БУДДА – ҚАЗАҚ, БУДДА – ҮНДІ, КІМ ТАПТЫ ЕКЕН БҰЛ ДІНДІ?

Әлемге аты мәшһүр тұлғаларды қазақ қылу үдерісі жүріп жатыр. Ендігі кезек Буддаға келіпті. Дәлелі де жоқ емес. Белгілі археологтер Арман Умарходжаев пен Арман Нұрмұхамедов бастаған экспедициялық топ Непал еліне барып қайтқан еді. Будданың тікелей ұрпақтары аталған жерде өмір сүріп жатыр екен. Археологтер ДНҚ сараптамасын жүргізіп, нәтижесінде Будданың ұрпақтары мен қазақтардың қаны бір болып шыққан. Тағы бір қызығы, непалдықтар нанды «нан», жанды «жан», аптаны «апта» дейді екен. Сонда Будданың, шынымен, қазақ болғаны ма?

«Буддизм бізді сырт айналып кеткен жоқ» дейді көне деректер. Буддизм қазақ жеріне Ұлы жібек жолы арқылы келген екен. Алғашқы үдеріс б.з.д. І ғасырдан бастау алады. Бұл қазақ жеріне буддизмді таратудың І кезеңі болып табылады. Енді мынаған қараңыз: буддизм діні тек VI ғасырда пайда болған. Сонда деймін де, буддизм діні қазақ жеріне бес ғасыр бұрын қайтіп келген?

Қош. Ал ІІ кезең VIII-XIII ғасыр аралығында жүзеге асыпты. Мұнысы нанымдырақ енді. Махмұд әл-Қашқаридің өлеңдерінде мұсылмандар мен буддистер арасындағы қақтығыс жайлы суреттеледі. Ал Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» еңбегінде наймандардың көсемі Кучлуктың Жетісу жеріне баса-көктеп кіріп, буддизм дінін таратқаны баян етіледі. Қазақ жерінде буддизм діні болды дегенге қарсы келе алмаймыз. Өйткені бізде шаманизмнің болғаны – ақиқат. Ал шаманизм буддизмнің бір тармағы болған. Ә.Қоңыратбаевтың еңбегінде былай делінген: «Шаманизм тұсында адам Тәңірден тәуелсізденеді. Онда исламға тән Әзірейіл, тозақ, пейіш, күнә, жазалау сарыны жоқ. Адамды тек аруақтар ғана қолдайды. Соғдиан жұрты, өзбектер кейін өлікті қора ішіне, жер бетіне қойған. Оның мәнісі – аруақ тіріден бөлек емес». Исламда өлім парыз болып табылса, шаманизмде өлімді мойындамайды. Бір ғана мысал: Қорқыттың ажалдан қашуы. Ажалға мойынұсынбауы.

Буддизм жайлы Владимир Высоцкийдің өлеңінде де кездеседі:

«Кто верит в Магомета, кто в Аллаха, кто в Исуса,

Кто ни во что не верит, даже в черта, назло всем.

Хорошую религию придумали индусы –

Что мы, отдав концы, не умираем насовсем».

Тәңірден тәуелсіздену деген – осы.

Сонымен қатар Ә.Қоңыратбаевтың пайымдауынша, қазақтың ауыз әдебиеті антиисламдық рухта туған. Өйткені ертедегі сақ-массагет, хұни, моңғол, түркі тайпалары, одан соңғы оғыз ұлыстары кезінен қалған тотемизм, зооморфизм, мифология, анимизм, зороастризм, адамға сыйыну сарындары аралас жүр. Мұның бәрі қазақ фольклорынан орын алған. Олжас Сүлейменовтің «Адамға табын, Жер, енді» поэмасының бір идеясы – осы.

Және шаманизмнің шын мазмұны табиғатқа ғана табыну емес, адамға, яғни аруақ пен онгонға сыйыну болып табылады. Бұл наным IV-VIII ғасырларда Алтай, Орта Азияда моңғол, түркі тайпалары матриархат дәуірінен өтіп, патриархат дәуіріне көше бастаған кезде туған екен.

Шаманизм дінін жүйелі түрде зерттеген – Шоқан. Шамандыққа мынадай анықтама береді: «Әлемдік дүниені сүю, табиғатқа деген шексіз махаббат және өлгендердің рухын қастерлеу, аруағын ардақтау. Ертедегі адамдардың нәресте, пәк көңіл санасы күнді, айды, жұлдыздарды, мәңгілік өзгерістегі бүкіл жарық дүниені құрмет тұтты, осыларды біз табиғат немесе әлем дүниесі деп атадық». Сонымен қатар шамандықта зороастризмнің әсері де бар екен. Қош. ІІІ кезеңге көшейік. XIII-XIX ғасыр аралығын қамтиды. Қазақ жерінен табылған Будданың бейнелері дәлел бола алады. Тамғалы тастағы Будданың бейнесі туралы не айтасыз? Қалмақтардың қазақ жеріне бұтханалар салғаны жайлы не білесіз? Қарақаралыдағы Кент тауының етегінде орналасқан Қызыл кеніш бұтханасы ше?

