Қарағанды облысында өкпе обырын ерте анықтау скринингі енгізіледі
Қазақстанда өкпе қатерлі ісігін ерте кезеңде анықтауға арналған пилоттық скринингтік жоба іске қосылмақ. Жобаға қатысатын төрт өңірдің қатарында Қарағанды облысы да бар. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді.
Пилоттық жобаны Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл және Ұлытау облыстарында жүзеге асыру жоспарланған. Бұл өңірлерде өкпе обырына шалдығу көрсеткіші республикалық орташа деңгейден жоғары. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүргізіліп, медицина қызметкерлеріне арналған оқыту шаралары өткізілген.
Скрининг кезінде сәулелену мөлшері төмен компьютерлік томография әдісі қолданылады. Бұл тәсіл өкпенің егжей-тегжейлі бейнесін алуға және аурудың бастапқы белгісі болуы мүмкін ұсақ түйіндерді анықтауға мүмкіндік береді.
Тексеруден 50 мен 70 жас аралығындағы, қазір темекі шегетін немесе оны тастағанына 15 жылдан аспаған ерлер мен әйелдер өте алады. Сонымен қатар темекі шегу өтілі де ескеріледі.
Мамандардың мәліметінше, Қазақстанда өкпе обыры жағдайларының шамамен 70 пайызы аурудың үшінші немесе төртінші сатысында анықталады. Бұл кезеңдерде емдеу тиімділігі төмендеп, науқастың сауығу мүмкіндігі азаяды.
Скринингтің негізгі мақсаты – қатерлі ісікті ерте анықтап, науқастардың дер кезінде ем алуына жағдай жасау. Жобаны енгізу өкпе обырынан болатын өлім-жітімді азайтуға және халықтың денсаулығын қорғауға ықпал етуі мүмкін.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

