Әйелдер кәсіпке бет бұрса, отбасы әлеуеті артады

Әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттыру, кәсіби дағдыларын дамыту және тұрақты табыс көзіне қол жеткізуіне жағдай жасау – әлеуметтік қолдаудың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта Қарағанды қаласында «Ұмай» әйелдер клубы мен Отбасын қолдау орталығы «Қолдағы жарық» орталығымен бірлесіп, қызмет алушы аналарға арналған аспаздық шеберлік сабағын ұйымдастырды.

Бастаманың негізгі мақсаты – әйелдердің жаңа кәсіпті меңгеруіне мүмкіндік беру, еңбекке деген ынтасын арттыру және болашақта жеке кәсібін ашуына бағыт-бағдар көрсету. Мұндай кездесулер әсіресе отбасылық міндеттері мен бала тәрбиесін қатар алып жүрген аналар үшін өз қабілетін дамытып, қосымша табыс табудың жолдарын үйренуге мүмкіндік береді.

Шеберлік сабағын көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері әрі кәсіпкер Айжан Шалғынбаева өткізді. Ол 2025 жылы «Бизнес бастау» бағдарламасы аясында мемлекеттік грант иегері атанып, бүгінде жеке кондитерлік кәсібін дамытып келеді. Кәсіпкер қатысушыларға өз тәжірибесін бөлісіп, ет өнімдерін дайындаудың технологиясын таныстырды. Атап айтқанда, сервелат, салями және дәрігерлік шұжық әзірлеу тәсілдерін көрсетті. Сонымен қатар аналар самса, шұжық және тандыр нан пісіруді тәжірибе жүзінде үйренді.

– Біз шұжықтың бірнеше түрін, самса мен ыстық нан дайындаймыз. Мұндай шеберлік сабақтарын Отбасын қолдау орталығымен бірлесіп бұған дейін де өткізгенбіз. Жобаның жалғасын тауып жатқанына қуаныштымыз. Себебі қатысушылар жаңа дағдыларды меңгеріп қана қоймай, кәсіп бастауға қажетті тәжірибе жинақтайды, – дейді кәсіпкер Айжан Шалғынбаева.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалардың әлеуметтік маңызы зор. Өйткені әйелдерге қолдау көрсету тек материалдық көмекпен шектелмеуі керек. Оларға кәсіби бағдар беру, еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды үйрету және өз бетінше табыс табуына мүмкіндік жасау да маңызды. Бұл өз кезегінде отбасылардың қаржылық тұрақтылығын нығайтуға, әйелдердің қоғам өміріне белсенді араласуына ықпал етеді.

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылып жатқан бастаманың тағы бір ерекшелігі – қатысушылардың өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасалуы. Бірі кәсіп ашудың алғашқы қадамдары туралы білсе, енді бірі күнделікті тұрмыста қолдануға болатын жаңа аспаздық әдістерді меңгереді. Осындай орта әйелдердің өзіне деген сенімін арттырып, алға қойған мақсатына жетуіне ынталандырады.

Шара соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Алдағы уақытта Отбасын қолдау орталығы әйелдерге арналған оқыту жобаларын жалғастыруды жоспарлап отыр. Келесі кезеңде аналарға кондитерлік өнімдерді дайындау технологиясын үйрету көзделген.

Жалпы, мұндай әлеуметтік бастамалар әйелдердің әлеуетін ашуға, кәсіпкерлікке қызығушылығын арттыруға және отбасылардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Ең бастысы, қатысушылар дайын көмекке ғана емес, өз еңбегімен табыс табуға мүмкіндік беретін білім мен тәжірибеге қол жеткізеді. Бұл – әлеуметтік қолдаудың нәтижеге бағдарланған тиімді тетіктерінің бірі.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,

«QH»