Қазақстанда диабетке шалдыққандар саны артып келеді

Қазақстанда артық салмақ пен семіздік мәселесі өзекті болып отыр. Ересек тұрғындардың жартысынан астамында артық салмақ бар немесе семіздік анықталған. Ал 2-типті қант диабетімен ауыратындар саны бір жылда 9 пайызға өскен.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде елімізде 2-типті диабетке шалдыққан 500 мыңнан астам адам дәрігерлік бақылауда тұр. Мамандар семіздіктің тек сыртқы келбетке қатысты мәселе емес екенін ескертеді. Ол қант диабеті, жүрек-қантамыр және бүйрек ауруларының дамуына әсер ететін негізгі қауіп факторларының бірі.

Әсіресе ішкі ағзалар айналасына жиналатын висцеральды майдың шамадан тыс көбеюі денсаулыққа кері әсер етеді. Бұл инсулинге төзімділікті арттырып, қандағы қант деңгейі мен артериялық қысымның жоғарылауына әкелуі мүмкін.

Осы деректер 14 қарашада аталып өткен Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күніне орай жарияланды. Мамандар аурудың алдын алу үшін денсаулықты тұрақты бақылаудың маңызын атап өтеді. Атап айтқанда, 35 жастан асқан азаматтарға ашқарынға қандағы глюкоза деңгейін және гликирленген гемоглобин көрсеткішін жүйелі түрде тексеріп отыру ұсынылады.

Дәрігерлердің айтуынша, қант диабетін ерте анықтау және қауіп факторларын бақылау аурудың асқыну қаупін азайтуға мүмкіндік береді.