралы перзентінің бала кездегі арманы көп еді. Әнші, актриса, тіптен журналист болғысы келді. Аудан орталығында ғалым Орымбек Жәутіков атындағы №1 орта мектеп қабырғасында оқып жүргенде ән шырқап, би билеп, сурет салуға машықтанып, өлең шығаруға әуес болды. Жалпы, өзін қазақпын деген әр кісінің шаңырағында, төрінде домбыра тұрады ғой. Тілеужанның балауса шағында үйінде кәдімгі домбыра және өзіне арнайы сатылып алынған кішкентай домбыра бар тұғын. Қос ішекті аспапты сүйемелдей бастады. Оның үстіне, атасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Жүмәділ Қордабаев ақсақал, гармоньның құлағында ойнайтын. Жас қыздың өнерге еліктеуі осы кезден бастау алған болуы керек.

Күндердің күнінде сөйтіп жүріп талапты балғын 6 жасында, шамамен 1992 жылы, Қарағанды облыстық телерадиокомпаниясының түсірілім студиясына балалармен ертегі қойылымын қойып, жасындай жарқырайды. Осылайша теледидарға шығуына мектептегі тәрбиеші ұстазы Бибігүл Мұқанова себепкер болса, сахнада ән айтуға Толқын Медеубаева оқытушысы баулыды. Ал ең алғаш аспаптық орындаумен таныстырып тәлім берген, қандай музыкалық аспапта болмасын шебер орындауды үйреткен Қарқаралы қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы (сол кездегі атауы) өнер мектебіндегі ұстазы Шалғынбай Күзенбаев болды. Сөйтіп, уақыт алға сырғып, өнерлі өрен 2000-2005 жылдары Тәттімбет атындағы өнер коледжінде ойдағыдай жақсы білім алады. Дәулескер күйші бабамыздың атындағы білім ордасында Меруерт Ибраева, Шолпан Әмірова есімді ұстаздардан прима қобыз және дирижерлік класс бойынша сабақ алып, талабын одан әрі шыңдай түседі. Қобыз тартып жүргенде, 2004 жылы Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік жанынан «Арқа сазы» фальклорлық ансамблі ашылады. Ол кезде Тілеужан Қанатбекқызы жетіген аспабының қыр-сырымен жіті танысып, ойнап үлгермеген еді. Аталған ұлттық аспапқа қызығушылығын арттыруға және үйретуге ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Тәттімбет атындағы халық аспаптары оркестрінің дирижері Әбуғалисын Шоқанбаев ұйытқы болады. Алғашқы ұстазы марқұм Гүлжамила Авилхан жетігенді тұңғыш рет тартуды үйреткен еді. «Қазіргі таңда тамаша жетігеншілер дайындап, біздерге өнеге беріп жүрген ардақты ұстазымыз Нұргүл Жақыпбектің есімін ерекше атап өткім келеді», – дейді дара талант иесі. Тілеужан Қанатбекқызы – көптеген облыстық, республикалық, халықаралық дәрежедегі өнер сайыстарының лауреаты. Тізбектесек, 2007 жылы халықаралық «Шабыт» фестивалі, 2015 жылы «Art rainbow», 2016 жылы «Гармония» мен «Еуразия жұлдызы», 2019 жылы «Шабыт шаттығы» сынды байқаулардың лауреаты атанды. «Арқа сазы» ансамблінің құрамында әлемнің біраз жерін аралап, Германия, Франция, Швейцария, БАӘ, Түркия мемлекеттерінде өнерін дүйім жұртқа паш етіп, шетелдік көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Нәзік жанды талантты ару жетігеннен басқа прима қобыз, қылқобыз, шаңқобыз бен сазсырнай аспаптарын нақышына келтіріп орындайды. Ал қалған домбыра, шертер секілді аспаптармен өз қызығушылығымен танысқан. Әлбетте, өз білгенімен бөлісу, оны басқаларға үйрете білу – жетігенші үшін үлкен мәртебе. Тілеужан Қанатбекқызы шәкірт тәрбиелей отыра, біліктілігін арттыра түсіп, әрі өзі де үйренеді. Ол тәрбиелеп жатқан әр шәкіртін алтынмен тең көреді. «Өнер деген ерекше, әдемі де нәзік әлемді танып білсе екен, соңымнан ерген оқушылар көп болса екен деймін», – деп бізбен салиқалы «Өнер жолына саяхат» әңгімесін түйіндеді Тілеужан Қордабаева ханым. Біз де өз тарапымыздан өнерге қошеметпен, қадірмен қарайтын көпбалалы отбасының шырағын маздатып отырған отанасы, қазақтың дәстүрлі жетіген аспабын бұқараға жоғары деңгейде насихаттап келе жатқан, болмысы өнерге тұнған қарындасымызға тек сәттілік жанына серік болсын дейміз.

Дархан УӘЛИЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі