Әйел әлеуеті – қоғам дамуының қозғаушы күші

Әйел бір мезетте ана, кәсіпкер, маман әрі отбасының тірегі бола отырып, өз мақсатына қалай жете алады? Бұл мәселе Қарағандыда өткен «Әйелдер әлеуеті» жобасының қорытынды форумында кеңінен талқыланды. Басқосуға кәсіпкерлер, дәрігерлер, психологтер, қоғамдық ұйым өкілдері мен шалғай ауылдардан келген әйелдер қатысты. Жоба аясында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, әйелдердің өз қабілетін дамытуына, кәсіп бастауына және қоғам өміріне белсенді араласуына бағытталған бастамалар таныстырылды.

Форумға түрлі сала өкілдері, аудандардан келген көпбалалы аналар, әйелдер істері жөніндегі комиссия мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар мен жас стартаперлер жиналды. Оларды ортақ мақсат – әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту, жаңа бастамаларына жол ашу және өз күшіне деген сенімін арттыру біріктірді.

Жоба аясындағы жұмыс тек форуммен шектелген жоқ. Биыл қаңтар айынан бастап сарапшылар мен қоғам белсенділері Қарағанды облысының бірқатар ауылдық аймақтарын аралап, тұрғындармен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында әйелдерге мемлекеттік қолдау тетіктері, кәсіпкерлікке арналған гранттар мен өзге де мүмкіндіктер түсіндірілді.

– Біздің мақсатымыз – әйелдерге өз әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беру. Осы мақсатта 2026 жылдың қаңтарынан бастап өкілдеріміз Бұқар жырау, Осакаров, Абай, Нұра аудандарын аралады. Әйелдер өздерінің қандай мүмкіндіктері бар екенін, қалай жүзеге асыра алатынын біліп, кәсіпкерлік пен жастар саясаты бағытында бөлінетін гранттар туралы ақпарат алуы үшін жағдай жасадық, – дейді облыстық Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы, облыс әкімінің бас инспекторы Ғайни Карисова.

Мұндай кездесулердің маңызы зор. Әсіресе шалғай ауылдарда тұратын әйелдер үшін мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау шаралары туралы ақпаратқа қол жеткізу оңай бола бермейді. Сондықтан жергілікті жерлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізу – бастама көтергісі келетін азаматтарға нақты бағыт-бағдар берудің бір жолы. Ақпараттан хабардар болу әйелдің өзіне сенімді қадам жасап, қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдалануына ықпал етеді.

Бұл бағытта үкіметтік емес ұйымдар да маңызды рөл атқарып отыр. Олар мемлекеттік қолдау мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайтып, әйелдерге құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттыруға, кәсіпкерлік негіздерін меңгеруге көмектеседі. Сонымен қатар жаңа істі бастауға жүрексінетін жандарға психологиялық қолдау көрсетіп, тәжірибелі кәсіпкерлермен байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

– Біздің қордың негізгі міндеті – көпбалалы аналардың бойындағы масылдық көзқарасты өзгертіп, әйелдің бір мезгілде ана да, кәсіпкер де бола алатынын көрсету. Әйелдің қоғамдағы рөлін нығайтып, оның өз қабілеті мен мүмкіндігіне сенуіне жағдай жасағымыз келеді, – дейді қоғамдық қор басшысы Айжан Байделдинова.

Форумға қатысушылар арасында өз тәжірибесімен бөліскен кәсіпкерлер де болды. Солардың бірі – Саран қаласынан келген Людмила Ваймер. Ол 17 жылдан бері балаларға арналған қызмет көрсету саласында еңбек етіп келеді. 2018 жылы мемлекеттік грант ұтып алып, туған қаласында алғашқы балалар ойын-сауық орталығын ашқан. Кәсіпкердің айтуынша, бұл қолдау оның кәсібін дамытуға жол ашқан.

– Ең бастысы, мұндай кездесулер бізге бағыт-бағдар береді, неге ұмтылу керегін үйретеді. Өңірімізде әйелдерге арналған түрлі бағдарламалар туралы ақпарат аламыз. Қазір мүмкіндіктер көп, сондықтан оларды пайдаланбай қалу – үлкен қателік, – дейді Людмила Ваймер.

Кәсіпкердің тәжірибесі мемлекеттік қолдаудың нақты бастамаға айнала алатынын көрсетеді. Алайда грант алу – жұмыстың бастауы ғана. Кәсіпті дамыту үшін табандылық, қаржыны сауатты басқару, тұтынушы сұранысын түсіну және үнемі іздену қажет. Осындай тәжірибелерді ортаға салу өз ісін бастауды жоспарлап жүрген әйелдерге пайдалы.

Форумда кәсіпкерлік мәселелерімен қатар, әйелдердің күнделікті өміріне әсер ететін өзекті тақырыптар да назардан тыс қалмады. Қатысушылар эмоционалдық күйіп қалудың алдын алу, отбасылық құндылықтарды сақтау, кибералаяқтардан қорғану және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану жолдарын сарапшылармен бірге талқылады.

Бұл тақырыптардың бір алаңда көтерілуі әйел әлеуетін дамыту тек экономикалық белсенділікпен шектелмейтінін аңғартады. Әйелдің кәсіби тұрғыдан өсуімен қатар, цифрлық сауаттылығы, психологиялық саулығы, құқықтық білімі мен отбасындағы қолдауы да маңызды. Әр бағыттағы білім мен тәжірибе оның өмірлік шешімдерді сенімді қабылдауына көмектеседі.

Жоба аясындағы кездесулер мен форумдар әйелдердің өзара тәжірибе алмасуына, ортақ мәселелерді талқылауына және жаңа байланыстар орнатуына мүмкіндік берді. Ең бастысы, қатысушылар өз мүмкіндігін бағамдап, алдағы қадамын жоспарлауға қажетті ақпарат алды.

«Әйелдер әлеуеті» жобасының қорытынды форумы аяқталғанымен, оның аясында басталған жұмыстардың жалғасын табуы маңызды. Өйткені әйелдің білім алып, кәсіп бастап, қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау – тек жеке адамның емес, тұтас өңірдің дамуына ықпал ететін ортақ міндет. Әйелдің әлеуеті ашылған сайын отбасының да, қоғамның да мүмкіндігі кеңейе түседі.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»