ЕСЕНҒАЛИ ӨЛГЕН ЖОҚ

Қазақ поэзиясының қабырғасы қайысқан жоқ. Есенғали Раушановтай ақыны бар да қайтіп қайыспақ? Қайтіп қара жамылмақ? Ол тек басқа кеңістікке өтті. Досы Аманхан Әлімұлының сол жаққа кеткеніне бір жыл өткенде. Арман-аңсарына жетті. Бауыры Әмірхан Балқыбек айтқандай, «Мен өлгенде бір ақын қуанса ғой» деп өткен шығар, сірә?! Ақын ғана емес жалпы адам жайлы өткен шақта айтуға болмайды. Өлеңі – өмірі. Демек, мәңгілік жасамақ. Ақын деген алхимик емес пе?

Есенғали Раушановтың шығармашылығы жайлы Светқали Нұржанов дөп басып жазған. «Ей, есті жыр – ескі жыр…» мақаласы ақынның болмысын толық ашып берген. «Есенғали кім?» деген сұрақ туындаса осы бір дүниені оқыңыз. Бір жыл бұрын жазылған екен. Светқали ағамызға да Тәңірі аян берген болар.

«Шынында да Есенғали поэмаларының тынысын тыңдай алған адам: Орқұн, Керулен, Талас бойындағы қара тастарға жыр қашаған Жолдықтегін, Тоныкөктер қашауының сыңғырын; Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбеттердің шәлкес сарындарын; мұңды қиян Маңғыстаудың көне қобыздай күмбездерінің күңгірін; «сәруар Пірдің басшысы» Әзірет Сұлтан мен нағашы атасы «сәруар Пірдің соңы» Бекет бастаған әулиелердің мүлгін түн, мұлғын тұман перделерін дар-дар жыртқан шырақтарының діл лүпілін; Үш қиян бойын шаңдатқан Абыл, Махамбет, Нұрым, қарт Қашаған, Мұраттардың дабылдарын; берідегі «жыр-құлагер» Ілиястың екпіні мен тепкінін қатар естірі хақ. Ғылымдағы хроместезия сияқты үннің, дыбыстың, сөздің түр-түсін, бояуын ажырата білер сұңғыла жан табыла қалса, Есенғали поэзиясынан сандаған ғасырлардың бояулары мен кескіндемелерін тауып алар еді».

Есенғалидың поэзиясын жан-дүниесімен сезініп, ой елегінен өткізіп барып айтылған сөз.

Мәселен, модерншілдер қос ғашықтың суретінің астына «Махаббат» деп атау қойса постмодерншілдер дәл сол атаумен қара нүктенің суретін салады. Адамның жан-көкірегінің көруіне байланысты. Ал Есенғали поэзиясында қос ғашықпен қатар сол қара нүкте жүреді. Эпикалық, философиялық, интимдік өлең болсын. Өз басым, Есенғалидан осыны көремін.

Тағдырдың жазуы деп жатамыз ғой. Шынтуайтына келгенде, ол адамның жазуы. Тағдырды жасайтын біздің ойымыз бен сөзіміз. Ал ақынның қуаты тіптен бөлек. Тәңірі аян беретіні анық. Алайда, өмірін жасайтын адамның өзі. Өлімін болжап һәм сезіп жазған ақындардың өлеңдерін оқып: «Не деген әулиелік?» деп жатамыз. Жоқ. Ақын – әулие емес. Ақынды мінсіз адам ретінде қарауды қою керек. Онда тек елден ерек ойлау қабілеті бар. Болды. Идеал жасамайықшы.

Шерхан Талаптың ақынның соңғы өлеңі болуы мүмкін деп жариялаған мына өлеңі:

Ұзын-ұзын көш келер,

Ұзын шұбап бос келер.

Тырналар-ай,

Қиқу салып тарттыңдар қырға қарай.

Сәл ертерек жетсеңдер қайтер еді,

Мынау байғұс жүректі жұлмаламай.

 

Тырналар-ай, уыз боп тұнған ән-ай.

Мен аңғармай келемін жылда қалай,

Аянышты мына өмір һәм аяулы,

Талдан таяқ таянған «Бір баладай».

 

Билей келсін бұл көктем тойлай келсін.

Ертең тойды қояды ол, қоймай көрсін.

Мәңгі бірге боламыз деп тұр қазір,

Сенеді деп ойлайды, ә?

Ойлай берсін.

 

Көктеменің шын аты арман-елес.

Кетеді ол да, қасымда қалмақ емес.

Сүйем жалған екенін біле тұра,

Не бар өзі дүниеде жалған емес.

Бұл өлең де соған дәлел. Сөзің іске айналады. Мұны білесіздер ғой. Көз жеткізген де шығарсыздар. Сөздің энергетикасы бөлек құбылыс.

Қақпай қойса қақпасын есігімді ел,

Мейлі, тіпті ұмытсын есімімді ел.

Аспан жақын секілді жерден гөрі.

Кешіріңдер!

Ақиқатты таныған ақын ғана осылай жазады. Ол өзге кеңістікте. Шын бақытты. Мен қайғырмаймын, керісінше қуанамын. Пайғамбар жасында кеңістікке аттанған ақын қандай бақытты?

Светқали ағамыз жоғарыда айтқан мақалада: «Есенғали соңғы сұқбаттарының бірінде: «Маған сеніңіз, бізді Ұлы өзгерістер күтіп тұр, көп қалған жоқ, аз ғана шыдаңыз, бәрі басқаша болады!» – депті. Әрине, сенеміз. Әбіш ағасы айтқан: «Бір Тәңірге тән сақилықпен жаратылған әлемет әлемнің мәні мен әрін айнытпай жеткізе алған құдіретті ақынға», Ене құрсағында жатқанда-ақ аузына періште түкірген Пір Бекеттің жиеніне сенбегенде ше!..» деп түйіндепті. «Соңғы сұқбат» деп жазу да жазу емей немене?

Ерболат ҚУАТБЕК,

«QH»