Қарағандыда «Энергетиктер аллеясы» пайда болды

Қарағандыда қала келбетіне көрік қосып, жасыл желекті көбейтуге бағытталған тағы бір игі бастама жүзеге асты. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында салынып жатқан Экологиялық парк аумағында «Энергетиктер аллеясының» негізі қаланды.

Экологиялық бастаманың ұйытқысы – Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаменті. Игі іске өңірдің энергетикалық кәсіпорындарының ұжымдары мен сала ардагерлері қатысты.

Шара барысында аллея аумағына 200-ден астам ағаш көшеті отырғызылды. Олардың қатарында жергілікті климатқа бейімделетін қарағаштар бар. Көшеттерді отырғызу жұмыстарына энергетика саласының мамандары бір кісідей атсалысып, туған қаланың көгалдануына өз үлестерін қосты.

«Қарағанды Энергоцентр» ЖШС бас директоры Флюр Гариповтың айтуынша, энергетиктер бұған дейін де қаланың түрлі аудандарын абаттандыру мен көгалдандыру шараларына тұрақты түрде қатысып келеді. Ал Энергетиктер аллеясын құру туралы бастама осы сала өкілдерінің басын бір жерге жинауға мүмкіндік берген.

– Біз Майқұдық, Сұрыптау және Пришахтинск бағыттарында қаланы көгалдандыру жұмыстарына үнемі қатысып келеміз. Қарағандыда энергетиктерге арналған аллея жоқ деген ұсыныс айтылған еді. Осыдан кейін энергетикалық қадағалау департаменті тарапынан осындай акция өткізу туралы бастама көтерілді, – дейді Флюр Гарипов.

Жаңа аллеяның символдық мәніне де ерекше назар аударылды. Қарағандыда бұған дейін Банктер аллеясы, Колледждер аллеясы секілді атаулы жасыл аймақтар қалыптасқан. Енді олардың қатарына энергетиктерге арналған жаңа орын қосылмақ.

– Банктер аллеясы, Колледждер аллеясы бар. Енді Энергетиктер аллеясы болады. Бұл біздің қала үшін маңызды әрі символдық мәні бар деп есептеймін. Қарағандыда тек қала құраушы ғана емес, республикалық деңгейде жұмыс істейтін энергетикалық кәсіпорындар да көп. Бұл – қала үшін үлкен игілік, – дейді «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС бас директоры Андрей Ляпунов.

Ағаш отырғызу жұмыстарына сала ардагерлерінің де қатысуы шараның маңызын арттыра түсті. Бір кездері энергетика саласында еңбек еткен аға буын өкілдері жас мамандармен бірге көшет отырғызып, табиғатты қорғауға бағытталған бастаманы қолдады.

Энергетика саласының ардагері Махуғали Баймұханов үшін бұл – туған қаланың тазалығы мен көркеюіне қосылған үлес.

– Ағаш дегеніміз – тазалық. Ол ауаны тазартып, қаланың көркін арттырады. Сондықтан мұндай акцияға қатысу – туған жерге жасалған жақсы іс, – дейді ардагер.

Ал энергетика саласының мамандары үшін бұл бастама кәсіби ортадағы өзара ынтымақтастықты ғана емес, ортақ қалаға деген жауапкершілікті де көрсетеді.

Жаңа аллеяның құрылысы мен көгалдандыру жұмыстары мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта ағаштар Саябақтар басқармасының теңгеріміне беріліп, олардың тұрақты суарылуы мен күтімі қамтамасыз етіледі.

Экопарктегі көгалдандыру жұмыстары күз бойы жалғасады. Бүгінде мұнда 200-ден астам ағаш отырғызылды. Күзгі маусымның соңына дейін тағы 800 көшет отырғызу жоспарланған. Осылайша жаңа жасыл аумақтағы ағаштардың жалпы саны мыңға жеткізілмек.

«Энергетиктер аллеясы» уақыт өте келе қала тұрғындары серуендейтін көрікті орындардың біріне айналуы мүмкін. Ал бүгін егілген әрбір көшет – табиғатты қорғауға қосылған үлес қана емес, кейінгі ұрпаққа қалдырылған игі мұра.

Бұл бастама энергетика саласының мамандары үшін де ортақ істің, бірліктің және туған қалаға деген жауапкершіліктің белгісіне айналып отыр. Бір алаңда бас қосқан сала мамандары мен ардагерлердің еңбегі Қарағандының жасыл қорын толықтырып, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған нақты іске ұласты.

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»