Еңбек нарығына қажетті маман кадрлар колледжден басталады
Қарағанды облысында мемлекеттік білім беру тапсырысы кәсіпорындардың нақты сұранысына сай қалыптастырылып, колледждерде жаңа мамандықтар ашылуда. Білім беру ұйымдары мен өндіріс орындарының ынтымақтастығы нығайып, жастарды сұранысқа ие жұмысшы кәсіптерге даярлауға басымдық беріліп отыр.
Өңірде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі өңір экономикасының қажеттіліктеріне қарай жаңғыруда. Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте талқыланды. Жиында кадр даярлаудың жаңа тәсілдері, колледждер мен кәсіпорындар арасындағы әріптестік және алдағы жылдардағы мамандарға сұраныс мәселелері қаралды.
Қазір өңірде 49 колледж жұмыс істейді, онда 33 мыңнан астам студент білім алады. Түлектердің еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруі үшін білім беру бағдарламалары жұмыс берушілермен бірлесіп жаңартылып жатыр.
– Бүгінде еңбек нарығымен бірге білім беру мазмұны да өзгеруде. Жұмыс берушілермен бірлесіп, 243 білім беру бағдарламасын әзірледік. Оқу үдерісіне микробіліктіліктер, Minor қосымша бағдарламалары және жасанды интеллект енгізіліп жатыр. Болашақ IT мамандары деректерді талдау мен киберқауіпсіздікті, кеншілер цифрлық жабдықтар мен автоматтандырылған басқару жүйелерін, ал энергетиктер автоматтандыру мен энергия үнемдеу технологияларын меңгеруде, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев.
Білім беру бағдарламаларын жаңартумен қатар, оқу үдерісі мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға да көңіл бөлінуде. Қазір облыста 37 колледж 464 кәсіпорынмен ынтымақтастық орнатқан. Дуальды оқыту жүйесі студенттерге теориялық білімін өндірістік тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, 150 кәсіпорын 29 колледжге қамқорлық жасауда.
Еңбек нарығындағы өзгерістер жаңа даярлық бағыттарын ашуды талап етеді. Биыл Теміртау жоғары политехникалық колледжі гидротехникалық құрылыс мамандығы бойынша алғашқы 30 студентті қабылдады. Осылайша, өңірде су шаруашылығы мен инженерлік инфрақұрылымға қажетті мамандарды даярлау басталды.
Кәсіпорындармен ынтымақтастықтың жаңа үлгісі ретінде салалық білім беру-өндірістік кластерлері құрылып жатыр. Алғашқысы – Step Build: қадам мамандыққа құрылыс кластері. Оның аясында «Кірпіш қалау» құзыреті бойынша оқу орталығын ашу, BIM-технологияларды енгізу және жоғары оқу орындарымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.
Сонымен қатар мектептерді, колледждер мен жоғары оқу орындарын, сондай-ақ IT-компанияларды біріктіретін өңірлік IT-альянс құрылды. Агроөнеркәсіптік кешенге арналған кластерді қалыптастыру жұмыстары да басталған. Қазір ауыл шаруашылығы кәсіпорындары колледждермен маман даярлау және қызметкерлерді тәжірибе жүзінде оқыту жөнінде 31 меморандум жасасқан.
Мұндай әріптестік оқу бағдарламаларын өндірістің нақты талаптарына бейімдеп, студенттерге кәсіби дағдыларды тәжірибе барысында меңгеруге жол ашады. Ал кәсіпорындар өздеріне қажетті кадрларды алдын ала даярлауға мүмкіндік алады.
Кадр даярлау жүйесіндегі маңызды өзгерістердің бірі – мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру тәсілі. Енді колледждерге бөлінетін орындар еңбек нарығындағы сұраныс пен жұмыс берушілердің қажеттілігін ескере отырып жоспарланады. Бұл ретте қазіргі бос жұмыс орындарымен қатар, болашақта іске қосылатын өндірістер мен инвестициялық жобалар да назарға алынады.
– Мемлекеттік білім беру тапсырысы алғаш рет колледждердің өтінімдеріне емес, кәсіпорындардың нақты кадр қажеттілігіне қарай қалыптастырылды. Колледждер бизнес өкілдерінен сұранысқа ие мамандықтар бойынша ұсыныстар алады, студенттер тәлімгерлердің жетекшілігімен өндірісте тәжірибеден өтеді, ал оқу орындары білікті жұмысшылар даярлайды. Ең бастысы – мамандар оқуын аяқтағаннан кейін осы кәсіпорындарға жұмысқа орналасып, сонда еңбек етуі керек, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Өңір басшысы салалық кластерлердің жұмысын жандандырып, бизнес өкілдерімен бірлесіп, алдағы үш жылға қажетті жұмысшы мамандардың санын айқындауды тапсырды. Мұндай жоспарлау кадр тапшылығының алдын алып, мемлекеттік тапсырысты өңір экономикасының даму бағыттарымен сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
Талдау нәтижелеріне сәйкес, алдағы бес жылда Қарағанды облысының кәсіпорындарына төрт мыңнан астам қызметкер қажет болады. Олардың басым бөлігі – техникалық мамандар. Атап айтқанда, құрастырушылар, электрмонтерлер, токарьлар, бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика құрылғыларын жөндейтін және реттейтін мамандар, операторлар және басқа да жұмысшы кадрлар сұранысқа ие.
Бұдан бөлек, облыста 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуды көздейтін 186 инвестициялық жобадан тұратын тізбе қалыптастырылған. Жаңа өндірістердің іске қосылуы мамандарға деген сұранысты арттыратындықтан, кадр даярлау жұмысын алдын ала жоспарлау маңызды.
Осы тұрғыдан алғанда, колледждер мен кәсіпорындар арасындағы байланысты нығайту – білім беру жүйесінің ғана емес, өңірдің экономикалық дамуының да маңызды бөлігі. Жастар сұранысқа ие кәсіпті меңгеріп, еңбек нарығында өз орнын табуға мүмкіндік алады. Ал жұмыс берушілер өндіріс талаптарын білетін, кәсіби даярлығы қалыптасқан мамандармен қамтамасыз етіледі.
Қарағанды облысында қолға алынған өзгерістердің түпкі мақсаты – білім беру мен өндіріс арасындағы байланысты жүйелі жолға қойып, өңір экономикасына қажетті білікті жұмысшы кадрларды уақытылы даярлау.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»

