Қарағанды театры халықаралық сахнада өнер көрсетті
Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының «Буратино» қуыршақ театр-студиясы Ресейдің Қорған қаласында өткен «Ұшу арманы. Өнер туралы сырласу» атты V халықаралық фестивальге қатысты. Өнер додасында қарағандылық әртістер «Махаббат туралы аңыз» спектаклін ұсынып, шетелдік көрерменге қазақ халқының дүниетанымы мен дәстүрін таныстырды.
Халықаралық фестивальге Ресей, Қазақстан, Беларусь, Қытай және Перу елдерінің театр ұжымдары жиналды. Шара қатысушыларға шығармашылық тәжірибе алмасып, қуыршақ театры өнерінің түрлі бағыттарымен танысуға мүмкіндік берді.
Қарағандылық өнерпаздар көрермен назарына ұсынған «Махаббат туралы аңыз» қойылымы қуыршақ өнерін актерлік шеберлікпен, пластикалық қимылдармен, бимен, әнмен және драмалық әрекетпен ұштастыруымен ерекшеленді. Спектакльдің көркемдік шешімі мен сахналық үйлесімі көрермендердің қызығушылығын тудырды.
Театр сыншылары қойылымның өзіндік атмосферасына және мазмұндық ерекшелігіне назар аударды. Әсіресе көшпенділердің дүниетанымы мен дәстүрін көркем бейнелеуі жоғары бағаланды. Бұл спектакль арқылы қарағандылық ұжым ұлттық мәдениеттің мазмұнын заманауи сахналық тәсілдермен жеткізе білді.
Фестиваль аясында шеберлік сабақтары, дәрістер мен дөңгелек үстелдер де ұйымдастырылды. Кәсіби кездесулер театр мамандарына тәжірибе бөлісуге, қуыршақ театрының даму бағыттарын талқылауға және жаңа шығармашылық идеялармен танысуға жол ашты.
Халықаралық фестивальге қатысу «Буратино» театр-студиясының кәсіби байланысын нығайтып, қарағандылық өнерпаздардың шығармашылығын кеңірек танытуға мүмкіндік берді. Мұндай мәдени шаралар ұлттық өнерді халықаралық деңгейде насихаттап қана қоймай, театр ұжымдарының шығармашылық ізденісіне серпін береді.
Жанайым ЖАЛҒАС,
«QH»

