Қарағандылық жасөспірімдер пойыз басқаруды үйренеді

Биыл 1 желтоқсанда Қарағандының Сұрыптау шағынауданындағы Теміржолшылар мәдениет сарайында «Жас теміржолшы» үйірмесі ашылады. Мұнда жасөспірімдер теміржол саласының қыр-сырымен танысып, локомотивтердің құрылымы мен жұмыс істеу ерекшеліктерін меңгереді. Сондай-ақ нағыз пойызды басқарудың қыр-сырын үйренуге мүмкіндік алады.

Үйірмеге 14 жастан асқан жасөспірімдер қабылданады. Олар теміржол көлігінің қалыптасу тарихы мен бүгінгі даму үрдісі туралы білім алып, саладағы сан алуан мамандықтың ерекшеліктерімен танысады. Бұл сабақтар жасөспірімдердің таным көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, болашақ мамандығын таңдауға да септігін тигізеді.

Үйірме сабақтары аптасына бір рет, әр сенбі сайын Теміржолшылар мәдениет сарайында өтеді. Әр сабақтың ұзақтығы – екі сағат.

Үйірмеге қатысуға ниетті жасөспірімдер Теміржолшылар мәдениет сарайының кезекшісіне хабарласып, тіркеле алады.