Домбыра үні – ұлттың үні

Күйші қанша мықты болса, қолындағысы да соған сай болуы керек. Батыр боп жауға шапқанмен, астыңдағы атың шаппаса бір ақырет, ал, домбыраның жақсысын қайдан табуға болады? Шеберін тапсаң, құтты домбыра да қолына тиеді. Қарапайым ағаштан ойылған қу ағаштың, бір ұлттың мұң, қуанышын төгетін алтын аспапқа айналатынын кім білген. Негізінде нағыз еңбек осы домбыраны жасап, өздері көрінбесе де талай таланттың бағын ашуға себеп болып жатқан шеберлердікі.

Домбыра – қазақ халқының жаны мен жүрегінің үні. Оның қоңыр даусы ұлттық тарихты, елдің арман-тілегін жеткізген өнер туындысы ғана емес, ұлттың айнасы десек артық емес. Байқадам ауылының тұрғыны, домбыра жасаушы шебер Хайролла Мәлік осы өнердің жүгін арқалап жүргендердің бірі. Ол қырық жылға жуық уақытын домбыра жасау ісіне арнап, ұлттық өнерді дәріптеуде. Шебердің айтуынша, бүгінде халық арасында кең таралған домбыраның екі түріне «Абай домбырасы», «Жамбыл домбырасы» деп қате атау беріліп жүр. «Шын мәнінде, домбыра түрлері аймақтық ерекшеліктеріне қарай аталады. Яғни, шертпе күйге арналған Арқа домбырасы, төкпе күйге арналған Батыс Қазақстан домбырасы деген атауларды қолданған дұрыс, – дейді шебер.

– Халық арасында ұмыт бола бастаған үш шекті домбыра мен шіңкілдек домбыраны қайта жаңғыртып, қолдану аясын кеңейтуге күш салудамыз. Домбыраның түрлері көп. Әрқайсысы өзінің үн ерекшелігімен құнды. Мәселен, үш шекті домбыра жұмсақ, нәзік дыбысымен ерекшеленсе, шіңкілдек домбыра жіңішке әрі ширақ әуендерге сай келеді. Бірақ бұл домбыра түрлері бүгінде көп қолданылмай жүр, – дейді шебер Хайролла Мәлік.

Домбыраның сапасы мен үні оның жасалған материалына тікелей байланысты. Хайролла шебердің айтуынша, домбыра жасауда қайың, қарағай, жаңғақ және басқа да ағаш түрлері қолданылады. «Ағаштың табиғи қасиеті дыбыстың сапасына әсер етеді. Сондықтан да әр домбыраның бағасы мен ерекшелігі оны жасауға кеткен материал мен еңбекке сай келеді», – дейді ол. Шебердің қолынан шыққан домбыралар әншілер мен күйшілер арасында кеңінен танымал. Белгілі өнерпаздар Бекболат Тілеухан мен Қайрат Байбосынов оның домбыраларын сахнаға алып шығып жүр.

– Әрбір домбыраны тапсырыс берушінің дауыс ырғағына, орындау стиліне қарай жасап беремін. Бұл үлкен жауапкершілікті қажет ететін жұмыс, – деп атап өтті шебер.

Хайролла Мәлік бір домбыраны жасау үшін шамамен бір апта уақыт жұмсайды. Бұл жерде тек ағашты кесіп, құрастыру емес, оның әрбір бөлшегін мұқият өлшеп, дұрыс өңдеу маңызды. Домбыраның әсемдігі мен сапасы – оның шынайы құндылығы, – деп түсіндіреді шебер. Бүгінде Хайролла шебердің ісін жалғастыруға балалары да атсалысып жүр. Әкелерінің өнерін көріп өскен олар ұсталықтың қыр-сырын меңгеріп, домбыра жасау ісін одан әрі дамытуда.

– Домбыра жасау өнерін жастар арасында насихаттау маңызды. Балаларға арналған шағын домбыралар да жасап жүрмін. Олар ұлттық өнерді жақын танып, қызығушылық танытса, келешекте дәстүрді жалғастырады деп сенемін, – дейді Хайролла Мәлік.

Домбыра – қазақ халқының мәдени мұрасы. Хайролла Мәліктің еңбегі ұлттық өнерді сақтау мен дамытуға қосқан үлесі ретінде бағаланады. «Домбыра – қазақтың үні ғана емес, оның болмысы. Бұл өнер ешқашан өшпеуі керек. Менің мақсатым – домбыраны қайта жаңғыртып, оны жас ұрпаққа аманаттау», – деп қорытындылады шебер. Осылайша, домбыра жасау ісіне бүкіл ғұмырын арнаған Хайролла Мәлік ұлттық өнердің өрісін кеңейту жолында аянбай еңбек етуде.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,                                    

«QH»