Таңғы жаттығу челленджі басталды
Қарағандыда «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясындағы «Заң және тәртіп» спорттық челленджі бастау алды. Бір ай бойы қала тұрғындары күн сайын кәсіби спортшылар мен тәжірибелі жаттықтырушылардың жетекшілігімен тегін таңғы жаттығуларға қатыса алады. Бастама тұрғындар арасында бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және қоғамдық белсенділікті арттыруға бағытталған.
Челленджді Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен қала әкімдігі ұйымдастырып отыр. Бұған дейін дәл осындай акция шілде айында Теміртауда өтіп, тұрғындардың жоғары қызығушылығына ие болған. Енді спорттық эстафета Қарағандыға жолданды.
Таңғы жаттығулар күн сайын сағат 08:00-де өтеді. Алғашқы аптада қатысушылар Орталық саябақтағы стационарлық сахна алаңында жиналады. Кейін жаттығу өтетін орындар апта сайын ауыстырылып, жаңа мекенжайлар туралы ақпарат ұйымдастырушылардың әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында алдын ала жарияланып отырады.
Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің дене шынықтыру және спорт секторының меңгерушісі Берік Досымбеков әлеуметтік желідегі парақшасында бұл бастаманың басты мақсаты тұрғындарды күнделікті дене белсенділігіне тарту екенін атап өтті.
«Басты мақсат – адамдарды спортпен жүйелі айналысуға ынталандыру. Таңғы жаттығуларға кез келген адам қатыса алады. Жасына, кәсібіне немесе дене дайындығына ешқандай шектеу жоқ. Ең маңыздысы – өз денсаулығына көңіл бөліп, күнді сергек көңіл күймен бастау», – деді Берік Досымбеков.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, челлендж барысында қатысушылар жалпы дене қыздыру жаттығуларын жасап қана қоймай, кәсіби спортшылардан пайдалы кеңестер алып, түрлі спорт түрлерімен де таныса алады.
Мамандар мұндай ашық форматтағы жаттығулар бұқаралық спортты дамытуға, тұрғындардың денсаулығын нығайтуға және қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ететінін айтады. Сондықтан ұйымдастырушылар барлық қарағандылықтарды таңғы жаттығуларға қатысып, жаңа спорттық бастаманы қолдауға шақырады.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

