Қарағанды мектептеріне жаңа мамандар тартылуда

Қарағанды қаласында педагогикалық тәжірибесі жоқ мамандарды мектеп жұмысына тартуға бағытталған Teach for Qazaqstan бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Жоба қатысушылары кәсіби қайта даярлықтан өтіп, кейін қала мектептерінде мұғалім болып жұмыс істей алады.

Бағдарлама Қарағанды облысында 2023 жылы пилоттық түрде іске қосылып, бүгінде өңірдегі білім беру ұйымдарына түрлі салада тәжірибе жинаған мамандарды тартуға мүмкіндік беріп отыр. Жұмысқа кіріспес бұрын болашақ педагогтер кәсіби даярлықтан өтеді. Кейін оларға тьюторлар мен тәлімгерлер қолдау көрсетеді.

Қазір мектептерде математика, информатика, физика, химия және биология сияқты STEM бағытындағы пәндерге сұраныс жоғары. Сонымен қатар қазақ және орыс тілі пәндерінің мұғалімдеріне де қажеттілік бар.

Бағдарлама іске қосылғаннан бері 11 мыңнан астам өтініш түскен. Іріктеу барысында үміткерлердің пәндік білімімен қатар, балалармен жұмыс істеу қабілеті, коммуникация орнатуы, жанжалдарды шеше білуі және жаңа кәсіби ортаға бейімделуі бағаланады.

– Біз мектепке келіп, практикалық тәжірибесімен бөлісуге дайын түрлі саланың көшбасшыларын тартамыз. Бұл ретте нақты мектептердің қажеттіліктеріне бағдарланамыз, – дейді «Teach for Qazaqstan» ҚҚ өңірлік өкілі Александр Урмашов.

Бағдарлама қатысушыларының бірі – Аслан Нұразғалиев. Ол кәсіби жолын журналистикадан бастап, кейін мұнай-газ саласында еңбек еткен. Қазір Балқаш қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №25 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді.

Ал Айбек Біләлов алғашқы мамандығы бойынша астроном. Обсерваторияда, қор нарығында және шығармашылық салада еңбек еткен. Кейін мұғалімдік жолды таңдаған. Екі айлық жазғы даярлықтан соң Новодолинский кентіндегі №11 мектепте физика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істей бастаған.

Қарағанды қаласы үшін мұндай бағдарлама мектептерге жаңа кадрларды тартумен қатар, әртүрлі кәсіби салада тәжірибе жинаған мамандардың білім беру жүйесіне келуіне жол ашады. Бұрынғы жұмысындағы білімі мен практикалық дағдыларын сабақ барысында қолданатын жаңа педагогтер оқушыларға пәнді өмірлік тәжірибемен байланыстырып түсіндіруге мүмкіндік алады.

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»