Тазалыққа жауапкершілік – күнделікті әдеттен басталады
Қарағандының Қазыбек би ауданында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған профилактикалық акция өтті. «Заң мен тәртіп» қағидатын негізге алған бастама «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында аудан әкімдігі мен прокуратураның бірлескен жұмысы арқылы жүзеге асырылуда.
Акцияның ерекшелігі – экологиялық үндеулердің тұрғындардың күнделікті өміріне барынша жақын форматта ұсынылуы. Бұл жолы кофеханалардағы бір реттік стақандарға тазалықты сақтауға, қоқысты арнайы жәшіктерге тастауға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақыратын ақпараттық жапсырмалар орналастырылды.
Бір қарағанда, қарапайым ғана ескерту болып көрінгенімен, мұндай тәсілдің тәрбиелік мәні зор. Өйткені қоршаған ортаны қорғау тек ауқымды сенбіліктер немесе арнайы акциялар кезінде ғана емес, күнделікті өмірде қалыптасатын әдеттерден басталады. Көшеге қоқыс тастамау, қоғамдық орындарды ластамау, тұрмыстық қалдықтарды белгіленген орынға шығару – әр азамат орындай алатын қарапайым талаптар.
Аудан прокуратурасының бөлім прокуроры Гүлсара Керімжанова мұндай бастамалардың құқықтық және экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
– Бүгінде заңдылық пен тәртіп, әр азаматтың жауапкершілігі мәселесі ерекше маңызға ие. «Заң мен тәртіп» қағидаты тек заң нормаларын сақтаумен шектелмейді. Ол қоршаған ортаға және қоғамдық кеңістікке жауапкершілікпен қарауды да қамтиды. Алдын алу жұмыстары адамның мінез-құлық мәдениетін қалыптастырудан басталады. Әрбір адам тәртіпті сақтап, өзінің жауапкершілігін түсінген кезде, бұл қауіпсіз әрі жайлы орта құруға тікелей ықпал етеді. Заң мен тәртіп әрқайсымыздан басталады, – деді Гүлсара Керімжанова.
Экологиялық мәдениет бір күнде қалыптаспайды. Ол отбасындағы тәрбиеден, мектептегі түсіндіру жұмыстарынан, қоғамдық ортадағы жауапкершіліктен бастау алады. Сондықтан мұндай акциялардың маңызы – тұрғындарға белгілі бір талапты бір рет еске салу ғана емес, қоршаған ортаға деген көзқарасты біртіндеп өзгерту.
Қазыбек би ауданында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Аудан әкімінің аппараты мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында құқықтық және экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған профилактикалық шараларды ұйымдастырып, тұрғындарды қоғамдық тәртіпті сақтауға шақыруда. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында аумақтарды абаттандыру, тазалықты сақтау және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған жұмыстар да жалғасып келеді.
Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, мұндай бастамаларды қолдаудың басты мәні – экологиялық талаптарды күнделікті дағдыға айналдыру.
– Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясындағы жұмыстардың негізгі бағытының бірі – тұрғындардың жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру. «Заң мен тәртіп» қағидатын күнделікті өмірде орнықтыру үшін осындай қарапайым әрі түсінікті форматтарды қолданамыз. Адам ақпаратты күн сайын көріп, оны өз әрекетімен байланыстыра бастағанда, профилактикалық жұмыстың тиімділігі артады. Қоршаған ортаны қорғау – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Әр тұрғын өзі тұратын аумақтың тазалығына үлес қосуы керек. Сондықтан алдағы уақытта да «Таза Қазақстан» бастамасы мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясындағы жұмыстарды жалғастырып, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған жобаларды қолдайтын боламыз, – деді Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы әкімі аппаратының әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы Жалғас Нығмет.
Акция барысында тұрғындарға экологиялық мәселелермен қатар жеке жауапкершілікке қатысты әлеуметтік үндеулер де ұсынылды. Мұндай ақпараттың қоғамдық орындарда орналасуы профилактикалық жұмыстың аясын кеңейтіп, әртүрлі жастағы тұрғындарға маңызды ойды қарапайым тілмен жеткізуге мүмкіндік береді.
Қоршаған ортаның тазалығы – қала мәдениетінің маңызды көрсеткіштерінің бірі. Бір адамның қоқысты арнайы жәшікке тастауы немесе қоғамдық орында тазалық сақтауы ұсақ әрекет болып көрінуі мүмкін. Алайда осындай әрекеттер көпшілікке ортақ әдетке айналғанда ғана нақты нәтиже қалыптасады.
Сондықтан экологияға бейжай қарамау – табиғатты қорғау ғана емес, өз қалаңа, айналаңдағы адамдарға және болашақ ұрпаққа деген жауапкершілік. Қазыбек би ауданында қолға алынған бастаманың негізгі мәні де осында: тәртіп пен тазалықты арнайы акцияның талабы емес, күнделікті өмірдің қалыпты қағидасына айналдыру.
«Заң мен тәртіп» қағидаты әр адамның қарапайым таңдауынан басталады. Ал таза әрі жайлы қала – осындай мыңдаған жауапты әрекеттің нәтижесі.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

