Ұлттық тәрбиенің ұлы мұраты

Қазіргі кезде ұлттық интеллигенция өкілдерінің жан ауыртар уайымына айналған үлкен мәселелердің бірі ұлы мұраттарға жол ашар ұлттық тәрбие сабақтастығының үзіліп, жас ұрпақтың өзгеше мінез-құлықпен өсіп-жетіліп келе жатқаны болып отыр. Әрине, тілі мен дәстүрінен біржола ажыраудың аз-ақ алдында тұрған кеңестік кезеңмен салыстырғанда жас буынның санасында еркін ойлар мен ұлттық руханият кеңістігінде қайта түлеп жаңғыру да, жаңару да баршылық. Дегенмен де соңғы онжылдықта ашық байқала бастаған өте үлкен қауіпті, жасырын түрдегі құбылыстың бірі – ұлттық дүниетанымның тереңіне ұмтылудан гөрі жалпы жаһандық үрдіске тән алдамшы жылтырақ құбылыстарға бой алдыруды өркениетке қол созу деп бағалайтын кері шегіністер анық байқала бастады.

Жаңа ғасырдың үлкен үміт арқалаған талантты жастары ғылыми-техникалық өрістеу кезеңінде жаңа инновациялық технологиялардың тілін тауып, елімізді технократты дамыған мемлекеттердің көшіне де алып барар, бірақ қандай елмен барып өркениет көшіне қосылмақ? Ұлттық сырт бейнесі ғана бар, мазмұны басқа, рухани әлемі еркіндік қағидасына сүйенген әлемдік әсершіл, адасқан өркениеттің шаңына көмілген ұлттық рухы өшіп, ұлттық тұғырынан ауып, басқа шұқанаққа көшіп-қонған елмен бара ма? Ұлт жанашыры, ақын Мұхтар Шахановтың тілімен айтқанда:

…Американдық ұлттан жол алып,

«қазақстандық ұлтқа»

Айналмаймыз ба тек қана тұрқы бар.

Қарын мүддесі үшін ғана жұлқынар,

Рухани сұрқы жоқ, ұлты жоқ

«мазақстандық ұлтқа»?

Дарындар қайда, жасай ма бір ерлік?

Ғалымдар қайда, тұйыққа тірелдік.

Мына бір сұраққа жауап боп жалғасыңыз:

Енді 2030 жылға Елбасымыз

Тілін, рухын сақтаған

қазақ халқымен бара ма?

Немесе тілі жойылып, түрі ғана қалатын,

Әні мойылып, үні ғана қалатын

Жаңа «қазақстандық ұлт» парқымен бара ма?

…Кім бағыт нұсқайды адасқан, шатасқан санаға?

…Бар еді өз ана тіліміз, санамыз.

Енді ертең қалайша өткен шақ рухын қорлап,

Ұлттық сезімді босанып кетпестей торлап,

Тек көңіл шаттығын қорғап,

Мәңгүрт боп сорлап қаламыз?

Біз кеше кім едік, ал енді қайда барамыз?

Ақын ағамыздың айтпағы – біз материалдық тұрғыдан қаншалықты дамып, өркендеп кетсек те, ұлттық сипатымызды сақтап қала алмасақ, барлық еңбегіміздің тек қана қарын қамы үшін ғана жасалып, зая кеткендігі анық болады. Рухани ішкі әлемі ұлттық бояулармен әрленіп, адамдықпен нұрланбаған, бос қуыс кеуде, қарын үшін ғана талпынған жай ғана бір борсық дене. Ондай жандар бар өмірінде өз халқына еңбегімен жақсылық әкелуі мүмкін болғанмен, кез келген уақытта жамандыққа жол беруі әбден мүмкін. Бұл – қоғам үшін өте қауіпті болғандықтан, білімсіз емес болғанмен, рухсыз, тәрбиесіз ұлттық тұлғалардың тағдыры кім-кімді де алаңдатары хақ. Ол алаңдау қуатты ойдың күшімен күңіренгенде:

Робот-түйсік арқалаған,

Мейірімді, тұл, жарты адамдар

Жердің бетін түгел жаулап жеңгенше?