Енді Әмірхан Балқыбектің «Мәңгілік махаббат жыры» мақаласына тоқтала кетсек. Аталмыш мақаланың «Будда бірде дүниеге келгенде» атты тармағы бар. Сонда «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» махаббат дастаны жайлы айтылады. Будда мен дастанның не байланысы бар дейтін шығарсыз?

Енді мынаған назар аударыңыз, Әмірхан Балқыбек былай дейді: «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры далаға ислам дiнi келгеннен көп бұрын пайда болып, жергiлiктi халық санасына тамырын терең бойлатып үлгергенiмен ғана исламның цензуралық құрығынан аман қалды деп долбарлауға болады.

Сонымен, жырдың кейiпкерлерi мен оны алғаш жырлаған ақынның ұстанған сенiмi қандай болуы мүмкiн? Бiздiңше, бұл Үндiстан топырағында бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi ҮI-Ү ғасырларда пайда болған будда iлiмi болуға тиiс. Тек будда iлiмiнiң ғана өзiне-өзi қол көтерушiлерге кешiрiммен қарайтыны мәлiм. Тiптi, бұл iлiмнiң жапондар ұстанатын дзэн-буддизм тармағында қандай да бiр мақсатты орындау жолында өзiне-өзi қол көтергендердi ұлық тұтатын дәстүрдiң де бар екендiгi жасырын емес. Еске жапон самурайларының бастарына сын сағаты туғанда харакири (өзiн-өзi жарып өлтiру) жасайтындығын түсiрсек те жеткiлiктi.

Қозыға деген махаббаты жолында өзiн-өзi өлтiруге бел байлаған Баян сұлу күнәсiн тек осы дiн ғана кешiре алмақ. Тiптi, керiсiнше, жаңағы жапондардағы секiлдi бас июге тұрарлық ерлiк, қаһармандық iс деп дәрiптеуi де ықтимал. Егер Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың үлкен құрметпен бiр кесенеге жерленгенiн, ол кесененiң осы күнге дейiн сақталғанын жадымызға түсiрсек, кiм бiледi, бұлай болуы да әбден мүмкiн ғой.

Мiне, дәл осы буддизмнiң Қытай аумағы мен iрiлi-ұсақты Жапон аралдарына аяқ басар алдында бiздiң даламызда бiраз тұрақтағанын бүгiнгi ғылым жоққа шығармайды.

Олай болса, бiздiң жыр кейiпкерлерi мен оны алғашқы жырлаған ақын ұстанған сенiмдерi бойынша буддашылар болған деген пiкiрiмiздiң де әбден жаны бар болуы мүмкiн. Ал буддашыл ақынның жырды бүгiнгi бiзге мәлiм нұсқаларындағыдан мүлдем басқаша сарынмен аяқтайтындығы да еш жасырын емес».

Бұған не дейсіз? Буддизмге қатысты біржақты пікірде қалуға болмайды. Болжам мен тұспал көп.

Археологтердің келтіріп отырған тағы бір дерегі мынау: Шакьямуни, яғни Будда «сақ тайпасынан шыққан данышпан» деген мағынаны білдіреді.

Буддизмнің әсері мол. Соның бірі – сопылық поэзия. Оның жарқын өкілдері: Арыстан баб, Бақырғани, Яссауи.

Қош. Высоцкийдің өлеңіне қайта көшсек.

Түйіні былай:

«Так кто есть кто, так кто был кем, мы никогда не знаем,

С ума сошли генетики от ген и хромосом.

Быть может, тот облезлый кот был раньше негодяем,

А этот милый человек был раньше добрым псом.

 

Я от восторга прыгаю,

Я обхожу искусы.

Удобную религию,

Придумали индусы».

«Жан көшеді» дейді будда дінінде. Адам өлгеннен кейін, жаны басқа тіршілік иесіне ауысады. Итке айналуыңыз мүмкін һәм жылқыға. Бірақ қазір өлмей-ақ итке айналғандар көп қой. Немесе доңызға. Бұған енді илануға болады.

Ерболат ҚУАТБЕК,

«QH»