Борышкерлерге жаңа мүмкіндік беріледі

Қазақстанда несие берешегін реттеу жүйесіне ауқымды өзгерістер енгізіледі. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа заңнамалық нормаларға сәйкес, коллекторлық агенттіктердің қызметі тек қарызды өндіріп алумен шектелмей, азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге де бағытталады. Сарапшылардың айтуынша, бұл өзгерістер борышкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтіп, қарыз жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Адвокат Елена Попованың айтуынша, Қазақстандағы коллекторлық қызмет көптеген елдермен салыстырғанда заң аясында жұмыс істейді және азаматтарды заңсыз қысымнан қорғайтын тетіктер жеткілікті.

– Қазақстанда коллекторлардың азаматтарды қорқытуы, үздіксіз мазалауы немесе заңсыз әрекеттерге баруына жол берілмейді. Барлық жұмыс қолданыстағы заң талаптарына және сот орындаушыларының қызметін реттейтін нормаларға сәйкес жүргізіледі. Азаматтардың құқықтары заңмен қорғалған, – дейді адвокат Елена Попова.

Жаңа өзгерістердің басты ерекшелігі – бірнеше несиесі бар азаматтарға барлық қарызын бір төлем кестесіне біріктіруге мүмкіндік беріледі. Осы мақсатта Берешекті реттеудің бірыңғай орталығы платформасы іске қосылады. Бұл жүйе екі және одан да көп несиесі бойынша төлем мерзімі 90 күннен асқан азаматтарға арналған.

Сонымен қатар 2027 жылғы 1 мамырға дейін проблемалық тұтынушылық несиелерді коллекторлық агенттіктерге беруге мораторий енгізіледі. Осы кезеңде банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер қарыз алушымен міндетті түрде келіссөз жүргізіп, қайта құрылымдау, төлем мерзімін ұзарту, кейінге қалдыру немесе қарыз жүктемесін азайту секілді шешімдерді ұсынуы тиіс.

ҚР микроқаржы омбудсманы Назгүл Естеусізованың айтуынша, жаңа жүйе борышкерлер үшін қарызды өтеу процесін едәуір жеңілдетеді.

– Жаңа платформа арқылы азаматқа әр кредиторға жеке-жеке төлем жасаудың қажеті болмайды. Барлық берешек бір жүйеге біріктіріліп, түсінікті төлем кестесі ұсынылады. Бұл борышкердің қаржылық жағдайын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар коллекторлық агенттіктер де сотқа дейінгі берешекті реттеу процесіне міндетті түрде қатысады және бірыңғай төлем кестесін ұсынуға міндеттеледі, – деді ҚР микроқаржы омбудсманы Назгүл Естеусізова.

Заңнамалық өзгерістер несие беру тәртібіне де әсер етеді. Екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары енді қарыз алушының төлем қабілеттілігін мұқият бағалап, несие өнімдерінің шарттары, толық құны мен ықтимал тәуекелдері туралы толық әрі түсінікті ақпарат беруге міндетті болады.

– Жаңа талаптар қаржы ұйымдарының жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Несие беру кезінде клиенттің қаржылық мүмкіндігі жан-жақты бағаланып, барлық тәуекелдер туралы толық ақпарат ұсынылуы тиіс. Бұл артық несие жүктемесінің алдын алуға мүмкіндік береді, – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Банктік емес ұйымдарды реттеу департаментінің директоры Нұржан Бидайбек.

Мамандардың пікірінше, енгізіліп отырған өзгерістердің нәтижесінде несие алу талаптары қатаңдай түскенімен, қаржылық қиындыққа тап болған азаматтарға берешегін реттеу әлдеқайда жеңіл болады. Сондай-ақ микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктердің қызметіне бақылау күшейтіліп, тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетіктері кеңейтіледі.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»