ӘКІМГЕ БЕРГЕН УӘДЕ ҚАЙДА?

Сақалды құрылыстың сәуірде соңғы нүктесі қойылуы тиіс еді. Бірақ, сәуірде де сенім ақталмайтындай. Біздің айтпағымыз «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы берілуі тиіс. «Трилистник» тұрғынүй кешеніндегі 7-үй жайында. Салымшылардың салы суға кетіп, баспаналы болсақ деген басты армандарынан баз кешуде. Құрылысқа жауапты мердігердің тасбақа тірлігі болашақ тұрғындарды қажытқандай. Ақпанда ақталмаған үміт, наурызда нандырмады, сәуірде сендірмеді.

«Қарағанды хабары» «Трилистник» тұрғынүй кешеніндегі кері кеткен шаруалар жайынан алғаш нөмірі жарық көргеннен бастап тұрақты, қадағалап жазып келеді.
Жанайқайлары ортақ болған соң жиыла-жиыла мұндағы пәтер алуға ниетті 192 салымшы жүзтанысқа айналды. Қаржы құйған пәтер мәселесінен қажыған жұрт жергілікті билікке де бірнеше мәрте жүгінген.
Қарағанды әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аталмыш құрылыс нысанын тікелей қадағалауына алып, мердігермен қату тілдесті де. Бірақ, одан қайран болмады. Әкім орынбасары Тайхан Қалмаханов та құрылыс басында болып, сын айтылған жұмыс сапасын көрген еді. Ол кезде бас мердігер өкілі пандемия салдарынан құрылыс материалдарын сырт елден дер кезінде жеткізу қиындық туғызды дегенді желеу етіп құтылған. Мұнымен де жұмыс мандытпаған соң, құрылыс басына облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің өзі барды.

— Тұрғындардың бар шағымы негізді. 20 сәуірге дейін мердігер бар олқылықты оңалтады. Қала әкімі тұрғындармен үнемі байланыста болады. Ал, мен өзім бұл нысанды қатаң қадағалау үшін тағы келем. Барлығы жобаға сай, уәде етілгендей болады, — деп жұртты жұбатып кеткен.

Аймақ басшысының мердігерге берген межелі мерзімі – 20 сәуір де жетті. Бірақ, биліктің де, болашақ тұрғындардың да үміті ақталмады. Яғни, үй тұтынысқа берілмеді. Тауы шағылған тұрғындар 19 сәуірде тағы да үй салушымен кездесті. Бұл жолы баспананы қабылдап алу комиссиясы жұмысын бастайтынын айтты. Салымшылардан жасақталған белсенді топ өкілі Лариса Кондакованың айтуынша, осыған дейін көрсетілген
кемшіліктер де оңалтылмаған.

— Бізге уәде етілген 20 сәуірде үй берілгені былай тұрсын, ішкі әрлеу жұмыстары да өзіндік мәресіне жетпеген. Есіктер дұрыс жабылмайды, балкон еденіне әлі де қыш плиталар төселмеген. Ол плиталарды қаншама балконға қашан төсеп бітеді? Біз енді облыс әкімімен тағы да кездесуге ниеттіміз. Апта соңына дейін аймақ басшысымен болар кездесуден күтеріміз көп.

«Нұрлы жер» тұрғынүй-коммуналдық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммиуникациялар қызмет алаңында өткен брифингте де талқыланды. Онда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев былай деген еді:

— 2020 жылы республика бойынша 15,3 млн шаршы метр тұрғынүй салынды, 140 мыңнан астам тұрғынжай пайдалануға берілді. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша құрылыс саласында енгізілген локдаундарға қарамастан дамудың оң серпіні байқалады. Құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 13% артты, — деді.

Бұл цифрлы ақпарға сенсең, құрылыста серпін мықты сынды. Тұрғынүй құрылысына тартылған инвестиция да артқан.
Дегенмен, қарапайым халықтың көңілі тоқ емес. Оған бір ғана мысал, Қарағандыда 192 салымшыны сабылтып қойған «Трилистник» тұрғынүй кешеніндегі №7 үй құрылысы да осы «Нұрлы жер» бағдарламасымен бастау алғаны. Осы тұста сапасыз құрылыс мәселесі көтерілгенде Мемлекеттік Сәулет-Құрылыс Компаниясы (ГАСК) құзіретіне сай құрылыс компаниясының жұмысын қадағалау жергілікті биліктің бақылауында болуы тиіс екені тағы шындық. Қалай болғанда да шулы құрылыстың соңғы нүктесін қою әкімдікке тікелей қатысты болмақ.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,
«QH»