Дөңбекшиді көңіл-ғалам,

Бүгін өлу жеңіл маған,

Осы рухсыз жеңістердің ертеңіне сенгенше… – деп естіледі.

Кез келген ұлттың өзіндік ерекшелігі бар ұлт болып қалуы үшін ұлттық тәрбиенің маңыздылығы өте жоғары деп ойлаймын. Егер шынымен де біздегі жастардың тәлім-тәрбиесі оң бағытта болса, қоғамда мұндай өзекті тақырыптар болмас еді. Жалпы, жастарымыздың ұлттық тәрбие құндылықтарын игеруі мен бүгінгі рухани болмыс-бітіміне бақылау жасап көрсек, келесі дүниелерді байқауға болады:

  1. Жас ұрпақтың бойында ар-ұят, ұялу, әдеп сақтау деген түсініктер жойылып, оның орнына «сен ашық қоғамда өмір сүресің, сондықтан өз қалауыңмен еркін өмір сүруге құқылысың, өзіңді жарнамалап қандай жолмен болсын бір билікке немесе табыс көзіне қол жеткізуің керек» деген көзқарас қалыптасқан.
  2. Шынайы кәсіби, адал білімге арқа сүйеп тер төгіп еңбек еткеннен гөрі қиналмай қысқа жол тауып, қолынан келсе сатып, болмаса атып алар пысықтықты бағалайды.
  3. Қазақтың салт-дәстүрін ескіліктің қалдығы деп бағалайды, тіпті кейбір қалада өскен жастар батыстық тәрбиеге бой алдырғандығы соншалық, қазақтың әдет-ғұрпын жабайылық деуге де ауыз салуға бар.
  4. Ата-ананы сыйлау, оған бойұсынып құрметтеу және олардың алдындағы перзенттік парызы туралы ұғымдары нағыз қазақы мұсылмандық өлшеммен алғанда өте төмен.
  5. Жауапкершіліктері мен тұрақтылықтары көңіл тойдырмайды.
  6. Ер балалардың азаматқа тән кесек мінездері сұйылып, қыз балалардың ибалылығы мен сыпайылығына да сызат түскендігі жасырын емес.
  7. Ұлтының сан қилы тарихын, арманы мен мақсат-мұратын толық сезінбегендіктен болар, өзінен жерініп, басқа елдің мәдениетіне еліктеуге тым бейім.
  8. Ерте бой түзесе де, ойлары түзелмей жатады. Арзан әрі мән-мағынасыз, жұғымсыз қалжың сынды жайдақ сөздерге құмар.
  9. Ана тілінің қадір-қасиетін толық түсінбейтіндей, таза қазақша сөйлеуге селқос қарайды. Басқа тілді араластырып сөйлей беру таңғаларлық нәрсе емес, қайта қажеттілік немесе өзінше бір жасанды жарнамалық сән көреді.
  10. Адамгершілік, адалдық тәрізді адамның негізгі ұстанымдары көп жастарға өз қолыңды өзің матап, өз жолыңды өзіңмен байлағанмен бірдей көрінеді.

Жіпке тізе берсек, бүгінгі жастардың бойынан осындай кері сипаттағы мінез-құлықтарды көп көруге болады. Әрине, барлығы бірдей емес. Сол жастардың ішінде ақылы асқан, тура жол тапқан жандар да жеткілікті.

Әйтсе де кейбір жастардың осындай жаңсақ ойлары мен ұстанымдарын оңалту үшін ұлттық тәрбиенің барлық тегершіктерін іске қосып, оның өзімізге сәйкес ерекшеліктері мен артықшылықтарын толық пайдалана білуіміз керек. Білім ордалары оқу-ағарту жұмыстарының негізгі алтын қазығы тәрбие, оның ішінде ұлттық тәрбие екенін жете түсінуі керек деп ойлаймын.

Ғаламдық жаһандану заманында ұлттық мінез және таным-түсінікпен өрнектелген бет-бейнесі мен ұлттық құндылықтарын сақтап қалу жас мемлекет ретінде қалыптасып, даму кезеңін басынан өткеріп жатқан біздің еліміз үшін ең маңызды ұстанымдардың бірі болуы керек.

