Кәріз дауы: ескі желі жаңа құрылыстың жүктемесін көтере ала ма?
Қарағандының Оңтүстік-Шығыс шағын ауданында коммуналдық мәселе тұрғындардың тынышын алып отыр. Тәттімбет көшесіндегі №19 үйдің маңында кәріз суы жиналып, жертөлелерді басу қаупін туғызуда. Тұрғындар жағымсыз иіс пен лас судың аулаға жайылуынан бөлек, мәселенің түпкілікті шешілмей, жауапты мекемелердің бір-біріне сілтеп отырғанына наразы
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл аумақтағы мәселе жаңа емес. Бұған дейін көктемгі еріген қар мен жауын-шашын суы жиналып, аулаға жайылатын. Енді оған кәріз суы қосылып, жағдай күрделене түскен.
Тәттімбет көшесіндегі №19 үйдің тұрғыны Светлана Кривоножкина мәселенің бірнеше рет көтерілгенін, алайда нақты шешім болмағанын айтады.
– Үнемі кәріздің иісі сезіледі. Бұрын бір құдықтан су ақса, кейін оны жөндеп, басқа жерге ауыстырды. Қазір мына құдықтың иесі кім екенін анықтай алмай отырмыз. Бір мекемеге хабарлассақ, «біздікі емес» деп басқа жаққа жібереді. Әкімдік те, «Қарағанды Су» да жауапкершілікті мойнына алмайды. Бір-біріне сілтеп, тұрғындарды әуре-сарсаңға салып қойғандай, – дейді тұрғын.
Аулада жиналған лас су санитарлық жағдайға да әсер етіп отыр. Тұрғындар әсіресе жылы күндері жағымсыз иістің күшейетінін айтады. Коммуналдық қызмет мамандары келіп, құдықтарды тазартып жатқанымен, бұл уақытша шара болып отыр.
Тұрғындардың айтуынша, мәселенің негізгі себебі – ескі инженерлік желілерге түсіп отырған жүктеменің артуы. Оңтүстік-Шығыс аумағында соңғы жылдары жаңа тұрғын үй кешендері көптеп бой көтерді. Жаңа үйлердің инженерлік жүйелерге қосылуы бұрыннан пайдаланылып келе жатқан желілердің өткізу қабілетіне әсер етті деген пікір бар.
Тәттімбет көшесіндегі үйдің тұрғыны Михаил Морковкин де осы мәселеге назар аударды.
– Біз бұл шағын ауданға 1991 жылы көшіп келдік. Ол кезде аудан толық қалыптасқан еді. Қазір айналамызда жаңа үйлер көптеп салынды. Жаңа шағын аудандарды бұрыннан жұмыс істеп тұрған ескі желілерге қосып жатыр. Оның мұндай жүктемені көтеруге шамасы жете ме деген сұрақ туындайды, – дейді ол.
Тұрғындар жаңа құрылысқа қарсы емес. Алайда олардың айтуынша, жаңа нысандар салынған кезде инженерлік инфрақұрылымның мүмкіндігі алдын ала есептелуі керек. Егер бұрыннан бар желілердің қуаты жеткіліксіз болса, қосымша инфрақұрылым салынуы тиіс.
Тұрғындардың бұл уәжін «Асар» ПИК төрағасы Қанат Мұстақаев та қолдайды. Оның айтуынша, кәріз суының жертөлеге өту қаупі бар.
– «Қарағанды Суды» шақырамыз, олар келіп тазартып береді. Бірақ бұл құдық олардың теңгерімінде жоқ екенін айтады. Біз кімге тиесілі екенін анықтай алмай отырмыз. Ал мәселе нақты бар. Қысым жоғарылап, жүйе бітелген кезде су үйдің астына кетіп, жертөлелерді басуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселені уақытша тазалаумен емес, түбегейлі шешу қажет, – деді Қанат Мұстақаев.
Ал «Қарағанды Су» мамандары жағдайды назардан тыс қалдырмай, апатты учаскеге тұрақты түрде барып отырғанын айтады. Олардың мәліметінше, мәселе жаңа тұрғын үй кешенінен келетін кәріз тармағымен де байланысты.
Оңтүстік-Шығыс су бұру цехының учаске бастығы Аманбай Тұрғынбековтің айтуынша, қазіргі басты мәселе – аталған желінің кімнің теңгерімінде екені және оны коммуналдық жүйеге ресми түрде беру мәселесі.
– Бұл нысанды «Қарағанды Судың» теңгеріміне алу үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жауапты органға ресми түрде жүгіну қажет. Қазіргі уақытта апатты жағдайды жою жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Күніне екі рет – таңертең және кешке барып, жағдайды бақылауда ұстаймыз. Бұл жерде ескі желі бар, оған жаңа тұрғын үй кешенінің тармағы қосылған. Қазіргі таңда мәселені түбегейлі шешу үшін инженерлік желілердің тиісті теңгерімге алынуы маңызды, – деді Аманбай Тұрғынбеков.
Мәселенің түйіні де осында. Бір жағынан, коммуналдық қызметтер апатты жағдайды уақытша жоюмен айналысып отыр. Екінші жағынан, тұрғындар мәселенің қайталана беретінін айтып, нақты инженерлік шешім талап етеді. Ал желінің иесі мен оған жауапты тарап анықталмайынша, мәселе бір мекемеден екіншісіне ауысып, тұрғындардың шағымы жалғаса беруі мүмкін.
Бұл жағдай қаладағы жаңа құрылыстар мен инженерлік инфрақұрылым арасындағы байланысты қайта қарау қажеттігін көрсетеді. Жаңа тұрғын үй кешендерін салу тек ғимараттың бой көтеруімен шектелмеуі тиіс. Оның су, кәріз, жылу және электр желілеріне түсіретін жүктемесі алдын ала есептеліп, қолданыстағы инфрақұрылымның мүмкіндігі ескерілуі қажет.
Тұрғындар үшін мәселе – жай ғана жағымсыз иіс немесе ауладағы лас су емес. Кәріз жүйесіндегі ақау жертөлелердің су басуына, ғимараттың инженерлік құрылымдарына зиян келуіне және санитарлық жағдайдың нашарлауына әкелуі мүмкін. Сондықтан бұл мәселені тек коммуналдық апат ретінде емес, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қаланың инженерлік инфрақұрылымының тұрақтылығына қатысты проблема ретінде қараған жөн.
Қарағандыда құрылыс қарқыны артқан сайын ескі инженерлік желілерге түсетін салмақ та көбейіп келеді. Сондықтан жаңа нысандарды қолданыстағы жүйеге қосу кезінде инфрақұрылымның техникалық мүмкіндігіне қойылатын талап күшейтілуі тиіс. Әйтпесе жаңа үйлер бой көтергенімен, олардың жанындағы ескі тұрғын үйлердің тұрғындары коммуналдық мәселемен бетпе-бет қалуы мүмкін.
Тәттімбет көшесіндегі жағдай осы мәселенің нақты мысалы болып отыр. Тұрғындар құдықты тазалап қоюды ғана емес, мәселенің түпкі себебін анықтап, инженерлік желілерді ретке келтіруді және жауапты тарапты белгілеуді талап етеді. Ең бастысы – кәріз суы тұрғын үйлердің іргесіне жеткеннен кейін ғана әрекет етпей, мұндай жағдайлардың алдын алатын жүйелі шешім қабылдау.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

