Шеберлік шыңдалып, мүмкіндік ашылған алаң

Қарағандыда жастардың кәсіби әлеуетін арттыруға, шығармашылық қабілетін дамытуға және болашақ мамандардың тәжірибе жинақтауына бағытталған маңызды алаң қалыптасып келеді. Соның бір дәлелі – қалада алғаш рет ұйымдастырылған XVII Халықаралық «ДелаРук Қарағанды – 2026» гастрономиялық кубогы. Екі күнге созылған ауқымды байқауға Қазақстанның әр өңірінен және шетелден келген тәжірибелі мамандармен қатар, 120 жас аспаз, наубайшы мен кондитер қатысып, өз шеберліктерін көрсетті. Бұл дода жастар үшін кәсіби білімін сынап, тәжірибе жинақтауға, жаңа байланыстар орнатуға және болашақ мамандығына сенімді қадам жасауға мүмкіндік берді.

Қарағанды тамақтану және сервис колледжінің өндірістік алаңында екі күн бойы қызу жұмыс жүрді. Асүйден шыққан карамельдің хош иісі, қызған майдың сыбдыры, пышақтардың тақтайға тиген үні мен қатысушылардың қарбалас тірлігі бұл күндері колледжді үлкен гастрономиялық алаңға айналдырды. Биыл он жетінші рет ұйымдастырылған халықаралық кубок алғаш рет Қарағанды қаласында өткізіліп отыр. Бұған дейін Астанадан бастау алған байқау жыл сайын Алматы қаласында ұйымдастырылып келген. Ал биыл жарыс алаңы ретінде Қарағанды тамақтану және сервис колледжі таңдалды.

Байқаудың басты ерекшелігі – кәсіби мамандар мен болашақ мамандардың бір алаңда бас қосуы. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 120 жас аспаз, наубайшы және кондитер өз шеберлігін танытуға мүмкіндік алды. Қатысушылар үш негізгі бағыт бойынша бақ сынады: аспаздық өнер, кондитерлік іс және наубайхана өндірісі. Сонымен қатар командалық және жекелей жарыстар, жасөспірімдер мен ересектер арасындағы сайыстар, «Алтын шеф-аспаз», «Алтын шеф-кондитер», «Алтын наубайшы», «Алтын өндірістік оқыту шебері» аталымдары және Art Class шығармашылық бөлімі ұйымдастырылды.

Жарысқа Астана, Алматы, Шымкент, Талдықорған қалаларынан, Қарағанды облысынан, сондай-ақ Абай, Шахтинск, Теміртау қалаларынан келген білім алушылар мен педагогтер қатысты. Жалпы есеп бойынша 13 команда, 24-тен астам жеке қатысушы және 20-дан астам Art Class жұмысы ұсынылды. Мұндай ауқымды шараның Қарағандыда өтуі қала жастары үшін кәсіби ортаға араласудың, өзге өңірлердің тәжірибесімен танысудың және қабілетін халықаралық деңгейде сынаудың жаңа мүмкіндігін қалыптастырды.

– Биыл бұл халықаралық гастрономиялық кубок Қарағанды қаласында алғаш рет өткізіліп отыр. Чемпионаттың негізгі мақсаты – кәсіби салада еңбек етіп жүрген мамандардың тәжірибесін студенттермен бөлісу, жас буынға үйрету және олардың кәсіби дамуына жол ашу. Байқауға оқытушылар, өндірістік оқыту шеберлері мен студенттер командалық та, жекелей де қатыса алады. Аспаздық бағытқа қызығушылық танытқандар көп болды. Кондитерлік және наубайхана ісі бойынша да қатысушылар аз емес. Әр құзыреттіліктің өз уақыты мен бағалау тәртібі белгіленді. Барлық жұмыс бекітілген кесте бойынша өтті. Қазылар алқасының құрамында Астана, Алматы, Шымкент және Талдықорған қалаларынан келген білікті мамандар, мейрамхана шеф-аспаздары мен кондитерлік цех шеберлері болды. Олар тек жұмыстарды бағалап қана қоймай, қатысушыларға шеберлік сабақтарын да өткізді, – деді Қарағанды тамақтану және сервис колледжінің арнайы пәндер оқытушысы, қазылар алқасының мүшесі Гауһар Тәңірбергенова.

