Көктемгі жаңбырдың пайдасы

«Көктем» дегенде ең әуелі шуақты күн, содан кейін жаңбыр еске түседі. Жалпы, көктемгі жаңбырлар айға қарай сан түрлі болып бөлінеді екен. Мәселен, наурызда жауатын жаңбырды «отамалы» деген. Шоқан Уәлиханов бұл құбылыстың наурыз айының басында болатынын айтса, кей деректе сәуір айында орын алатыны жазылған. Ұзаққа созылатын бұл жаңбырдың ең қиын тұсы – даладағы малға зияны. Сол себепті ертеде ата-әжелеріміз жиған-тергенін аман алып қалу үшін үйге кіргізіп отырған.

Жалпы, ата-аналарымыздың аспанға қарап жаңбыр ұзақтығын, оның қандай сипатта келе жатқанын болжай білетіні айтпасақ та белгілі. Мәселен, «мына жаңбырдың соңы ашық, 20 минутта өтеді де кетеді» десе, кейбір кезде ауладағы бар ұсақ-түйек затты үйге кіргізіп, нөсер жаңбырды күтетін. Себебі қара түтек болып төніп келе жатқан бұлттың күркірі ауыр болады дейтін.

Десе де жаңбыр суын жинап, сол сумен бас жуып, одан қала берді, ем болсын деп ішетін үрдіс де болғанын айтады қария кісілер. Алайда қазір жаңбыр суын ішу өте қауіпті. Бірінші кезекте экология мәселесі қиындық туындатып отыр. Мысалы, мегаполистегі жаңбыр суы өркениеттен алыс жердегі жаңбыр суынан әлдеқайда лас болып келеді. Ондай жауын-шашын құрамында бірқатар улы заттар болатыны белгілі. Оларға ең алдымен бактериялар мен вирустар, түтін, шаң, сондай-ақ химиялық заттардың барлық түрі жатады. Рас, жаңбыр суының ластану дәрежесі көбінесе ол жиналған аймаққа байланысты. Сол себепті үлкен қалаларға бара қалсаңыз, жаңбырдан мейлінше қорғануға тырысыңыз. Ал егер сіз ауылдық аймақта тұратын болсаңыз, қатты сақтанудың қажеті жоқ. Себебі жаңбыр рақатын сізден артық ешкім көре де, сезіне де алмайды. Бастысы, ішпесеңіз болғаны.