Алайда басы ашық мәселенің бірі – қазақ қоғамы қазір қарқынды түрде жүріп жатқан жаһандану үрдісінің ықпалынан өзі қаламаса да оқшау бола алмайды. Бұл – шығар күндей анық мәселе. Жаһандануды әрбір ұлт, әрбір этнос, әрбір мемлекет өзінің болмысына бейімдеп сіңіре алғанда ғана осынау қауіптілеу болып көрінетін құбылыстың игілігін көреді. Егер жаһандануды ұлттық, мемлекеттік болмысқа икемдей алмасақ, оның ықпалына түсіп алып жалаң еліктеуге ұрынатын болсақ, онда мемлекет те, сол мемлекетті жасап отырған ұлт та геосаяси тобырға айналып, рухани жаулаушы өркениеттің құлақкесті құлы болып қала береді.

Ендеше оған қарсы тұру үшін не істеу керек? Одан өз бітім-кескінін сақтаған қазақ қоғамын аман алып қалудың қандай тетіктері бар? Біздің ойымызша, оның ең тиімді үлгісі – ұлттық тәрбиеге арқа сүйеу. Қазіргі кезеңде әлемнің әр түкпірінде өткір қойыла бастаған ең өзекті жайдың бірі осы ұлттық тәрбие мәселесі болып отыр. Ол жайдан-жай емес, әрине. Ұлттық тәрбиенің ең маңызды тұсы – адамды ойлануға үйретуі. Бұлай дегенде әрбір жеке адам ең алдымен өзінің белгілі бір ұлттың мүшесі екенін іштей терең сезініп, санада сілкініс жасауы керек екенін, содан кейін барып жалпыадамзаттық қоғамға лайық орнын белгілеуі қажеттігін сіңіруі болса керек. Бұл жерде негізгі әңгіме арқауы мемлекетшілдік, ұлттық сана, ұлттық ұстаным, ұлттық мүдде туралы болып отыр. Өйткені біздің төлтума бітімімізді, қайталанбас ұлттық болмысымызды, ұлттық ойлау машығымызды, қала берді, ұлттық кейпімізді сақтап қалу бәрінен маңызды. Ол бізге мынау аждаһадай төніп келе жатқан дүлей дүниеде біржола жоғалып кетпеуімізге кепіл болуға тиіс. Қалай десек те, ендігі жерде өзіндік «менін» сақтауға ұмтылған жұрт ең алдымен ұлттық тарихи жадын, бірегей ұлттық ойлау машығын, өзіндік дүниетанымын, ана тілі мен ділін, дінін, дәстүрлі мәдениетін аман алып қалу және оны одан әрі дамыту жолында күреске түсетіні анық. Олай болса осы айтқанымыздың бәрі ұлттық тәрбиеге тікелей байланысты жүзеге асатынын мойындауға мәжбүрміз.

Ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Қазақ елінің әлемдік кеңістікте өз жолын таңдауы – әрбір қазақтың емін-еркін өмір сүруінің кепілі. Ол, сөзсіз, ұрпақтар қамы деген ұғыммен үндеседі. Ел болу, мемлекет құру – сонау түркі заманынан желісі үзілмей келе жатқан ұлттық арман-аңсар. Ел болу – болашаққа ашылған даңғыл жол. Сол болашаққа ашылған даңғыл жолды ұлттық тәрбие арқылы жүруді үйренсек, ешкімнен кем болмайтынымыз анық. Бұдан шығатын қорытынды – ұлттық тәрбие идеясын ата-бабалар алдындағы қарыз бен өкшебасар ұрпақтың алдындағы парыз деп түсінуіміз керек. Яғни парыз бен қарыздың түйісер тұсы осы ұлттық тәрбие деп білеміз. Сондықтан мұнда алдымен мемлекет жасауға ұйытқы болып отырған этнос пен мемлекеттің мүддесі қатар тұруға тиіс. Өйткені біз бұдан былайғы кезеңде бүкіл адамзат баласы жасаған өркениеттермен қатар дамуға тиіс мәдениеттің (қазақ мәдениетінің) мүшесі болып саналамыз. Ендеше адамзат баласының осы уақытқа дейін жасаған озық тәжірибелері мен жетістіктерін қолдан келгенше түгел игеріп, қажетімізге пайдалануымыз керек. Сондай-ақ ағымдағы уақыттың талабы мен сұранысын қанағаттандырып отыру да ұлттық тәрбиедегі негізгі қағиданың біріне айналуға тиіс. Бұл үшін қазақ ұлтын қай тұрғыдан да жаңа дәрежеге, жаңа интеллектуалды сапаға көтеріп алу тиімді.

