Мүгедектер мәселесі қашан да өзекті

Қамқорлыққа алынғандардың зейнетақылары мен жәрдемақыларын қымқырғаны үшін Абайдағы қарттар үйінің басшысы қамауға алынды. Бұл фактіні облыстың Экономикалық тергеу департаменті қадағалауда. Тергеушілер тергеу барысын егжей-тегжейлі жарияламады. Бірақ, бұған дейінгі мәліметтер бойынша, жымқыру схемасына қарттар үйінің басшысы мен әлеуметтік қызметкерлері және «Қазпошта» филиалы бөлім бастығының қатысы бар екені белгілі болған. Бес жыл бойы олар зейнеткерлер мен мүгедектерге тағайындалған жәрдемақыны өздері алып, қылдай бөлісіп келген. 18 қаңтарда Абайдағы пәтерлердің бірінде қылмыскерлер кезекті рет ұрланған 1 миллион 300 мың теңгені өзара бөлісу сәтінде қолға түсті.

Экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел өкілі Зарина Құсманова бұл туралы былай деп ресми ақпар берді:

— ҚР Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 3-тармағында көзделген қылмысты жасады деген күдік бойынша Қарағанды облысының қарттар үйлерінің бірінің басшысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. 2022 жылғы 17 наурызда Қарағанды облыстық соты басшыға қатысты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

Абайдағы қарттар үйіндегі жағдайы мүшкіл, кембағал жандарды тонаушылар осылай тұтылып жатқанда, Қарағандыда да мүгедек жандардың мұңы айтылды. Нақты атқанда, денсаулығы сыр беріп, мүгедектік тағайындалған жандар үшін оңалту ісі оңайға соқпай тұр. Негізінде, мұндай қозғалысы қиындаған жандар үшін Қарқаралыда арнайы қызмет көрсететін мемлекеттік негіздегі оңалту орталығы бар. Алайда соған жету мұңға айналған. Өйткені ол орталыққа қабылдану үшін медициналық тексеруден өту керек. Дәл осы тұсқа келгенде онсыз да тағдырынан теперіш көрген жандардың тауы шағылады екен. Себебі арнайы жолдама әзірлеуші емханалардың біріне кадр тапшылығының салдары тисе, енді бірінде ұзын сонар кезек қажытады. Осындай келеңсіздік кесірінен өзіне тиесілі оңалтудан оңтайлы өтпей қиналып жүрген мүгедек жанның бірі Ильмира Рамазановаға 13 жыл бұрын ІІ топтағы мүгедектік тағайындалған. Денсаулығында айтарлықтай қиындығы болғандықтан, ол жыл сайын оңалту ем-шарасын алып отыруы тиіс. Алайда соңғы 4 жылда бірде-бір рет оңалту ала алмаған. Себебі медициналық тексеруден уақытында өте алмайды. Ильмираның айтуынша, оңалту орталығына кезекке тұрар бұл медициналық тексерісті он күнде өтіп шығу мүмкін емес. Сарандағы емханада сарылып кезек күтіп көрген, ол серіктес қалада терапевт-дәрігер жетіспейді. Сол себепті оны бір апта күтсең, одан кейін невропатологті тағы күтесің. Осылайша бірнеше маманнан өткенше «оңаламын» деген ойыңнан айнитындай қажисың.

Мамандардың бір бөлігі тек Қарағандыда орналасқан және басқа қалалар мен ауылдардың тұрғындары сол мамандарға жету үшін көптеген шақырымды артқа тастауға мәжбүр. Осынша мехнат көріп, онсыз да оңбаған денсаулықтарын оңалту жолы жеңіл еместігін айтқан мүгедектігі бар адамдар мамандардың дәрігерлік талдаулары мен қорытындыларының бір бөлігін қысқартуды сұрайды.

Қарқаралыдағы оңалту орталығы мемлекеттік емдеу мекемесі саналады. Облыстағы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының балансында тұр. Бұл жердегі толассыз кезекті басқарма да мойындауда. Бастапқыда ол І-ІІ топтағы мүгедектер үшін жасақталған. Бірақ қазір ол жерде өздерінің күтіміне қауқары жетпейтін зейнеткерлер мен ковид салдарынан денсаулығына соққы алған адамдар да емделеді. Орындар саны 2021 жылы 64-тен 84-ке дейін өсті. Бірақ мұның өзі мәселенің шешімі болмаған. Сонымен қатар пациенттер қолайсыздыққа шағымдана бастады.

Қарағанды облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Ерсін Сәкеннің айтуынша, қазіргі кезде бұл мәселенің өзекті екені рас. Сол себепті басқарма тарапынан қаралып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұсыныс айтылған. Осыдан кейін мүгедек жандардың базынасы ескеріліп, арнайы бұйрыққа өзгерістер енгізілген. Онда жоғарыда аталған медициналық картамен тексерістен өту шартын жеңілдету қарастырылған. Нақты айтқанда, бұрындары бұл тексерістен өту мерзімі бір айдан асып кетсе, ол жарамсыз саналып, орталыққа бару үшін оны қайта өту машақатты болған. Қазір бір мәрте ғана өтсе жеткілікті.

Енді осы бұйрықтағы өзгеріске сәйкес, емханаларда пациенттерге қолдау көрсету қызметіне жүгіну қажет, олардың міндеті — пациенттердің проблемаларын бірден біржақты ету

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ, «QH»