Несие қарызын реттеудің жаңа жүйесі енгізіледі
Қазақстанда несие бойынша берешегі бар азаматтарға қарызды реттеудің жаңа тетігі ұсынылады. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде Берешекті реттеудің бірыңғай орталығы жұмысын бастайды. Жаңа жүйе банктермен, микроқаржы ұйымдарымен және коллекторлық агенттіктермен қарызды сотқа жеткізбей шешуге мүмкіндік береді. Орталық Қаржы омбудсмені жанынан құрылып, барлық қызметті «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетеді.
Жаңа механизмнің негізгі құралы – finkelisim.kz цифрлық платформасы. Онда қарыз алушы биометриялық сәйкестендіруден өтіп, жүйеге тіркеледі. Бұдан кейін платформа несие бюроларындағы мәліметтерді автоматты түрде тексеріп, барлық берешекті қамтитын бірыңғай төлем кестесін және медиативтік келісімді қалыптастырады.
Мамандардың айтуынша, мұндай тәжірибе халықаралық деңгейде де сирек кездеседі.
– Бүгінде бірнеше несие бойынша төлем жасауға мүмкіндігі жоқ азаматтарға барлық берешекті бір жүйеге келтіру мүмкіндігі ұсынылады. Мұндай жағдайда өтініш арнайы комиссияның қарауына жіберіліп, әрбір іс жеке бағаланады. Заңнамалық өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Осындай кешенді тәжірибе көптеген мемлекеттерде әлі енгізілмеген, – дейді адвокат Елена Попова.
Жаңа жүйені екі немесе одан да көп несие бойынша төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен азаматтар пайдалана алады. Алғашқы кезеңде бұл тетік шамамен 350 мың проблемалық қарыз алушыны қамтиды деп жоспарланып отыр.
Бірыңғай келісімге қол қойылғаннан кейін несие берушілер өндіріп алу шараларын тоқтатуға міндетті болады. Қарыз алушы барлық міндеттемесін бір ғана төлем кестесі бойынша өтейді. Алайда бұл мүмкіндікті әр азамат бір рет қана пайдалана алады.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Сыртқы коммуникациялар басқармасының баспасөз хатшысы Олжас Рамазановтың айтуынша, жаңа платформа тұтынушылық несиелеу жүйесін реформалаудың маңызды кезеңіне айналады.
– Бірыңғай цифрлық платформа арқылы азаматтар банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздарын бір жерден реттей алады. «Бір терезе» қағидаты сотқа дейінгі реттеудің тиімділігін арттырып, қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл өзгерістер шамадан тыс несие жүктемесін азайтуға, қаржылық тұрақтылықты күшейтуге және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған, – деді ол.
Жаңа ережеге сәйкес, егер қарыз алушы бекітілген төлем кестесін 40 күннен астам уақыт бұзса, келісімнің күші жойылады және бұл тетікті қайта пайдалану мүмкін болмайды. Ал әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін жеңілдетілген шарттар, ұзағырақ төлем мерзімі мен төмендетілген ай сайынғы төлемдер қарастырылған.
Алдағы уақытта finkelisim.kz платформасын жеке сот орындаушыларының ақпараттық жүйесімен және азаматтардың банкроттық рәсімдерімен ықпалдастыру жоспарланып отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл қарызды реттеу үдерісін барынша ашық әрі тиімді етіп, несие жүктемесі жоғары азаматтарға қаржылық тұрақтылыққа қайта оралуға мүмкіндік береді.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

