Балалар бақыты – басты құндылық
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қарағанды қаласының Орталық саябағында «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты 31775 әскери бөлімінің әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелеріне арналған мерекелік шара ұйымдастырылды.
Мерекелік шараны әскери бөлімнің Әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметі өткізді. Шараның басты мақсаты – әскери қызметшілердің балаларына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және отбасы құндылықтарын дәріптеу. Шара барысында балалар сурет салу байқауына қатысып, өздерінің қиялдары мен таланттарын қағаз бетіне түсірді. Сонымен қатар бүлдіршіндер түрлі-түсті бормен асфальтқа сурет салып, ерекше белсенділік танытты. Байқау қорытындысы бойынша үздік жұмыстар анықталып, жеңімпаздарға сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Балалардың мерекелік көңіл-күйін арттыру мақсатында арнайы аниматорлар шақырылып, қызықты ойындар ұйымдастырылды. Бүлдіршіндер би билеп, ән шырқап, көтеріңкі көңіл-күйде уақыт өткізді. Мерекелік шараның сәнін арттырған әскери бөлімнің оркестр ұжымы өз өнерлерін көрсетіп, саябаққа келген кішкентай тұрғындар мен олардың ата-аналарына ерекше әсер сыйлады. Музыкалық композициялар мен патриоттық шығармалар орындалып, мерекенің көркін аша түсті. Осындай игі шаралар әскери қызметшілердің отбасыларын қолдауға, балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және қоғамдағы отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған.
– Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан олардың жан-жақты дамуына жағдай жасап, мерекелік көңіл-күй сыйлау біз үшін маңызды. Бүгінгі шара барысында балалар өз шығармашылықтарын көрсетіп, жаңа достар тауып, көтеріңкі көңіл-күйге бөленді. Барша бүлдіршінді Балаларды қорғау күнімен құттықтаймын және оларға бақытты балалық шақ, зор денсаулық пен жарқын болашақ тілеймін, – дейді 31775 әскери бөлімінің Әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің жетекшісі Назгүл Бекарысқызы.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

