Айзере Төлеу – Дельфий ойындарының алтын жүлдегері
Қарағандылық жас әнші Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен XVII Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің жастар Дельфий ойындарында топ жарып, қазақтың дәстүрлі ән өнерін халықаралық деңгейде танытты. Мамандандырылған музыка мектеп-интернатының 12-сынып оқушысы Айзере Төлеу «Жеке халық әнін орындау» номинациясында алтын медаль иеленді.

Халықаралық байқаудағы бұл жеңіс – жас өнерпаздың көп жылғы еңбегі мен ұстаздарының кәсіби қолдауының нәтижесі. Айзере 14-17 жас санатында өнер көрсетіп, дәстүрлі ән орындаушылар арасынан үздік атанды. Додаға қатысу үшін ол алдымен еліміздегі іріктеу кезеңдерінен өтіп, Қазақстанның атынан халықаралық сахнаға жолдама алған.
– Конкурс негізі қатты қиын болған жоқ, бірақ, әрине, әр адамда толқу болады. Дәстүрлі әнде қатысушылар көп болды, финалға төрт бала өттік. Солардың ішінен бірінші орын алу бұйырыпты. Конкурс жақсы деңгейде өтті, – дейді Дельфий ойындарының жеңімпазы Айзере Төлеу.
Байқау екі кезеңнен тұрған. Әр кезеңде жас орындаушылар бірнеше әннен шырқаған. Айзере алғашқы турда «Інжу маржан», «Перуайым», «Ахау жар» әндерін орындаса, екінші кезеңде батыс өңірінің әншілік дәстүріне тән «Желкілде» және «Сәлем, Қазақстан» шығармаларын ұсынған. Осылайша ол ұлттық ән өнерінің бай мұрасын халықаралық қазылар алқасына таныстырды.
Айзереге дәстүрлі ән өнеріне келуіне анасы мен әжесі ықпал еткен. Ал музыкалық жолын вокалдан бастаған жас талант кейін халық әндерін орындауға ден қойған. Биыл оның осы мектепте білім алып, дәстүрлі әнмен айналысып жүргеніне тоғыз жыл толған.
– Мен бұл мектепке төртінші сыныпта келдім. Конкурсқа жақсы дайындалдық. Ұстазым Үміт Болатқызы Есмұхаметованың арқасында аз уақыттың ішінде жоғары деңгейде дайындалуға мүмкіндік болды. Ал музыкалық жолымды вокалдан бастап, кейін дәстүрлі әнге ауыстым. Оған анам себепші болды. Анам мен әжемнің арқасында осы өнер жолына келдім, – дейді Айзере.
Жас әнші үшін жеңістің ең әсерлі сәті – Қазақстанның туы көтерілген кез. Сол сәтте бойын ерекше мақтаныш сезімі билегенін айтады. Өйткені халықаралық додада жеке жетістікке жетумен қатар, ел намысын қорғау да үлкен жауапкершілік жүктейді.
Айзере бұған дейін де облыстық және республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болған. Душанбеде қол жеткізген алтын медаль – оның шығармашылық жолындағы маңызды белес әрі қазақтың дәстүрлі ән өнерін дәріптеуге қосқан үлесі.
– Міне, 12-сынып оқушысы Айзере Төлеу Душанбеде өткен Дельфий ойындарынан бірінші орын алып келді. Бұл – үлкен жарыс. Оған қатысу үшін Қазақстан ішінде іріктеу өтеді. Айзере облыстық және республикалық кезеңдерден сүрінбей өтіп, халықаралық сайыста еліміздің атынан өнер көрсетті. Бұрынғы ТМД елдерінен мықты музыканттар жиналатын осындай додада бірінші орын алу біз үшін ерекше қуаныш болды, – дейді Мамандандырылған музыка мектеп-интернатының директоры Қайырбек Ілімбаев.
Директордың айтуынша, Айзеренің жеңісі – бір ғана оқушының емес, ұстаздар ұжымының, мектептің, тұтас облыс пен елдің ортақ жетістігі. Мұндай нәтиже жас таланттарды қолдап, олардың кәсіби шеберлігін шыңдауға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызын көрсетеді.
Мамандандырылған музыка мектеп-интернатында дарынды балалардың қабілетін дамытуға, сапалы білім алуына және кәсіби сахнаға дайындалуына жағдай жасалған. Бұл ретте мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың да маңызы зор. Мектепке 120 миллион теңгеге рояль сатып алынған. Директордың сөзінше, жаңа аспап оқушылардың музыкалық дайындығын жетілдіріп, түрлі байқауларға әзірленуіне мүмкіндік береді.
– Мемлекет тарапынан музыка бағытындағы балаларға үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Балалар спортшылар секілді үнемі дайындық үстінде болуы керек. Сабақтан кейін күн сайын үш-төрт сағат музыкамен айналысады. Биыл мектебімізді 26 оқушы бітіріп, оның 24-і грантқа түсті. Облыстағы дарынды балаларға арналған он мектептің арасында бұл – біз үшін маңызды нәтиже, – дейді Қайырбек Ілімбаев.
Жас өнерпаздың халықаралық жеңісі мен түлектердің грант иеленуі – дарынды балаларға білім мен шығармашылықты қатар дамытуға мүмкіндік берудің нәтижесін айқындайды. Айзере Төлеудің алтын медалі қазақтың дәстүрлі ән өнеріне деген қызығушылықтың жас ұрпақ арасында жалғасып келе жатқанын және ұлттық мұраның халықаралық сахнада да лайықты бағаланатынын көрсетті.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»
