Қарағанды облысында экспорт көлемі артып келеді
Қарағанды облысында экспорт көлемі мен өнім өткізу нарығы тұрақты түрде кеңейіп келеді. Бүгінде өңірде 100-ден астам экспорттаушы кәсіпорын жұмыс істейді, ал жергілікті өнім әлемнің 40 еліне жөнелтіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мәлімдеді.
Өңір басшысының айтуынша, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері оң динамиканы сақтап отыр. Әсіресе экспорт көлемінің артуы мен ауыл шаруашылығы саласындағы өсім айқын байқалады.
Әкімдік мәліметіне сәйкес, биылғы жылдың алғашқы төрт айында Қарағанды облысының өнім экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27 пайызға өсіп, 1,2 миллиард АҚШ долларын құрады. Экспорт географиясы да кеңейіп, өңір кәсіпорындарының өнімдері әлемнің 40 еліне жеткізілді.
Соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 74 пайызға өсіп, өңірде өндірілетін азық-түлік өнімдерінің сыртқы нарықтағы сұранысының жоғары екенін көрсетті. Ал азық-түлік емес тауарларды өткізу көлемі біршама төмендегенімен, ішкі сауда саласында оң көрсеткіштер сақталды. Атап айтқанда, бөлшек сауда көлемі 2 пайызға, көтерме сауда 0,7 пайызға артты.
– Өсу динамикасын жақсарту үшін біз инвестициялық жобаларды қарқынды түрде жүзеге асырып, өндірілетін өнімдерді сату нарығын кеңейтудеміз. Биыл 44 инвестициялық жобаны іске асыру есебінен экспортталатын өнімнің номенклатурасы ұлғаяды. Облыста алғаш рет жылу оқшаулағыш материалдары, жүк және жеңіл автомобильдер, клинкер плиткалары, тау-кен металлургия кешеніне арналған ірі габаритті бұйымдар және басқа да өнімдер шығарыла бастайды, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Өңірде жүзеге асырылып жатқан жаңа инвестициялық жобалар өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, экспортқа бағытталған өнім түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Қарағанды облысының өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, сондай-ақ өңір экономикасының тұрақты дамуына оң ықпал етеді.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»