Жалпы, оқу орындарындағы тәрбие мәселесі – терең зерттеу мен күрделі өзгерістерді күтіп тұрған ауқымды тақырып. Тәрбиенің сан қырлы жақтары бар. Оның ішіндегі ең негізгісі ұлттық рухани тәрбие екендігі белгілі.

Ұлттық рухани тәрбие дегеніміз – оқушыны имандылыққа, адамгершілікке, адалдыққа, ұлтжандылыққа, әдептілікке және тәртіптілікке баулу деген сөз. Ал осы қасиеттерді өз бойына жинақтай алған кез келген оқушының шынайы тұлға, нағыз маман иесі болып шығары сөзсіз.

Тәрбиелік сағаттардың негізгі мазмұны ұлттық дүниетаным мен ұлттық құндылықтарды игеруге, адамгершілік әлемі мен имандылық иірімдерінен нәр алуға, сол арқылы жас ұрпақтың санасында өз Отанына деген құрмет сезімі мен жауапкершілігін арттыруға тікелей бағытталса. Тәрбиелік сағаттардың мазмұны тәжірбиелі, білімді оқытушылардың және ұлттық психологияны терең меңгерген кәсіби білікті әрі терең білімді мамандардың көмегі арқылы бір үлгіде жасалып, үнемі толықтырылып, жаңартылып отырса. Себебі көбіне тәжірбиесі аз жас мұғалімдер мен техникалық саланың мамандары құрастырып жүргізген тәрбие сағаттарының нақтылы нәтижелері аз болып келеді. Оның нәтижесін оқушы тәрбиесіндегі ұлтымызға жат сан түрлі жат қылықтардан байқауға болады Яғни біз балалардың ішкі әлеміне бойлап, олардың ұят, ар-иман, жауапкершілік деген адами құнды қасиеттерінің бой көтеруіне толық ықпал ете алмай жатқан тәріздіміз. Ұлттық құндылықтарымызды жан-жақты насихаттамауымыздың салдарынан жастарымыз батыстың ашық мәдениетіне еліктеп, өздерінің қазақы асыл қасиеттерінен алыстап барады. Ұстазының алдында қалай болса солай сөйлейтін намысы мен ұяты аздау ұлдар, ашық-шашық киінген, шылым ұстаған қыздар, намысына тиіп айтып жатсаң да еті өліп кеткен болашақ жауапсыз ұрпақ – осының бәрі тәрбие саласындағы кемшіліктердің үлесі деуге болады.

Телеэкрандар арқылы ұлттық рухани құнды дүниелер мен тәрбиелік мән-маңызы зор ән-жырлар, жыр-дастандар, термелер мен күйлер және қазыналы бабаларымыздың қалт кетпей тауып айтқан, намысыңды жанып, көзіңді ашып айтқан қанатты ойларын жиі беріп отырса және осындай тақырыптарда кездесулер жиі өткізілсе жақсы болар еді.

