Сапалы білім – жарқын болашақ кепілі: Қарағандыда дәстүрлі тамыз конференциясы өтті

Өзгерістер дәуіріндегі білім беру саласы сапалық тұрғыдан жаңа кезеңге қадам басуда. Жақында Қарағандыда өңір педагогтерінің дәстүрлі облыстық тамыз конференциясы болып өтті. Басқосудың басты тақырыбы – Жаңа Конституцияның нормалары мен құндылықтары аясында білім беру жүйесінің стратегиялық негізі ретінде адам капиталын дамыту мақсатына арналды.

Алқалы басқосу алдында жиналған көпшілік ғимарат дәлізінде ұйымдастырылған Инновациялық жобалардың көрмесін тамашалады. Мұнда цифрлық IT-әзірлемелер, мектепке дейінгі және кәсіптік білімнің заманауи жобалары көпшілік назарына ұсынылды. Көрменің маңыздылығы туралы Облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының басшысы Бақытгүл Әбдікерова өз пікірін білдірді.

«Көрмеде ұсынылған жобалар — өңірдегі білім сапасын арттыруға бағытталған заманауи бастамалардың көрінісі. Бұл әзірлемелер мектептер мен балабақшаларда оқу процесін тиімді ұйымдастыруға зор мүмкіндік береді», — деп атап өтті ол.

Өңірдегі білім беру сапасын арттыру ең алдымен балабақшадан бастау алатыны белгілі. Биыл мектепке дейінгі ұйымдарға бөлінетін қаражаттың ашықтығын қамтамасыз ету мен ваучерлік жүйені енгізуге ерекше маңыз берілуде. Бұл реформалар қаржылық тиімділікті арттырып қана қоймай, бүлдіршіндердің мектепке қадам басуын жеңілдетпек. Жиын барысында ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова атқарылып жатқан жұмыстардың нақты нәтижелеріне тоқталды.

«Кезекте тұрғандар саны алпыс мыңнан 23 мыңға дейін қысқарды, ал мемлекет қаражатының 35 млрд теңгесі үнемделді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Ваучерлік жүйе мемлекеттік қолдауды нақты балаға бағыттап, балабақшаға орналасу мүмкіндігін кеңейтеді. Сонымен бірге бізде 2026-2028 жылдарға арналған мектепке дейінгі және бастауыш білім беруді дамытудың кешенді жоспары әзірленуде», — деді вице-министр.

Ауқымды жиын ұлы іске жан-тәнімен берілген ұлағатты ұстаздарды ұлықтаумен түйінделді. Облыстың үздік педагогтері білім беру ісіне қосқан ерекше үлесі үшін арнайы төсбелгілермен, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Марапатқа ие болғандардың бірі — «Гауһар» бөбекжайының педагог-психологы, зерттеуші Маржан Аханова.

«Қырық жыл бойы осы салада еңбек етіп келе жатқанымды әрдайым мақтан етемін. Бүгінгі берілген бұл төсбелгі — тек менің ғана емес, жылдар бойы төгілген тер мен адал еңбектің, орнықты нәтижесінің көрінісі деп білемін», — дейді Маржан Аханова.

Өткенді саралап, келешекке меже белгілеген тамыз конференциясы білім саласына жаңа қарқын сыйлады. Жаңа Конституцияда адам капиталын дамыту, ғылым мен сапалы білім беру алғаш рет мемлекеттің жоғары стратегиялық басымдығы ретінде бекітілді. Демек, мектептерге қойылатын талап та бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді.

Инфрақұрылымды күрделі жаңартудан бастап, оқу процесін терең цифрлық трансформациялауға дейінгі ауқымды міндеттер жүктелген өңір мектептері жаңа оқу жылын толық дайындықпен қарсы алмақ. Қазіргі мектеп — әрбір баланың әлеуетін толық ашуға оңтайлы жағдай жасалған заманауи білім ордасына айналуы тиіс.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»