Өнер ұстаханасында – мерейлі мерейтой

Арқа мәдениеті мен өнерінің ұстаханасына айналған Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің ашылғанына биыл 70 жыл толып отыр. Осы бір айтулы мерейтойға орай Кеншілер мәдениет сарайында салтанатты кеш өтті. Кешке облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова бастаған зиялы қауым өкілдері, колледж ұжымы, студенттер мен қала тұрғындары қатысты.

Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов осы оқу ордасынан есімі елге ғана емес, күллі әлемге танымал өнер майталмандары шыққанын айта келе, колледж ұстаздары мен студенттеріне ізгі тілегін жеткізді. Сондай-ақ облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтаухатын табыстады.

Әрине, білім ошағының тарихы туралы сөз болғанда, оның үш бірдей іргелі білім ошағын біріктіріп тұрғанын да атап өткен жөн. 1997 жылы оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп, Тәттімбет атындағы Қарағанды музыка училищесі, Қарағанды мәдениет колледжі және Теміртау қаласындағы музыкалық училище біріктіріліп, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің іргесі қаланған болатын. Десек те бұл үш оқу ордасының ең ірісі – Тәттімбет атындағы Қарағанды музыкалық училищесі. Оның тарихы 1952 жылдан басталады. Сондықтан білім ошағының өткенін сол уақытпен өлшеу туралы шешім қабылданған.

– Өнер ордасының негізін тағдыр жазуымен Қазақстанға келген бірсыпыра шетел азаматы қалады. Қазір Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жақсыгелді Кемалов, Әбуғалисын Шоқанбаев сынды ұстаздарымыз қызмет атқаруда. Студенттеріміз – республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаты, орданың мерейін асырып жатыр. Бүгінде колледжде «Кітапхана ісі», «Әлеуметтік-мәдени қызмет», «Аспаптық орындау», «Хорды дирижерлеу», «Музыка теориясы», «Вокалдық өнер», «Хореографиялық өнер», «Актерлік өнер», «Халықтық көркем шығармашылық» сынды 9 мамандық бойынша 600-ден астам шәкірт білім алуда. Биыл 70 жылдыққа орай облыс көлемінде 5 концерт берілді. Конференциялар, семинарлар ұйымдастырылды. Бүгінгі гала-концерт – соңғы, қорытынды концерт, – дейді колледж директоры Бауыржан Ермұхамбетұлы.

Колледждің 70 жылдық мерейтойына орай білім ордасының ардагер педагогтеріне мерейтойлық медаль табысталды. Мерекелік концерт Марат Сутюшевтің әні және колледж студенттері Майда Жұмашқызы мен Айдын Еренғайыповтың сөзіне жазылған колледж гимнімен түйінделді.