Сонымен қатар жалпы білім беру кезеңдеріндегі әдебиет, тарих, философия сабақтарында оқушылардың ұлттық таным-түсінік аясындағы рухани болмыстарының дұрыс қалыптасып дамуына тікелей ықпал еткен жөн. Тарих пәнін оқытқанда тарихи фактілердің тізбегімен оқытпай, халқымыздың өткен тарихының қайғы-қасіретін, жеңісі мен жеңілісінің себеп-салдарын түсіндіре отырып, өз ұлтының қилы тарихына деген түсініктерін кеңейту арқылы оқушының ұлттық патриоттық сезімінің шыңдалуына жол салу керек. Ал әдебиет сабағында кеңестік кезең өлшеп-пішіп берген жүйе бойынша хакім Абай сынды ұлттық тұлғалардың «Күз», «Қыс» тәрізді бейтарап өлеңдерін оқытумен шектелмей, алаштың арда туған дара тұлғаларының ерлік пен өрлікке, адалдық пен адамдыққа, рухани тереңдік пен ұлттық бірлікке үндеген терең ойлы, жалынды шығармаларын әр оқушының жүрегіне жеткізіп, бабаларымыздың асыл армандарын сол күйінде оқушының жанарында жаңғыртып, санасында сары алтындай қаттауымыз керек. Философияның мылжың тарихын оқытумен уақыт өткізбей, әлемдік тұлғалармен және оларман қатар тұра алатын қазақтың рухани көсемдерінің қанатты ойлары, дуалы сөздері арқылы оқушының намысын жанып, ақылын алдаспанның жүзіне салып тұрып дана ойдың тамшыларынан жинақталған тұнық суға батырып, санасына сәуле құйып шын болаттай шыңдау керек. Сол кезде ғана өз-өзіне келген, ақылын тоқтатқан, жас болса да бас болатын, білімді, өз ұлты үшін жанын құрбан ете алатын нағыз азаматтарды тәрбиелеп шығара аламыз. Себебі осы күнге қалай жеткені мен ертеңгі күнінің қалай болатындығы толғандыратын әр бала сапалы білім алып, өзін-өзі тәрбиелеуге бағыт алады.

Біз сол кезде ғана өз бетімен ізденіп, білім алуға талаптанған талантты жастардың жарқын жеңістері мен қарыштап алға басқан қадамдарына куә боламыз.

Біз сол кезде ғана ұлтының малын емес, қамын жейтін жасампаз ұрпақтың қуатты екпіні мен ел ертеңі үшін аянбай еңбек етер мұқалмас күш-қайратын көре аламыз.

Оқу орындары сол кезде толыққанды оқу-ағартушылық сипатқа ие болып, ұлт тізгінін ұстайтын тұлғаларды тәрбиелеп шығарады.

Қысқаша айтқанда, ұлттық тәрбие – ұлттық сана-сезімі жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі. Мақсаты – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық, кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу. Міндеті: мәдени-әлеуметтік өзгермелі жағдайдағы ұлттық тәрбиенің діңгегі ана тілі болып қалатынын негіздеу; қазақ тілі мен тарихын, мәдениеті мен ділін, салт-дәстүрі мен дінін құрметтеу рухында жастардың ұлттық интеллектуалдық мінез-құлқын қалыптастыру; бүгінгі қазақ елінің индустриялық-инновациялық жүйесінің дамуын қамтамасыз ететін жоғары парасатты ұлттық сипаттағы белсенді іс-әрекетке тәрбиелеу; білім және мәдени-рухани тұрғыда басқа өркениеттермен бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету; қоғам мен адам, адам мен табиғат қарым-қатынасының өркениеттілік сана-сезімін ұлттық рухта қалыптастыру.

Әрине, тәрбие жалаң болмауға тиіс. Жалаң тәрбие қауқарсыз. Қазір, өкінішке орай, тәрбиеде сондай үрдістің жүріп жатқанын ащы да болса мойындауға тура келеді. Біздіңше, кез келген адамды тәрбиелеудің ұлттық негізі болуы керек. Сонда ғана тәрбие шынайылыққа айналады. Тәрбиенің мақсаты елдік сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу, ұлтсыздықпен күресу болса керек. Сондықтан тәрбиенің жүзеге асуының технологиясы, қалай дегенде де, ұлтымызға ұстын, болашағымызға тұғыр болатын ұлттық тәрбиеде жатыр деп нық сеніммен айта аламыз.

Ержан Әдікен,

ҚарТУ, өнеркәсіптік көлік кафедрасының аға оқытушысы