Ауылдарға интернет тарту жұмыстары қарқын алады

Қарағанды облысында цифрлық инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарды сапалы интернетпен қамту жұмыстары жалғасуда. Қалада 5G желісі кеңейтіліп, шалғай елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылуда. Биыл өңірдегі 90-ға жуық ауылды жоғары жылдамдықты интернетке қосу жоспарланған. Бұл шамамен 30 мың тұрғынның интернетке қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қарағанды қаласында бесінші буындағы 5G байланыс желісін кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта заманауи технологияны Қарқаралы қаласында да іске қосу көзделген. Сонымен қатар облыстың шағын ауылдарындағы байланыс сапасын жақсартуға басымдық берілуде.

Қазіргі уақытта Қарағанды облысындағы 70-тен астам шағын елді мекенде интернет пен ұялы байланыс мәселесі бар. Бұл түйткілді шешу «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылады. Жоспарға сәйкес, биыл 90-ға жуық ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылмақ. Бұдан бөлек, өңірдегі 180-нен астам ауылды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Қазір бірнеше ауданда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Осакаров ауданында Молодёжное – Аманқоңыр бағыты бойынша талшықты-оптикалық желі тартылып жатыр.

Интернетпен қамту жұмыстары республика көлемінде де жалғасуда. ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің мәліметінше, елімізде ауылдық жерлердегі 370 елді мекен интернетке қосылған. Биыл бұл көрсеткішті 1,6 мың ауылға дейін жеткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 11 819 шақырым байланыс желісі тартылған.

Цифрлық инфрақұрылымды дамыту тек ауылдар мен қалаларды интернетке қосуды ғана қамтымайды. 2027 жылы облыстық және республикалық маңызы бар 40 мың шақырым автомобиль жолын байланыспен қамту жоспарланып отыр. Осы мақсатта 500-ден астам антенна-діңгекті құрылғы орнату көзделген. Бұл жол бойындағы ұялы байланыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Теміржол және әуе көлігін интернетпен қамтамасыз ету бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Қазір еліміздегі 50 теміржол бағыты бойынша қатынайтын 124 пойыздың құрамындағы 1 500 вагон интернетке қосылған. Сонымен қатар жеті ұшақ пен 50 туристік нысанды байланыспен қамту жоспарланған.

Қазақстанның халықаралық цифрлық байланысын нығайтуға бағытталған жобалар да жүзеге асырылуда. Соның бірі – Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы Каспий теңізі арқылы өтетін суасты талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы. Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 4 511 шақырым болатын «Батыс – Шығыс» гипермагистралі бойынша жұмыстар жалғасуда. Құрылысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Сапалы интернет – білім алу, еңбек ету, мемлекеттік қызметтерді пайдалану және ақпарат алмасу үшін маңызды құрал. Сондықтан Қарағанды облысында 5G желісін кеңейтіп, шалғай ауылдарға талшықты-оптикалық желі тарту тұрғындардың цифрлық мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған. Жоспарланған жобалар жүзеге асса, қала мен ауыл арасындағы интернетке қолжетімділік айырмасын азайтуға жол ашылады.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»