Асүйдегі бәсеке оңай болған жоқ. Әр қатысушы өз тағамының дәмі мен сапасына ғана емес, дайындалу технологиясына, өнімдердің үйлесіміне және ұсынылу ерекшелігіне де ерекше мән берді. Қарағанды қаласының намысын қорғаған колледждің бірінші курс студенті Аслан Исабек қазы стейк грилін гарнирмен бірге ұсынды. Оның таңдауы – ұлттық өнімді заманауи мейрамхана тағамымен үйлестіру. Жас аспаз үшін еттің дұрыс пісуі, майдың қажетті деңгейде еруі және әр секундтың маңызы зор болды.

Ал Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің екінші курс студенті Руслан Кенжетаев қазылар алқасын ерекше тағамдарымен таңғалдыруды көздеді. Ол байқауға арнайы мұздатылған тунец балығын алып келіп, одан авокадо мен манго қосылған тартар дайындады. Сонымен қатар жас аспаз жаңғақ соусы мен бүлдірген соусы қосылған, үстіне грек жаңғағы себілген пісірілген асқабақты тіскебасар ретінде ұсынды.

– Менің екінші тағамым – тіскебасар. Ол жаңғақ соусы мен бүлдірген соусы қосылған, үстіне грек жаңғағы себілген пісірілген асқабақ. Бүгінгі бәсекелестік деңгейі өте жақсы. Барлығының қарқынды жұмыс істеп, бір-бірінен қалмауға тырысып жатқанын көру ерекше әсер қалдырады. Мұндай жағдайда жұмыс істеу – үлкен тәжірибе, – дейді Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің екінші курс студенті Руслан Кенжетаев.

Қатысушылардың әрқайсысы өз тағамына ерекше көзқараспен қарады. Бірі ұлттық тағамдарды заманауи үлгіде ұсынуға басымдық берсе, енді бірі халықаралық аспаздық тәжірибеге сүйенді. Мұндай ізденістер байқаудың шығармашылық әрі кәсіби деңгейін арттыра түсті.

Халықаралық кубоктың басты ерекшеліктерінің бірі – бағалау талаптарының қатаңдығы. Қатысушының тағамы әдемі ұсынылғанымен, оның артында тұрған технологиялық үдеріс те толық тексеріледі. Қазылар алқасының мүшелері жұмыс орнындағы тазалыққа, өнімдерді дұрыс өңдеуге, турау техникасына, температуралық режимге, тағамның дайындалу технологиясына және санитарлық нормалардың сақталуына ерекше назар аударды. Бір грамм артық немесе кем қосылған өнім, температураны дұрыс сақтамау не уақыттан жаңылу жеңіске әсер етуі мүмкін.

Алматы қаласынан келген бас төрешілер тобының төрағасы Алексей Архангельскийдің айтуынша, бағалау бірнеше кезеңнен тұрады.

– Біз ең алдымен тағамды дайындау технологиясына, технологиялық карталардың дұрыс орындалуына, санитарлық нормалардың сақталуына және жалпы жұмыс барысына қараймыз. Қатысушы өнімді қалай таңдайды, оны қалай сезінеді, қалай өңдейді және қандай технологиямен дайындайды – осының барлығы маңызды. Содан кейін дегустация өткізіледі. Соңында барлық критерийлерді ескере отырып, дайын тағамға баға береміз, – деп атап өтті төрешілер тобының төрағасы Алексей Архангельский.

Осылайша, байқау қатысушылардың тек аспаздық қабілетін ғана емес, кәсіби тәртібін, технологиялық сауаттылығын және жауапкершілігін де сынады. Мұндай тәжірибе жастардың еңбек нарығында сұранысқа ие маман болып қалыптасуына қажетті дағдыларды дамытуға ықпал етеді.

Гастрономиялық чемпионатта наубайхана бағытына да айрықша көңіл бөлінді. Қатысушыларға бидай және қара бидай ұнынан нан пісіру, дәстүрлі қаравай әзірлеу, түрлі тоқаш өнімдерін дайындау міндеті жүктелді. Бұл бағытта да барлығына ортақ тапсырмалар берілгенімен, әр қатысушы өзінің шеберлігі мен шығармашылық ерекшелігін көрсетуге тырысты.

Қарағанды тамақтану және сервис колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Гауһар Тәңірбергенова өткен жылдан бері байқаудың қазылар алқасы құрамында жұмыс істеп келеді. Оның айтуынша, мұндай халықаралық дода студенттерге де, педагогтерге де үлкен мүмкіндік береді.

