Басты мақсат -құқық бұзушылықты алдын алу

Жыл басынан бері Қарағанды қаласында 1113 интернет-алаяқтық қылмысы тіркелген. Осының өзі аймақтағы алаяқтар белсенділігінің артқанын көрсетеді.

— Қарағанды қаласының ПБ Теміржол полиция бөліміне 35 жастағы қала тұрғыны арызданған. Жәбірленуші әйел белгісіз біреудің ақпараттық жүйені пайдаланып, шағын несие ұйымдары арқылы оның атына 60 мың теңге және 25 мың теңгеге екі несие рәсімдеп алғанын жеткізді. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері Шымкент қаласының 26 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Күдікті қылмысын мойындады.

Қазіргі уақытта аталған тұлға уақытша ұстау изоляторына қамалды- деді Қарағанды қаласының ПБ бастығының орынбасары полиция полковнигі Шахназар Салин.

Адамдарды алдау үшін алаяқтар әлеуметтік желілерді, сауда интернет-алаңдарын пайдаланады, жалған интернет-дүкендер, «фейк» парақшалар және сайттар құрады.

Осыған байланысты, Қарағанды қаласының ПБ қауіпсіздік шараларын еске салады:
— құпия сөздерді үнемі ауыстырып отырыңыздар, олар күрделі болуы қажет;
— төлем жүйелеріндегі барлық қауіпсіздік жүйелерін қосыңыздар: смс растау, ІР-мекенжайларды қадағалау, 3D-secure және т.б.;
— картаны қараусыз қалдырмаңыздар, өз деректеріңізді ешкімге бармеңіздер, өйткені пластикті картадан ақшалай қаражат алу үшін картаның нөмірін және CVV-кодын (картаның артындағы соңғы үш сан) білген жеткілікті;
— Картаны мобилді банк қызметіне қосыңыз.

Банктер және төлем жүйелері ешқашан хат жолдамайды және олардың қызметкерлері өз клиенттеріне олардың шоттарының деректерін жолдау туралы өтінішпен қоңырау шалмайтынын есте сақтау қажет.

Нағима Әшімқызы
Қарағанды қаласының ПБ