Кітапқа құштарлық – рухани дамудың бастауы
Қарағандыда кітап оқуға деген қызығушылық артып, Орталық қалалық кітапханаға келушілер саны көбейіп келеді. Оқырман сұранысының өсуі кітапхананың қала тұрғындарының мәдени және рухани өміріндегі маңызы әлі де жоғары екенін көрсетеді.
Қарағанды қаласы әкімдігінің ақпараты бойынша, Орталық қалалық кітапханада оқырмандарға қолайлы жағдай жасау мақсатында жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Кітапхана кеңістігі жаңартылып, кітап қоры жаңа басылымдармен толықтырылды. Сонымен қатар қосымша сөрелер орнатылып, оқу орындары жаңартылды.
Келушілердің жайлылығына да ерекше назар аударылған. Кітапханада жұмсақ жиһаз қойылған, сәндік камин мен аквариумы бар тыныштық аймағы ашылды. Бұл жерде оқырмандар кітап оқып, өз бетінше ізденіп немесе жұмыс істей алады.
Оқу залдары мен кіреберіс фойе жаңартылып, жарықтандыру жүйесі жақсартылды. Сондай-ақ желдеткіштер мен қосымша жылыту радиаторлары орнатылды. Ал кездесулер, шеберлік сабақтары мен мәдени іс-шараларды өткізуге арналған жеке бөлме жабдықталып, оның безендірілуінде ұлттық нақышқа басымдық берілді.
Бүгінде кітапхана тек кітап алып оқитын орын ғана емес, білім мен танымға жол ашатын, пікір алмасуға және рухани дамуға мүмкіндік беретін мәдени ортаға айналып келеді. Бұл, әсіресе, бос уақытын тиімді өткізіп, білімін жетілдіруге ұмтылатын жастар үшін маңызды.
Мемлекет басшысының «Кітап оқитын ұлт» бастамасы аясында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, жас ұрпақтың әдебиетке қызығушылығын арттыруға ерекше мән беріліп отыр. Осы бағытта кітапханаларды жаңғырту мен оқырманға қолайлы орта қалыптастыру жұмыстарының маңызы зор.
Қарағанды қаласындағы Орталық қалалық кітапхана Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 45 мекенжайында орналасқан.
Қала әкімдігі тарапынан мәдени инфрақұрылымды дамыту және кітап оқу мәдениетін насихаттау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

