Күй күмбірі – ұрпаққа аманат

Қарағандыда күй анасы Дина Нұрпейісованың 165 жылдық мерейтойына арналған «Күй қазына» облыстық байқауы өтті. Кеншілер мәдениет сарайында бас қосқан жас домбырашылар қазақтың дәстүрлі музыкасын дәріптеп, төкпе және шертпе күй орындау шеберлігін ортаға салды.

Қазақтың күй өнері – ұлттың тарихын, болмысын және рухани әлемін жеткізетін баға жетпес мұра. Домбыраның қос ішегінен төгілген әрбір әуенде халықтың қуанышы мен мұңы, тұрмыс-тіршілігі мен тағдыры жатыр. Осындай асыл мұраны жас ұрпаққа жеткізіп, дәстүрлі өнердің сабақтастығын сақтау мақсатында Қарағандыда «Күй қазына» облыстық байқауы ұйымдастырылды.

Кеншілер мәдениет сарайында өткен өнер додасы қазақтың әйгілі күйші-композиторы, күй анасы Дина Нұрпейісованың 165 жылдық мерейтойына арналды. Облыстың әр өңірінен келген жас домбырашылар ұлы күйшілердің шығармаларын орындап, өзара бақ сынасты.

Кеншілер мәдениет сарайының басшысы Саят Әбдіғали байқаудың дәстүрлі өнерді дәріптеудегі маңызына тоқталды.

– «Күй қазына» байқауының басты мақсаты – ұлттық өнерімізді насихаттау, жас домбырашылардың шеберлігін шыңдау және күй мұрасын келер ұрпаққа жеткізу. Дина Нұрпейісова сынды ұлы тұлғалардың шығармашылығын жас буынға таныту арқылы олардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырғымыз келеді. Осындай өнер додаларының қатары көбейіп, күй өнерінің өрісі кеңейе берсін, – деді Саят Әбдіғали.

Байқауға қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай екі санат бойынша өнер көрсетті. 9-12 жас аралығындағы домбырашылар өз таңдауы бойынша екі күй орындаса, 13-17 жастағы қатысушылар төкпе және шертпе күй мектептерін қатар меңгергенін көрсетуі тиіс болды. Бұл талап жас орындаушылардың техникалық шеберлігін ғана емес, қазақ күй өнерінің сан қырын түсініп, әр мектептің өзіндік ерекшелігін жеткізе білуін де бағалауға мүмкіндік берді.

Қ.Аманжолов атындағы балалар музыка мектебінің домбыра сыныбының оқытушысы Меруерт Тойшыбекова шәкірттерінің байқауға тыңғылықты дайындалғанын атап өтті.

– Байқауға дайындық барысында балалардың орындаушылық шеберлігіне, күйдің мазмұнын түсініп, оны тыңдаушыға жеткізе білуіне ерекше көңіл бөлдік. Репертуар таңдағанда әр күйшінің өзіндік қолтаңбасын ескеруге тырыстық. Дина Нұрпейісова, Құрманғазы, Тәттімбет сынды тұлғалардың шығармалары арқылы балалар төкпе және шертпе күй мектептерінің ерекшеліктерін тереңірек меңгереді. Мұндай байқаулар жас өнерпаздарға тәжірибе жинақтап, сахнада өзін еркін ұстауға көмектеседі, – деді ұстаз.

Сахна төрінде орындалған әр күй көрерменді қазақ музыкасының бай әлеміне жетеледі. Жас домбырашылар Дина Нұрпейісованың, Құрманғазының, Тәттімбеттің және басқа да белгілі күйші-композиторлардың шығармаларын нақышына келтіре орындады. Бірі төкпе күйдің екпіні мен қуатын жеткізсе, енді бірі шертпе күйдің сырлы әуезі мен терең иірімдерін сезіндіре білді.

Байқауға қатысушылардың қатарында тоғыз жасар Нұрәлі Мүтәліп те бар. Жас домбырашы өнер додасына екі ай бойы дайындалған. Ол бұл жолы Дина Нұрпейісова мен Асылбек Еңсеповтың шығармаларын орындауды таңдаған.

– Бүгінгі байқауда Дина Нұрпейісова мен Асылбек Еңсеповтың күйлерін орындаймын. Конкурсқа екі ай дайындалдым. Мен бұған дейін де көптеген байқауға қатыстым. Домбыра тартқанды жақсы көремін, алдағы уақытта да өнерімді дамытып, үлкен сахналарда өнер көрсеткім келеді, – деді Нұрәлі.

Жас домбырашылардың өнері олардың ұстаздары жүргізген жүйелі дайындықтың нәтижесін де көрсетті. Өйткені күйді меңгеру орындау техникасын үйренумен шектелмейді. Ол үшін шығарманың шығу тарихын білу, әуеннің мінезін сезіну және әр күйдің мазмұнын тыңдаушыға жеткізе алу маңызды.

Байқау қорытындысы бойынша үздік орындаушылар анықталып, жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Күй қазына» секілді өнер додалары жас таланттарды танытып қана қоймай, ұлттық музыкалық мұраға деген құрметті арттырады. Домбыраның күмбірімен жеткен бабалар аманаты жас ұрпақтың қолында жалғасып, дәстүрлі өнердің жаңа белестерге көтерілуіне жол ашады.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»