Колледж бен өндіріс серіктестігі – білікті кадр даярлаудың негізі
Қарағандыда жұмысшы мамандарды даярлау ісінде колледждер мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық нығайып келеді. Өндіріс орындарымен тікелей байланыс орнату студенттердің тәжірибелік дағдыларын жетілдіріп, еңбек нарығына қажетті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.
Қазіргі еңбек нарығында теориялық біліммен қатар, тәжірибелік машықты меңгерген мамандарға сұраныс жоғары. Осыған байланысты Қарағандының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары өндіріс орындарымен әріптестікті кеңейтіп, оқу үдерісін кәсіпорындардың талаптарына бейімдеуге басымдық беріп отыр. Мұндай байланыс жастардың кәсіби даярлығын арттырып қана қоймай, олардың болашақта тұрақты жұмысқа орналасуына да жол ашады.
Бұл бағытта «Qarmet Machinery» компаниясы соңғы апталарда үш колледжбен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келісімдер студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуін ұйымдастыруға, оқу бағдарламаларын заманауи өндіріс талаптарына сәйкестендіруге және болашақ мамандардың кәсіби құзыреттерін дамытуға бағытталған.
29 қыркүйекте Қарағанды машина жасау колледжімен серіктестік орнату туралы келісім жасалды. Тараптар білім алушылардың тәжірибелік дайындығын күшейтіп, машина жасау саласына қажетті дағдыларды қалыптастыруды көздейді. Ал 1 қазанда Теміртау техникалық колледжімен меморандумға қол қойылды. Бұл келісім аясында мамандар даярлау, өндірістік тәжірибені ұйымдастыру және оқу бағдарламаларын жетілдіру мәселелері қамтылған. 8 қазанда Шахтинск технологиялық колледжімен де осындай ынтымақтастық туралы келісім жасалды.
Үш білім беру ұйымымен әріптестік орнату – студенттердің оқу кезінде-ақ өндірістің ерекшеліктерімен танысып, таңдаған мамандығы бойынша тәжірибе жинақтауына мүмкіндік беретін бастама. Сонымен қатар кәсіпорындар болашақ кадрлардың кәсіби даярлық деңгейін бағалап, олардың өндірістік талаптарға бейімделуіне ықпал ете алады.
«Qarmet Machinery» ЖШС директоры Ғабит Омархановтың айтуынша, студенттерді оқу кезеңінен бастап өндірістік үдерістермен таныстыру маңызды. Өйткені кәсіпорындарға теориялық білімін тәжірибеде қолдана алатын, заманауи жабдықтармен жұмыс істеу дағдыларын меңгерген мамандар қажет.
Колледждер мен кәсіпорындар арасындағы серіктестіктің тағы бір артықшылығы – кадр даярлау мазмұнын еңбек нарығының нақты сұранысымен ұштастыру. Жұмыс берушілердің ұсыныстары оқу бағдарламаларын жетілдіруге көмектессе, өндірістік тәжірибе студенттердің кәсіби машығын шыңдайды. Нәтижесінде жас маман еңбек жолын бастағанда жұмыс ортасына тезірек бейімделе алады.
Қарағандының өндірістік әлеуетін ескерсек, машина жасау және техникалық бағыттағы мамандықтар бойынша білікті кадр даярлаудың маңызы зор. Сондықтан білім беру ұйымдары мен кәсіпорындардың өзара байланысын дамыту мемлекеттік білім беру тапсырысын еңбек нарығының қажеттілігіне сай қалыптастыру міндетімен де сабақтасады.
Мұндай әріптестікті жүйелі түрде жалғастыру жастардың кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтіп, кәсіпорындардың кадр тапшылығын азайтуға ықпал етеді. Ең бастысы, колледжде алынған білім нақты өндірістік тәжірибемен толықтырылып, өңір экономикасына қажетті білікті жұмысшы мамандарды даярлауға негіз болады.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

