Қарағандылық спортшылар әлем чемпионатында жүлде алды

Венгрия астанасы Будапештте артистік жүзуден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты мәресіне жетті. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы 35 елдің арасынан медальдар есебі бойынша төртінші орынға көтерілді. Ұлттық құраманың қоржынында екі күміс және екі қола медаль бар.

Қазақстан құрамасының табысына Қарағанды облысының жас спортшылары да елеулі үлес қосты. Акробатикалық бағдарламада Даяна Джаманчалова, Полина Мерзлякова, Анастасия Воронкова және София Ищенко күміс медаль жеңіп алды.

Жас спортшылар Теміртау қаласындағы мектеп-интернат-колледжі мен жүзу бойынша олимпиадалық резерв мектебінің намысын қорғайды. Олардың әлемдік додадағы нәтижесі өңірдегі артистік жүзудің даму деңгейін көрсетіп отыр.

Ал техникалық және еркін бағдарламаларда Қарағанды облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінің тәрбиеленушісі Виктор Друзин екі қола медаль иеленді.

Жас спортшылардың жарысқа дайындығына Елена Котова, Оксана Москвичева, Илья Котов және Светлана Якушева сынды бапкерлер үлес қосты.

Қазақстан құрамасының әлем чемпионатындағы нәтижесі ел спорты үшін маңызды жетістік болса, Қарағанды облысы спортшыларының төрт медальдің төртеуіне де үлес қосуы өңірдегі жас таланттардың халықаралық аренадағы әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.