Қарлы маусымның қамы: Қарағанды қысқа дайын ба?
Қарағандыда қысқы маусымға дайындық жұмыстары аяқталып, коммуналдық қызметтер қарлы кезеңге сақадай сай тұр. Арнайы техника жасақталып, жұмыс күші мен қажетті материал қоры әзірленген. Қараша айының басында жауған алғашқы қар қала қызметтерінің дайындығын байқатса, алдағы уақытта негізгі міндет – көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Қар жауып, күн суытқан шақта қаланың тыныс-тіршілігі де өзгереді. Әсіресе қысы қатал Қарағандыда коммуналдық қызметтердің жұмысына түсетін жүктеме арта түседі. Таңертең тұрғындардың жұмысқа кедергісіз жетуі, оқушылардың мектепке қауіпсіз баруы, қоғамдық көліктің қалыпты қатынауы – мұның бәрі қысқы тазалық жұмыстарының уақытылы әрі сапалы атқарылуына байланысты.
Қараша айының басында жауған алғашқы қар коммуналдық қызметтер үшін маусымның алғашқы сынағы болды. Сол кезде қала көшелерін тазалауға шамамен 200 арнайы техника мен 370 жұмысшы жұмылдырылып, жұмыстар екі ауысыммен ұйымдастырылды. Дегенмен бұл – қысқы маусымдағы ауқымды жұмыстардың бастамасы ғана. Қар қалың түсіп, боран соғып, көктайғақ күшейген кезде коммуналдық қызметтердің жұмысы одан әрі қарқын алмақ.
Қазыбек би ауданында қысқы жол күтіміне арналған 185 арнайы техника әзірленген. Қажет болған жағдайда қосымша 120 трактор тарту мүмкіндігі бар. Қысқы жүктеме артқан кезде жұмысшылар санын 200-ден 220 адамға дейін көбейту жоспарланған. Сонымен қатар аудан бойынша 20 мың тоннадан астам құм-тұз қоспасы дайындалған.
Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, коммуналдық қызметтердің жұмысы ауа райы жағдайына қарай үйлестіріледі. Қар қалың жауған күндері қосымша техника мен жұмыс күші жұмылдырылып, жолдарды тазалау жұмыстары күшейтілген тәртіпте жүргізіледі.
Әлихан Бөкейхан ауданында да қысқы маусымға қажетті дайындық жүргізілген. Мұнда 150 арнайы техника қарастырылып, қажеттілік туындаған жағдайда тағы 80 техника жалға алынбақ. Ал алғашқы қар жауған кезде көшелерді тазалауға 69 техника мен 100 жұмысшы шыққан. Көктайғақтың алдын алу үшін 25 мың тоннадан астам құм-тұз қоспасы әзірленген.
Бұған қоса ауданның коммуналдық техника паркі екі жаңа әмбебап Boschung машинасымен толыққан. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, аталған техниканың артықшылығы – жыл он екі ай пайдалануға жарамды. Жаз мезгілінде көшелерді сыпырып, жууға мүмкіндік берсе, қыс кезінде қар тазалап, жолдарға көктайғаққа қарсы қоспа себуге қолданылады. Яғни, бір техника бірнеше міндетті қатар атқара алады.
Қысқы тазалық жұмыстарының сапасы ең алдымен тұрғындар күнделікті пайдаланатын аумақтардан көрінеді. Негізгі көшелерді қардан аршу жеткіліксіз. Аялдамаларға апаратын жолдар, жаяу жүргіншілер өткелдері, тротуарлар мен аулалар да назардан тыс қалмауы керек. Әсіресе қар еріп, қайта қататын кезеңде мұз қатудың алдын алу маңызды. Себебі тұрғындардың қауіпсіз қозғалысы осы жұмыстардың жүйелі ұйымдастырылуына тікелей байланысты.
Қаладағы саябақтар мен скверлерді күтіп ұстау да қысқы маусымдағы міндеттердің бірі. Алғашқы қар жауған күні қоғамдық демалыс орындарын тазалауға 192 жұмысшы мен 47 техника тартылған. Бұл аумақтардың қыс мезгілінде де таза әрі қауіпсіз болуы қала тұрғындары үшін маңызды.
Жалпы, қысқы тазалық жұмыстары бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен көлік қозғалысы үшін негізгі жолдар қардан аршылады. Одан кейін жол жиектеріндегі қар шығарылып, су ағатын арықтар мен жаяу жүргіншілер жолдары ретке келтіріледі. Бұл жұмыстардың әрқайсысы өзара байланысты. Бір кезеңдегі кідіріс келесі жұмыстың орындалуына да әсер етуі мүмкін. Әсіресе күндіз еріп, түнде қайта қататын қар мен мұз коммуналдық қызметтерден шапшаңдық пен тұрақты бақылауды талап етеді.
Қарағандының қысқы маусымға дайындығы техника саны, жұмыс күші және материал қоры арқылы бағаланғанымен, оның нақты нәтижесі қарлы күндерде көрінеді. Тұрғындар үшін ең маңыздысы – көшелердің уақытылы тазалануы, жиналған қардың дер кезінде шығарылуы, аялдамалар мен тротуарлардың қауіпсіз болуы.
Қыс – коммуналдық қызметтердің жұмысын ғана емес, қалалық инфрақұрылымның дайындығын да сынайтын кезең. Сондықтан қысқы тазалық жұмыстарының сапасы қағаз жүзіндегі көрсеткіштермен емес, күнделікті атқарылған істің нәтижесімен өлшенеді. Қала көшелерінің қауіпсіздігі мен тұрғындардың жайлы қозғалысы – осы маусымдағы басты міндет.
Балхаш РАХЫЖАНОВ,
«QH»