– Бүгін қатысушылар әртүрлі нан түрлерін пісіруі керек. Оның ішінде бидай-қара бидай ұнынан жасалған нан, қаравай және тоқаш өнімдері бар. Тапсырма барлығына бірдей, бірақ әрқайсысының шеберлігі әртүрлі. Бұл байқаудың беделі тек студенттер үшін ғана емес, өндірістік оқыту шеберлері мен педагогтер үшін де маңызды. Өйткені мұнда тәжірибе алмасуға, жаңа әдістерді үйренуге және кәсіби деңгейіңді бағалауға мүмкіндік бар, – деді қазылар алқасының мүшесі Гауһар Тәңірбергенова.

Чемпионаттың ең әсерлі бөлімдерінің бірі – Art Class шығармашылық байқауы болды. Мұнда қатысушылар тағам әзірлеу шеберлігінен бөлек, көркемдік талғамын, қиялын және ұлттық дүниетанымын көрсетті. Ұсынылған жұмыстардың арасында ерекше көзге түскен туындылардың бірі – «Еліміздің ерке аруы» деп аталатын картина. Бұл жұмыстың авторы – байқауға қатысушы студент Алина Амангелді. Оның айтуынша, картина ешқандай бояусыз, тек табиғи дәндерден құрастырылған.

– Менің жұмысым «Еліміздің ерке аруы» деп аталады. Картинада ешқандай бояу қолданылған жоқ. Барлығы табиғи дәндерден тізілген. Панодағы сұлу қыздың бейнесі халқымыздың жан сұлулығын білдіреді. Ал күн нұры, таулар мен киіз үй еліміздің байлығы мен тыныштығын бейнелейді. Осы бейнелерді біріктіре отырып, туған жерге деген махаббатымызды көрсеткіміз келді. Бұл жұмысты жасауға бір апта уақыт кетті, – дейді Алина Амангелді.

Мұндай туындылар чемпионаттың тек кәсіби жарыс қана емес, ұлттық мәдениет пен шығармашылықты дәріптейтін маңызды алаң екенін көрсетті. Жастардың өз идеясын жүзеге асырып, қабілетін көпшілікке танытуы олардың шығармашылық ізденісіне де серпін береді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қарағанды қаласының байқауды өткізуге қажетті материалдық-техникалық базасы мен кәсіби әлеуеті жоғары. «ДелаРук» халықаралық гастрономиялық кубогының ұйымдастырушысы Ирина Перминова Қарағандыдағы колледж алаңының мүмкіндіктерін ерекше атап өтті.

– Біз бұл идеяны осыдан төрт жыл бұрын талқылай бастаған едік. Өйткені мұндағы база өте жақсы, қажетті құрал-жабдықтардың барлығы дерлік қамтамасыз етілген. Мұндай жарыстар үшін сапалы жабдықтың болуы өте маңызды. Әрине, аспаздықты қарапайым жағдайда да үйренуге болады, бірақ кәсіби деңгейдегі тағамды тиісті жабдықпен дайындау керек. Биыл қатысушылардың сұранысы өте жоғары. Көпшілігі тұрақты түрде қатысқысы келеді. Тіпті қазылар алқасының мүшесі болуға да қызығушылық танытатындар көп. Алайда төрешілер құрамына ену оңай емес, себебі бұл үлкен жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті талап етеді, – деді «ДелаРук» халықаралық гастрономиялық кубогының ұйымдастырушысы Ирина Перминова.

Шынында да, Қарағанды тамақтану және сервис колледжі соңғы жылдары жас мамандар даярлау бағытында материалдық-техникалық базасын нығайтып келеді. Білім ордасы «Жас маман» жобасы аясында заманауи технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға және түрлі деңгейдегі кәсіби жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Колледж базасында осындай байқаулардың ұйымдастырылуы Қарағанды қаласындағы кәсіптік білім беру жүйесінің дамуына да оң ықпал етеді.

Жастардың кәсіби тұрғыдан қалыптасуына мұндай мүмкіндіктердің маңызы зор. Өйткені бүгінгі еңбек нарығында тек дипломның болуы жеткіліксіз. Маманның нақты тәжірибесі, кәсіби дағдысы, жаңашылдыққа бейімділігі мен өз саласындағы бәсекеге қабілеттілігі де маңызды. Халықаралық байқаулар осы талаптарға сай болуға, өз мүмкіндігін бағалауға және кәсіби бағытта жаңа мақсаттар қоюға жол ашады.

