Алаш мұрасын ұлықтаған тағылымды кеш

Қарағандыда Алаш қозғалысының көрнекті өкілі, заңгер, Алашорда үкіметінің мүшесі, қазақтан шыққан тұңғыш құқықтану магистрі Жақып Ақбаевтың туғанына 150 жыл толуына орай «Алаштың арда туған арысы» атты кездесу-конференциясы өтті. Тағылымды шарада тарихи тұлғаның өмір жолы, ел азаттығы жолындағы күресі мен ұлт тарихындағы орны кеңінен сөз болды.

Шараны Бауыржан Момышұлы атындағы кітапхана ұйымдастырды. Кездесудің негізгі мақсаты – Жақып Ақбаевтың өмірі мен қоғамдық қызметін жас ұрпаққа таныту, тарихи мұрасын насихаттау, өскелең буынның бойында ұлттық сана мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру.

Тағылымды кеш Жақып Ақбаев атындағы жалпы білім беретін мектептің жанынан құрылған «Шабыт» ансамблінің орындауындағы Құрманғазының «Адай» күйімен ашылды. Екі бөлімнен тұратын конференцияның алғашқы бөлігі «Алаштың айбынды тұлғасы – Жақып Ақбаев» тақырыбына арналды.

Кештің құрметті қонағы – «Алаш арысы Ақбаев» кітабының авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, «Парасат» орденінің иегері, Қарағанды облысының құрметті ардагері Сүйіндік Жанысбай болды.

Кітаптың таныстырылымы барысында қаламгер Жақып Ақбаевтың өмір жолы мен қоғамдық қызметіне тоқталып, оның ел мүддесі жолындағы күресі, заң саласына қосқан үлесі және Алаш қозғалысындағы орны туралы әңгімеледі. Сондай-ақ автор еңбектің жазылу тарихымен бөлісіп, кітаптың тарихи әрі тәрбиелік маңызына тоқталды. Кездесуге қатысушылар қаламгерге көкейлеріндегі сауалдарын қойып, еркін пікір алмасты.

Конференцияның екінші бөлімі «Ұлт қайраткерінің тағылымды жолы» тақырыбымен жалғасты. Бұл бөлімде қатысушылардың зерттеу және ізденіс жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды.

Атап айтқанда, Айгүл Хасен «Жақып Ақбаев – Алаштың заңгері және мемлекетшіл тұлға» тақырыбында баяндама жасап, қайраткердің құқық саласындағы қызметі мен ел басқаруға қатысты көзқарастарын тарқатты. Асқар Абылсейтов «Қапастағы қайсарлық: Жақып Ақбаевтың өмір жолы – ұлтқа қызмет етудің үлгісі» атты зерттеу жұмысын таныстырып, тарихи тұлғаның қайсар мінезі мен ұлт мүддесі жолындағы күресіне тоқталды. Ал Жақып Ақбаев атындағы жалпы білім беретін мектептің кітапхана меңгерушісі Гүлжанат Жолдыбекова «Алаштың арда арысы – ұлт жадындағы тарихи тұлға» тақырыбында ой толғап, қайраткер мұрасының бүгінгі ұрпақ үшін маңызын атап өтті.

Шара барысында жас бүлдіршіндердің Жақып Ақбаевқа арнаған өлеңдері мен тақпақтары да көпшілік назарына ұсынылды. Олардың тарихи тұлғаға деген құрметі кештің мазмұнын аша түсті. Сонымен қатар «Шабыт» ансамблі Құрманғазының «Адай» күйін орындап, «Атамекен» әнін шырқап, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Кездесу барысында Сүйіндік Жанысбай Жақып Ақбаевтың қайраткерлік жолы мен оның кейінгі ұрпаққа берер өнегесі туралы пікір білдірді.

«Жақып Ақбаев – қазақ тарихындағы орны ерекше тұлғалардың бірі. Ол заңгер ретінде де, Алаш қозғалысының қайраткері ретінде де ұлт мүддесі үшін қызмет етті. Оның өмір жолы – елін сүюдің, әділдікке ұмтылудың, халық алдындағы жауапкершілікті сезінудің жарқын үлгісі. Сондықтан мұндай тарихи тұлғаларды жас ұрпаққа таныту – біздің азаматтық әрі рухани міндетіміз. Жақып Ақбаевтың өнегелі өмірі жастарды білімге, табандылыққа және отаншылдыққа тәрбиелейді. Тарихты білу – болашақты бағамдаудың негізі. Жас ұрпақ Алаш арыстарының қандай мақсатпен күрескенін, ел болашағы үшін қандай жауапкершілік арқалағанын түсінуі керек. Кітап арқылы да, осындай тағылымды кездесулер арқылы да тарихи сананы қалыптастыруға болады», – деді қаламгер.

Жиын соңында қатысушылар Жақып Ақбаевтың өмірі мен қоғамдық қызметі – кейінгі ұрпаққа өнеге болатын тарихи мұра екеніне тоқталды. Оның есімін ұлықтау, еңбегін зерттеп, өскелең буынға таныстыру – ұлт тарихына деген құрметтің көрінісі.

Алаш арыстарының мұрасын насихаттау – өткенді еске алумен ғана шектелмейді. Бұл – елдік сананы жаңғыртып, жас ұрпаққа тәуелсіздіктің қадірін ұғындырудың маңызды жолы. Жақып Ақбаевтың тағылымды өмір жолы да білімге ұмтылудың, ұлт мүддесіне адал қызмет етудің және азаматтық ұстанымды берік сақтаудың үлгісі болып қала береді.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,

«QH»