Жолдауды іске асыру тетіктері: Қарағандыда негізгі басымдықтар талқыланды

Ауқымды бастамалардан әр тұрғынның өміріне әсер ететін нақты шешімдерге дейін. Қарағандыда республикалық ақпараттық-насихат тобының облыс активімен кездесуі өтті. Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген міндеттерді өңірде жүзеге асыру жолдары талқыланды. Инфрақұрылымды жаңғырту, экономиканы әртараптандыру, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, цифрландыру және әлеуметтік қолдау мәселелеріне басымдық берілді. Сондай-ақ 2029 жылға дейін шамамен 6,5 триллион теңге бағыттау көзделген «Халықтық құрылыс» бағдарламасының мүмкіндіктері сөз болды.

Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен жиынға Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері және орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Кездесудің басты мақсаты – Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді саралап, оларды Қарағанды облысында іске асырудың нақты тетіктерін айқындау.

Облыс әкімі өңір үшін Жолдауда белгіленген бес негізгі бағытты атап өтті. Олар – инфрақұрылымды жаңғырту, экономиканы әртараптандыру, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, адами капиталды дамыту және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру. Әкімнің айтуынша, бұл міндеттер өзара тығыз байланысты және облыстың алдағы даму бағдарын айқындайды.

«Қарағанды облысы үшін Жолдаудан туындайтын негізгі міндеттер бес бағытты қамтиды. Олар – инфрақұрылымды жаңғырту, экономиканы әртараптандыру, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, адами капиталды дамыту және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру. Бұл бағыттар бір-бірімен тығыз байланысты және өңірдің алдағы даму бағдарын айқындайды», – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Жиында әлеуметтік саясатты жаңарту мен мемлекеттік басқару сапасын арттыру мәселесіне де назар аударылды. Атаулы қолдау көрсету, инфрақұрылымды дамыту және басшылардың дербес жауапкершілігін күшейту халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етуі тиіс. Осы ретте Құрылтай депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов Жолдаудың жаңа саяси кезеңдегі маңызына тоқталды.

«28 қазандағы Жолдаудың үлкен ерекшелігі бар. Бұл – жаңа Конституция күшіне енгеннен кейінгі алғашқы Жолдау. Еліміздің саяси жүйесі жаңғырды, жаңа мемлекеттік институттар құрылды. Енді алдымызда өте ауқымды міндеттер тұр. Бұл өзгерістер нақты нәтиже беруі керек. Оны тек Астана мен ірі қалалардың тұрғындары ғана емес, Теміртаудағы металлург те, Шахтинскідегі кенші де, Сарандағы кәсіпкер де, Абайдағы мұғалім де, ауылдағы қарапайым азаматтар да сезінуі қажет. Мемлекет басшысы осы мәселеге баса назар аударып отыр», – деді Асхат Аймағамбетов.

Кездесуде кеңінен талқыланған бастамалардың бірі – «Халықтық құрылыс» бағдарламасы. Бұл жоба аясындағы құрылыс жұмыстары жергілікті кәсіпорындарға қосымша тапсырыс беруге, өндірістік кооперацияны кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Құрылтай депутаты Александр Данилов өңірдің өндірістік әлеуетін осы үдеріске барынша тарту қажеттігін атап өтті.

«Жалпы алғанда, бұл ауқымды құрылыс Қарағанды облысы үшін ерекше мүмкіндіктер ашады. Біздің өңірдің өндірістік дәстүрі, инженерлік мектебі мен білікті еңбек тәжірибесі мол. Жаңа кезеңде мұның бәрі елге өте қажет. Құрылыс металға, құрылыс материалдарына, жабдықтарға, тасымалға және жобалауға деген сұранысты арттырады. Ал біздің міндетіміз – осы сұраныстың отандық кәсіпорындарға, жергілікті бизнеске және мамандарымызға жұмыс пен тапсырыс әкелуін қамтамасыз ету», – деді Александр Данилов.

Әлеуметтік саясатты жетілдіру мәселесі де күн тәртібінен тыс қалған жоқ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаевтың айтуынша, мемлекеттік қолдау мұқтаж азаматтарға көмек көрсетумен шектелмеуі керек. Негізгі міндет – адамдардың өз әл-ауқатын өз күшімен жақсартуына жағдай жасау. Бұл үшін әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, еңбек ету мүмкіндіктерін кеңейту және мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалану көзделіп отыр.

«Әлеуметтік саясат мұқтаж азаматтарды қолдаумен қатар, олардың өз әл-ауқатын өз бетінше арттыруына жағдай жасауға бағытталуы тиіс. Осы ретте мемлекет ресурстарын тиімді пайдалану, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және азаматтардың еңбек ету мүмкіндіктерін кеңейту басты басымдыққа айналады. Қазір Премьер-министрдің орынбасарының төрағалығымен жұмыс тобы құрылып, белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Отбасының әлеуметтік әл-ауқатын айқындау әдістемесі жетілдірілді. Қазіргі уақытта отбасылардың материалдық жағдайын ескере отырып, оған қосымша түзетулер енгізілуде», – деді Бахтияр Жазықпаев.

Халықтың нақты табысын арттыруға қатысты жоспарлар жөнінде Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев баяндады. Оның сөзінше, Үкімет пен министрліктің басты мақсаты – ел экономикасының өсуі әрбір қазақстандық отбасының әл-ауқатынан көрініс табуы. Осы бағыттағы шаралардың бірі ретінде 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі айлық жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін арттыру көзделген. Бұл шешімді жүзеге асыруға қажетті қаражат алдағы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасында қарастырылып жатыр.

«Нақты табысты арттыру бойынша жұмыстың ең маңызды басымдығы – халықтың нақты табысын өсіру. Үкімет пен министрліктің басты мақсаты – елдің экономикалық өсуі әрбір қазақстандық отбасының әл-ауқатына тікелей әсер етуі. Осыған байланысты 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ең төменгі айлық жалақы мөлшері 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін артады. Осы шешімді іске асыруға қажетті қаражат алдағы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасында қазірдің өзінде көзделіп отыр», – деді Ерлан Сағынаев.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі басқармаларға, қала және аудан әкімдеріне Жолдауды іске асыру бойынша нақты мерзімдері мен жауапты тұлғалары көрсетілген жоспар-кестелер әзірлеуді тапсырды. Оның айтуынша, жұмыста озбырлық пен бюрократияға жол берілмеуі керек, ал әр басшы өзіне жүктелген міндет үшін дербес жауап береді. Кездесу барысында айтылған ұсыныстар өңірдің Бірыңғай іс-шаралар жоспарына енгізіледі.

Басты міндет – Жолдауда белгіленген бастамаларды қағаз жүзінде қалдырмай, нақты іске асыру. Әрбір жоба мен шешімнің нәтижесі қарағандылықтардың күнделікті өмірінен көрініс табуы тиіс.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»