Қара жолда қайғы көбейді

Қарағанды облысы жол-көлік оқиғалары салдарынан орын алған өлім-жітімнің ең нашар көрсеткіші рейтингісінде екінші орында тұр. Қабылданған шараларға қарамастан қара жолда қаза тапқандар саны бәсеңдер емес. Бұған полицейлер де алаңдаулы. Жыл басынан бері 232 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 103 адам қаза тапты, 266 адам жарақат алды. Соңғы бір апталық статистиканың өзі жантүршігерлік. Бір тәулік ішінде облыста үш жол апаты тіркеліп, төрт адам қаза тапқан.

13 тамыз күні түнгі сағат 01:30 шамасында «Ақсу – Аюлы – Ағадыр» тасжолында Ағадыр кентінен 30 шақырым жерде «BMW» автокөлігінің 20 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай аударылған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан көліктегі екі жолаушы оқиға орнында қаза тапты.

Сол күні сағат 13:10-да «Қарағанды – Балқаш» тасжолында «Багем» автокөлігінің 42 жастағы жүргізушісі жолдың қарсы бағытына шығып, 63 жастағы азаматтың басқаруындағы «Lexus» автокөлігімен соқтығысқан. Екі автокөліктің жүргізушілері түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізіліп, «Lexus» жүргізушісі сол жерде қайтыс болды.

Сағат 20:11-де «Ялта – Құлайғыр» тасжолында «Toyоta Previa» автокөлігінің 64 жастағы жүргізушісі, алдын ала болжам бойынша, рөлге ие бола алмай, 39 жастағы азаматтың басқаруындағы «Lada Priora» автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасынан «Lada Priora» автокөлігінің 49 жастағы жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Сондай-ақ «Lada Priora» автокөлігінің үш жолаушысы, «Toyota Previa» автокөлігінің жүргізушісі мен бес жолаушысы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Барлық факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды.

Тағы бір қайғылы оқиға 12 тамызда түнгі сағат 2:00 шамасында болған. Ақтоғай ауданында «Балқаш – Гүлшат» тасжолында «Subaru» автокөлігінің 65 жастағы жүргізушісі жолдағы ескерту белгілеріне қарамастан жолдың жөнделіп жатқан бағытына шығып, сол жерде жол жөндеумен айналысып жатқан, 47 жастағы азаматтың басқаруындағы «Shacman» жүк көлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасының салдарынан «Subaru» автокөлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігіне орай сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Жолдағы көлік қақтығыстарының қатары артқан сайын, қауіпті учаскелерде полиция патрульдерінің саны да артып, тұрақты түрде жедел алдын алу іс-шаралары күшейтілуде. Айыппұл артып, жаза қатаңдатылып, қадағалау күшейтілсе де, қозғалыстың күретамыры болған қара жолдағы мәселе әлі де күрделі күйінде тұр. Өкіндіретіні – сол: адам өліміне әкелер көп жағдайға адами фактор себеп боп отыр. Әрбір бесінші жол-көлік оқиғасы жүргізушінің жылдамдықты арттыруынан болады. Сондай-ақ аварияға ықпал ететін негізгі қауіп факторлары: ішімдік ішу, түнгі уақытта жүру, көліктің техникалық жағдайын қадағаламау, ауа райына байланысты жол айқындығының жеткіліксіздігі және жүргізушінің шаршауы. Ақпан айынан бастап демалыс күндері мыңға жуық автокөлік жүргізушісі көлікті мас күйінде басқарған. Жалған нөмірлі көлік басқару фактісі бойынша тағы 240 әкімшілік хаттама толтырылды. 14 мыңнан астам жаяу жүргінші жолды тыйым салынған тұстан кесіп өткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Биыл жаяу жүргіншілерге жол бермегені үшін 1 850 жүргізушіге айыппұл салынды. Қалада автомобиль апатының салдары туралы баяндайтын арнайы билбордтар пайда болды. Күн жылығалы мотоциклге қатысты жол оқиғалары да жиілеген. Мотокөлікке қатысты тіркелген 12 қақтығыста 5 адам қаза тапты және тағы 8 адам жарақат алды. Бұдан бөлек ірі тасжолдардағы ірі апаттар саны артуда.

Қарағанды облысы – автомобильдердің айтарлықтай ағыны өтетін транзиттік өңір. Сондықтан жолдағы қайғылы жайттардың алдын алу үшін «Жолда қабылдау» атты арнайы рейдтік шаралар жиі өткізіледі. Мақсат – жүргізушіге қолайлы жерде түсіндірме жұмысын жүргізіп, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мұндай акцияларды Қарағанды облысының полиция департаменті, «Қазавтожол», «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» бірлесіп өткізеді.

Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Олжас Арыновтың айтуынша, қазір жаз мезгілі болғандықтан тынығушылар өте көп. Қарағанды – республикалық маңызы бар 5 жол торабы тоғысатын транзиттік облыс. Сол себепті нақ осы жолдарда ескертуді жиілету көзделген. Жүргізушілерге жадынамалар таратылып, жолда жауапты болу керегі аз айтылмайды. Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі – жылдамдықты асыру, салғырттық.

Статистикалық деректер бойынша, бүгінгі күні ең қауіпті жол – «Алматы – Екатеринбург» тасжолы. Сондай-ақ Шет ауданындағы Бектау ата, Ақжал бағытындағы жол да апатты учаскелердің бірі болып отыр.

Биылғы жылдың 7 айында жол апаттары жүзден астам адамның өмірін қиды, ал өткен жылы 63 адам қайтыс болған. Жол-көлік оқиғалары салдарынан адамдардың мерт болу факторы автокөлік санының өсуімен де байланысты.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»