Алан Құрманғалиев Қытайдағы турнирден күміс медаль жеңіп алды

Қарағанды үстел теннисі мектебінің түлегі Алан Құрманғалиев Қытайда өткен жастар арасындағы халықаралық турнирде күміс жүлдегер атанды. Қарағандылық спортшы жарыс барысында бірнеше елдің мықты теннисшілерін жеңіп, финалға дейін жетті.

Алан турнирді Тайбэйден келген қарсыласын ұтудан бастады. Одан кейін Иран мен Малайзия спортшыларынан басым түсті. Ширек финалда Сингапур өкілімен кездесіп, тағы бір жеңіске қол жеткізді.

Жартылай финалда қазақстандық спортшыны Қытайдың екі өкілі күтіп тұрды. Алан алғашқы қарсыласын 4:1 есебімен жеңсе, екінші кездесуде тартысты ойын көрсетіп, 4:3 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, финалға жолдама алды.

Шешуші кездесуде Алан тағы бір қытайлық теннисшімен шеберлік байқасты. Бұл жолы 1:4 есебімен жеңіліп, турнирді күміс медальмен аяқтады.

Халықаралық деңгейдегі жарыста бірнеше мықты қарсыласты жеңіп, финалға шығу – қарағандылық спортшының жоғары дайындығы мен табандылығын көрсетеді. Аланның бапкері – Эльмира Әлиева.

Қытайдағы күміс жүлде – жас теннисшінің спорттық жолындағы маңызды жетістік әрі Қарағанды үстел теннисі мектебінің әлеуетін танытатын нәтиже.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»