Арманын өнермен өрнектеген жан

Арманға жетудің жасы болмайды. Оған табандылық, ізденіс пен өз ісіңе деген сүйіспеншілік қажет. Қарағанды облысы Ақтас кентіндегі Отбасылық оқу кітапханасының қызметкері Оксана Борщ осыны өз өмір жолымен дәлелдеп жүрген жандардың бірі. Мәдениет саласында жиырма жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан ол кітапхана жұмысын шығармашылықпен ұштастырып, балаларды сурет салу мен қолөнерге баулып жүр. Бір қызығы, бала күнгі суретші болу арманын ол елу жасында жүзеге асыра бастаған.

Оксана Васильевна үшін кітапхана – тек кітап сақталып, оқырманға ұсынылатын орын емес, шығармашылық қабілетті шыңдап, жаңа идеяларға жол ашатын ерекше орта. Көп жылдан бері мәдениет саласында еңбек етіп келе жатқан кейіпкеріміз кәсіби қызметімен қатар, қолөнер мен бейнелеу өнеріне де айрықша көңіл бөледі. Оның айтуынша, адам өзіне ұнайтын іспен айналысқанда ғана еңбегінен ерекше ләззат алып, жаңа белестерге ұмтылады.

Сурет салуға деген қызығушылығы Оксанада бала кезінен болған. Алайда ауылдық жерде бұл өнерді кәсіби тұрғыда үйренуге мүмкіндік болмағандықтан, арманы кейінге шегеріле берген. Дегенмен ол қылқаламға деген ықыласын жоғалтқан емес. Көп жыл өткен соң кітапханадағы шығармашылық орта оның бала күнгі арманына қайта оралуына себеп болды.

Бұл жолдағы маңызды қадам 2023 жылы жасалды. Сол жылы Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған арт-марафонға қатысқан Оксана Васильевна сурет өнерінің жаңа қырларымен танысады. Әсіресе суретші Татьяна Бакалкинаның ерекше көлемді туындылары оған үлкен әсер қалдырып, осындай картиналар жасауды үйренуге деген қызығушылығын оятады. Кейін кітапхана жанындағы Шеберлер клубының жетекшісі Элина Шевченкомен және суретші Татьяна Бакалкинамен танысып, шығармашылық байланыс орнатады. Осылайша, көптен күткен арманына қарай алғашқы қадамдарын жасайды.

– Мен бала кезімнен сурет салуды армандадым. Бірақ ауылдық жерде оны үйренуге мүмкіндік болмады. Уақыт өте келе бұл арманым кейінге қала берді. Соған қарамастан, сурет салуға деген қызығушылығым ешқашан жоғалған емес. 2023 жылы өткен арт-марафон мен үшін үлкен өзгерістің бастауы болды. Сол жерде Татьяна Бакалкинаның жұмыстарын көріп, осындай әдемі, көлемді картиналар жасауды үйренгім келді. Сөйтіп, елу жасымда көптен күткен арманымды жүзеге асыруға кірістім. Элина Шевченко мен Татьяна Бакалкинаға алғысым шексіз. Олармен танысуым шығармашылық жолыма тың серпін берді. Жаңа адамдармен араласып, тәжірибе жинақтадым, бұрын білмеген өнер түрлерін меңгердім. Қазір әр демалыс күнімді асыға күтемін. Өйткені өнер студиясына барып, шығармашылықпен айналысқанда ерекше шабыт аламын, – дейді Оксана Васильевна.

Бүгінде ол бос уақытын өнер студиясында өткізіп, жаңа туындылар жасауға ден қойған. Оның картиналарына тән басты ерекшелік – әсемдік пен жылылықты, қуаныш пен жақсы көңіл күйді жеткізуге ұмтылуы. Кейіпкер үшін шығармашылықтың мәні тек әдемі дүние жасаумен шектелмейді. Ол өз еңбегі арқылы көрерменге жағымды әсер сыйлап, айналасына ізгілік пен сұлулықты дәріптеуді мақсат етеді.

Оксананың еңбек жолындағы тағы бір маңызды бағыт – балалармен жұмыс. Кітапхана жанындағы шығармашылық үйірмелерде ол жас өрендерді сурет салуға, қолөнер бұйымдарын жасауға баулиды. Қарапайым материалдардың өзінен әдемі дүниелер құрастыруды үйретіп, әр баланың бойындағы қабілеттің ашылуына ықпал етеді. Үш жылға жуық уақыттан бері осы бағытта жұмыс істеп келе жатқан ол балалардың шығармашылық ізденісіне ерекше мән береді.

– Балалармен жұмыс істеу маған үлкен қуаныш сыйлайды. Әр баланың бойында белгілі бір қабілет бар. Ең бастысы – соны байқап, дамытуға көмектесу. Мен оларға сурет салуды, қолөнер бұйымдарын жасауды үйретемін. Қарапайым материалдардан әдемі дүние жасап шыққанда балалардың қуанышын көрудің өзі ерекше бақыт. Олардың өзіне деген сенімі артып, қиялы дамығанын қалаймын. Басты мақсатым – шығармашылықты тоқтатпай, үнемі жаңа нәрсе үйрену, әдемі картиналар жасау. Өз туындыларым арқылы адамдарға жылылық пен қуаныш сыйлағым келеді. Сонымен қатар балалардың өнерге қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға үлес қосуды жалғастырамын, – дейді кейіпкеріміз.

Шынында да, ұстаздықтың мәні – дайын білімді жеткізумен ғана шектелмей, шәкірттің бойындағы қабілетті танып, оны дамытуға жол көрсету. Оксана Васильевна да балаларға сурет салудың әдіс-тәсілдерін үйретумен қатар, өз қолымен бұйым жасауға, ізденуге, еңбектенуге баулиды. Бұл – жас ұрпақтың шығармашылық ойлауын қалыптастыруға ықпал ететін маңызды жұмыс.

Кейіпкердің қолынан шыққан картиналарға да қызығушылық танытатындар бар. Ол дайын туындыларын интерьерді безендіруге немесе сыйлық ретінде ұсынуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тапсырыс берушілердің жеке қалауына қарай арнайы жұмыстар да орындайды. Бұл оның шығармашылық еңбегінің сұранысқа ие бола бастағанын көрсетеді.

Оксана Борщтың өмір жолы – арманға жетудің ешқашан кеш еместігінің айқын мысалы. Жиырма жылдан астам уақыт мәдениет саласында еңбек етіп, кітапхана жұмысына үлес қосып жүрген ол өз шығармашылығы арқылы да қоғамға пайдасын тигізуде. Бір жағынан, өзі сүйген өнерді дамытса, екінші жағынан, сол өнердің шуағын балалармен бөлісіп келеді.

Еңбек адамының қадірі тек атқарған жұмысымен емес, айналасына тигізген пайдасымен де өлшенеді. Ал Оксана Васильевна үшін ең үлкен жетістік – өз арманын жүзеге асырып қана қоймай, өзгелердің де қабілетін ашуға ықпал ету. Оның еңбегі мен ізденісі кейінгі буынға табандылықтың, шығармашылыққа адалдықтың және сүйікті ісіңе деген құрметтің үлгісі болып отыр.

Айдын ТОНТАЙТЕГІ,

«QH»