Екі күнге созылған гастрономиялық марафонның қорытындысы бойынша қатысушылардың үздіктері анықталып, жеңімпаздар медальдармен, дипломдармен және арнайы марапаттармен марапатталды. Қарағанды тамақтану және сервис колледжінің өкілдері де бірқатар аталым бойынша жоғары нәтиже көрсетті.

Атап айтқанда, студент Даяна Тастамбекова Art Class бағыты бойынша бірінші орынды иеленсе, жас маман Артур Никифоров осы бөлімде үшінші орынға тұрақтады. Наубайхана бағыты бойынша студент Рәзия Әбдуәли «Алтын наубайшы» аталымында бірінші орын алды. Ал колледж шебері Гүлнара Маматова да «Алтын наубайшы» аталымының жеңімпазы атанды.

Командалық сайыстарда да қарағандылықтар жақсы нәтиже көрсетті. Жансая Қайрат, Дина Агабекова және Хадиша Қуаныштан құралған R командасы үшінші орынға ие болды. Ересектер арасындағы аспаздар сайысында Екатерина Бервальд, Елена Казакова және Севиль Абдурахманова үшінші орын алды. Сондай-ақ Роман Порунов, Алимансур Каппасов және Виталий Катковтан құралған R1 командасы да жүлделі үшінші орынға тұрақтады.

Гүлмира Кадирганбекова «Алтын шебер» аталымында күміс жүлдеге ие болды. Жадыра Мұқанова «Алтын шеф-кондитер» аталымы бойынша дипломмен марапатталды. Жансая Жадрасын Art Class бөлімінің Е3 номинациясында сертификат алды. Айзада Касенова, Дамир Камел және Мирас Шонбайдан құралған топтық жұмыс та үшінші орынға ие болды.

Бұл жетістіктер – студенттердің ізденісі мен оқытушылардың еңбегінің нәтижесі. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысу жас мамандардың кәсіби ортаға бейімделуіне, өз мүмкіндіктерін бағалауына және болашақ мансабына сенімді қадам жасауына жол ашады. Жеңімпаздар үшін бұл – еңбегінің бағалануы болса, өзге қатысушылар үшін тәжірибе жинақтап, келесі белестерге ұмтылуға берілген мүмкіндік.

«ДелаРук Қарағанды – 2026» халықаралық кубогы жай ғана үздіктерді анықтайтын жарыс болған жоқ. Бұл – кәсіби тәжірибе алмасуға, жаңа технологияларды меңгеруге, жас мамандардың әлеуетін ашуға және өңірлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды алаң. Бір асүйде жұмыс істеген тәжірибелі шеф-аспаздар мен болашақ мамандар бір-бірінен үйреніп, өздерінің кәсіби мүмкіндіктерін көрсетті. Қазылар алқасының мүшелері шеберлік сабақтарын өткізіп, қатысушыларға нақты ұсыныстар берді.

Он жеті жыл бұрын Астанада басталған шағын кәсіби турнирдің бүгінде халықаралық деңгейдегі беделді чемпионатқа айналуы – оның маңыздылығының айқын дәлелі. Ал биыл Қарағандының осындай ауқымды шараны алғаш рет қабылдауы қаладағы кәсіптік білім беру жүйесі мен гастрономиялық индустрияның әлеуетін тағы бір мәрте танытты.

Жастарға мүмкіндік беру – олардың қабілетін ашуға жағдай жасау, кәсіби жолын таңдауға көмектесу және алған білімін тәжірибеде қолдануына жол ашу. Қарағандыда өткен халықаралық чемпионат осы бағыттағы нақты бастамалардың бірі болды. Екі күндік байқау өз мәресіне жеткенімен, қатысушылар туған қалаларына медальдар мен дипломдарын ғана емес, жаңа тәжірибе, кәсіби байланыстар және үлкен мақсаттарға жетелейтін шабыт алып қайтты. Ал Қарағанды үшін бұл чемпионат – қаланың гастрономиялық әлеуетін танытып қана қоймай, жастардың кәсіби дамуына, жаңа мүмкіндіктерге ұмтылуына жол ашқан айтулы оқиға.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»