Еңбегі еленген ұстаз

Ұстаздық – тек білім беру емес, жас ұрпақтың бойына адамгершілік пен ұлттық құндылықтарды сіңіріп, болашағына бағыт-бағдар көрсету. Осы жауапты міндетті өмірлік ұстанымына айналдырған Баян Мүкушова білім беру саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, қазақ тілінің мәртебесін арттыруға өзіндік үлесін қосты. Көп жылғы адал қызметі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен берілген «Шапағат» медалімен бағаланды.

Баян Конорбаевна Мүкушова 1962 жылы Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданында дүниеге келген. Оның ұстаздық жолы математика пәнінен басталғанымен, уақыт өте келе қазақ тілін оқытуға деген қызығушылығы басымдық танытты.

1984 жылы академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің математика факультетін тәмамдаған жас маман еңбек жолын ауыл мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып бастайды. Сол кезеңде оған орыс тілінде білім алатын бастауыш сынып оқушыларына қазақ тілін қосымша үйрету ұсынылады. Осылайша, ұстаздың өмірінде жаңа бағыт қалыптасады.

Алғашқы сабақтарының біріне министрліктен келген тексеруші қатысып, оның жұмысына жоғары баға береді. Тіпті жас маманға қазақ тілін оқыту бағытында кәсіби тұрғыда дамуын жалғастыруға кеңес айтады. Бұл сөздер Баян Конорбаевнаның мамандық таңдауына ерекше әсер етіп, алдағы еңбек жолына бағыт береді.

– Сол кезде бастауыш сынып оқушыларының қазақша сөздерді айтып, өз ойын мемлекеттік тілде жеткізе бастағанын көру мен үшін үлкен қуаныш еді. Өз еңбегім арқылы қазақ тілінің мәртебесін арттыруға үлес қосуды мақсат еттім. Сондықтан 2000 жылы Қазақстан-Ресей университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түстім, – дейді ұстаз.

Екінші жоғары білімін алғаннан кейін ол 2004 жылдан бастап «Бақыт» бөбекжайында қазақ тілі мұғалімі болып қызмет атқарды. Содан бері бүлдіршіндердің мемлекеттік тілді меңгеруіне, сөздік қорының толығып, сөйлеу дағдыларының қалыптасуына еңбек сіңірді.

Ұстаздың айтуынша, мектепке дейінгі кезең – баланың тілдік қабілеті қарқынды дамитын маңызды уақыт. Бұл жаста балалар жаңа ақпаратты ойын, қимыл-қозғалыс, көрнекілік және қайталау арқылы жақсы қабылдайды. Сондықтан сабақ барысында баланы мәжбүрлеуден гөрі, оның қызығушылығын оятуға басымдық берген жөн.

Осы мақсатта Баян Конорбаевна дидактикалық және сюжеттік-рөлдік ойындарды, ертегілерді сахналауды, жаңылтпаштар мен жұмбақтарды, саусақ ойындарын кеңінен қолданған. Сондай-ақ суреттер мен қуыршақтарды пайдаланып, балалардың қазақша сөйлеуге деген ынтасын арттыруға тырысқан.

Оның пікірінше, қазіргі балалардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі әртүрлі. Бірі қазақ тілін жақсы түсініп, еркін сөйлесе, енді бірі өзге тілді жиі қолданады. Мұның басты себептерінің бірі – отбасындағы тілдік орта. Сондықтан тәрбиеші мен ата-ананың бірлескен жұмысы аса маңызды.

– Баланың қазақ тілін меңгеруінде балабақша мен отбасының рөлі бір-бірімен тығыз байланысты. Балабақшада үйренген сөздерін бала үй жағдайында да қолдануы керек. Ата-аналарға балаларымен қазақша сөйлесіп, бірге кітап оқуға, мультфильм көруге, ән айтып, тақпақ жаттауға кеңес берер едім, – дейді ол.

Ұстаз өзге тілде сөйлейтін балалардың мемлекеттік тілге қызығушылығын арттыру үшін ең алдымен жағымды тілдік орта қалыптастыру қажет екенін атап өтті. Баламен күнделікті жылы қарым-қатынас орнатып, қарапайым сөздер мен сөз тіркестерін қайталау, қазақша әндер мен ертегілерді пайдалану жақсы нәтиже береді. Өйткені баланың тілді үйренуге деген ынтасы сол тілде қарым-қатынас жасаудан алатын қуанышынан басталады.

Бүгінде білім беру саласында жаңа технологиялардың маңызы артып келеді. Баян Конорбаевна да мектепке дейінгі ұйымдарда дәстүрлі оқыту әдістерін цифрлық технологиялармен ұштастыру қажеттігін алға тартады. Оның пайымдауынша, интерактивті ойындар, аудио және бейнематериалдар, сапалы қазақтілді мультфильмдер мен танымдық қосымшалар бүлдіршіндердің мемлекеттік тілді меңгеруіне оң ықпал етеді.

Қазақ тілін үйретуді тек сабақ барысында орындалатын міндет деп қарастырмайтын ұстаз үшін бұл – ұлттық құндылықты дәріптеудің бір жолы. Себебі ана тілі арқылы бала халықтың мәдениетін, салт-дәстүрін танып, ұлттық болмысын қалыптастырады.

Баян Конорбаевна 2023 жылы зейнетке шықты. Оның артында білім мен тәрбиеге арналған ондаған жылдық еңбек жолы, бүлдіршіндердің алғашқы тілдік дағдыларын қалыптастыруға қосқан үлесі қалды. Ал көп жылғы қызметінің еленуі ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Шапағат» медалімен марапатталуы – ұстаз еңбегіне көрсетілген зор құрмет.

Ұстаздың шынайы жетістігі тек марапатпен өлшенбейді. Оның еңбегінің жемісі – ана тілінде сөйлеп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген жас ұрпақ. Баян Мүкушованың өмір жолы таңдаған мамандығына адалдықтың, үздіксіз ізденістің және ел болашағы үшін атқарылған еңбектің үлгісі.

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»