Қарқаралыда мерейлі мереке
Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, аңызға айналған сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шаралар өтті.
Мерейтойға аудан тұрғындары, еліміздің әр өңірінен келген қонақтар, қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері мен жастар қатысып, айтулы күн елдік пен бірліктің жарқын көрінісіне айналды. Негізгі мерекелік шаралар «Qarqaraly GO» этноауылында ұйымдастырылды.
Этноауылда ұлттық нақыштағы киіз үйлер тігіліп, қолөнер шеберлерінің көрмесі қойылды. Шығармашылық ұжымдар концерттік бағдарлама ұсынып, келушілерге қазақ халқының бай мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттайтын түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Мерекенің маңызды бөлігі ұлттық спорт түрлеріне арналды. Қатысушылар қазақ күресі, қол күресі және садақ атудан бақ сынаса, ат спорты бойынша құнан бәйге, топ бәйге және аламан бәйге өткізіліп, көрермендердің зор қызығушылығына ие болды.
Жиналған қауым алдында сөз сөйлеген Тоқтар Әубәкіров туған жерінде көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдірді.
– Қадірлі жерлестерім, осы айтулы күнді менімен бірге бөліскендеріңіз үшін баршаңызға шын жүректен рақмет! Туған жерімде болып, достарымды, пікірлес азаматтарды және жалынды жастарды көргенім – мен үшін үлкен мәртебе. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, елімізге тыныштық пен өркендеу тілеймін, – деді Халық Қаһарманы.
Тоқтар Әубәкіровтің мерейтойы – ел тарихында есімі алтын әріппен жазылған тұлғаға көрсетілген құрметтің айқын көрінісі болды. Тағылымды шара өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және тарихи тұлғалардың өнегелі өмірін насихаттауға бағытталды. Сонымен қатар бұл мерейтой Қарқаралының әйгілі перзентіне деген халық ықыласының айғағы болып, туған өлкенің рухани өміріндегі маңызды оқиға ретінде есте қалды.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

