Онлайн еңбекке құқықтық мәртебе беріледі
Қазақстанда цифрлық платформалар арқылы табыс табатын азаматтардың қызметін заңдастыруға бағытталған жаңа шаралар қолға алынбақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтық цифрлық экономиканы дамыту туралы жарлыққа қол қойды. Құжат онлайн жұмыс істейтін азаматтар үшін жеңілдетілген құқықтық режим қалыптастыруды көздейді.
Жарлыққа сәйкес, Үкіметке 1 желтоқсанға дейін цифрлық экономиканы дамытудың кешенді жоспарын бекіту тапсырылды. Ал жыл соңына дейін онлайн жұмыскерлердің еңбек, салық және әлеуметтік қатынастарын реттейтін арнайы құқықтық режим әзірленуі тиіс
Сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар пайдалана алатын қызмет түрлерінің тізбесін кеңейту мәселесі қарастырылады. Цифрлық платформаларда қысқа мерзімді ақылы тапсырмалар тұрақты жарияланып, оларды орындау азаматтарға тәжірибелік дағдылары мен біліктілігін растауға мүмкіндік береді.
Жаңа бастамалар интернет арқылы жұмыс істейтін азаматтардың табыс табу мүмкіндіктерін кеңейтуге, кірістерін заңдастыруды жеңілдетуге және цифрлық еңбек нарығына қатысуына жағдай жасауға бағытталған.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

