Чернобыльдың ең қауіпті аумағында болған Мейрамбек Баекенов әділдік іздейді

1986 жылдың 26 сәуірі күні ХХ ғасырдағы ең ірі, жойқын апат орын алды. Украинадағы Чернобыль атом электр станциясының төртінші блогы жарылды. Сол кезде Кеңес Одағының құрамындағы 15 мемлекеттен шамамен 600 мыңға жуық адам апат зардабын жоюға жұмылдырылды. Соның 32 мыңға жуығы қазақстандықтар еді. Сол 35 жыл бұрынғы сәуір сойқанындағы апат ошағында болғандардың бірі – Мейрамбек Баекенов.
Мейрамбек Кәрімұлы екі жылдық әскери борышын 1980 жылы Мәскеуде өтеген. Отан алдындағы борышын ойдағыдай атқарған азамат елге оралған соң отау тігіп, бір қыздың әкесі атанды. Алайда 1987 жылғы 16 шілдеде әскери коимссариаттан жедел шақырту алады. Осы күннен бастап әскерден кейінгі әдетті өмірінің шырқы бұзылды. Шұғыл шақыртумен барғанда бірінші кезекте әскери билеттері мен сол кездегі басты құжат қызыл паспорттары жиналып алынады. Таңертең медициналық тексерістен, облыстық комиссиядан өтесіңдер, жұмыс орындарыңа телефонаграмма жібереміз, жұмыста сендерді іздемейді деп түсіндірген. Бір таңқаларлығы – қайда, қандай мақсатта аттанып бара жатқандары жасырын болған, айтылмаған. Бір эшелон сарбаз арада апта өтіп Украина жеріне жеткен. Апат орнына апарған бетте нұсқаулық беріліп, сұрыптау жасалады. Мейрамбек болған қазақстандық сарбаздардың бір тобын қабылдап алушы полковниктың алғашқы сауалы мынадай болған: «86 жылғы желтоқсан көтерілісіне кім қатысты?». Осыдан кейін: «Бұлардың бәрін 4 энергоблокқа апарыңдар!» — деген бұйрық берген. Ал, төртінші блок нағыз радиациялық ошақтың ортасы еді. Мұнда келгендер алғашында уытты сәуле өмірлерінің соңына дейін соққы боларын ұқпаған болатын. Олар радиация сіңіп кеткен қабырғаларды тазартып, жарылыстан шашылған түрлі қалдықтарды жинаумен айналысқан. Бұлардың бәрі: бұл залалсыздандыру жұмыстарын одақтық билік бұйырды, бұл – Отан алдында жүктелген міндет деп қабылдады.
Ал, шындығына келгенде, сол кездегі одақтық билік тарапынан апат зардабын жоюшыларға қатысты біраз ағаттық кеткен. Мысалы, шақырту алатындар санатындағылар жасы отыздан асқан, әрі кем дегенде екі баласы барлар болуы керек еді. Және олар радиация аймағында алты ай емес, екі ай болуға тиіс еді. Алайда, қарусыз қырғынға барған қазақстандықтар қатарында жиырмадан толық аспаған жастар да болды. Солардың бірі Мейрамбек Кәрімұлының жасы сол кезде небары 23-те ғана еді.
Содан беріде арада 35 жыл өтті. Қазақстан одақ құрамынан шығып, өз алдына тәуелсіз ел атанды, жағдай жақсарды. Алайда жазылмаған тән жарасы, жан наласы қалды. Көзге көрінбейтін ажалмен күрескендер өздеріне тиісінше мәртебе берілсе дегенді бұйымтай етті. Уытты өлкеден өмірлік қасірет шеккендер шағымы
ескерілді де. Бірақ әлі де болса әділдік толық орнамады, — дейді біздің кейіпкер.
Айта кету керек, былтырғы жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының ардагерлер туралы» Заңына қол қойды. Жаңа заңда ардагерлердің әлеуметтік қорғалатын бес санаты көрсетілген. Сол салмақты санатқа Чернобыль атом электр станциясында болып, апат зардабын жоюға қатысқан азаматтар жатады.
Яғни, заңдық құжат негізінде Чернобыль апатын жоюға қатысқандар, басқа да қауіпті апаттардың салдарын жойғандар мен соның нәтижесінде мүгедек болғандар Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірілді. Жаңа заң ардагерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік кепілдемелерді де
айқындап берді.
Жаңа заң жағдайды оңалтуға бағытталғаны шындық. Бірақ «Чернобыльдің қауіпті аймағында болған мүгедек ардагерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Баекенов: «Әлі де болса әділдік орнамады, апатты жоюшылар тартқан зардаптарына сай дұрыс жіктелмеді», — деп қынжылады.
— Мысалға, радиация зардабын залалсыздандыруға барғандардың бәрі бірдей ажал аузы саналған, төртінші блокқа тасталған жоқ. Қайсыбірі штабта, енді бірі орманда, деревняларда болды. Бірақ жеңілдік те, қолдау да жалпыға ортақ деп қарастырылғаны дұрыс емес. Заңда осындай нақтылық ескерілмеген. Осыдан келіп берілер жәрдемақыда да жөнсіздік кетті, — дейді.
Ал, орасан апатқа отыз бес жыл толуы аясында Қарағандыда 238 адамға 100 мың теңгеден қолдау қаржы қарастырылған. Бұдан бөлек, қалалық бюджет есебінен тегін жол жүру билеті берілген. Оның сыртында республикалық қазындан қарастырылған жәрдемақы бар. Жеңілдіктерді жіптей тізсеңіз де, зиянды сәуленің салдарын жоймасы анық.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ
«QH»